«Құтты мекен» көмектеседі

Уақыты: 26.12.2023
Оқылды: 406
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Облыста жұмыспен қамту бағдарламасы аясында көптеген шара жүргізілуде. Халқының саны 698,5 мың адамды құрайтын өңірдегі жұмыссыздар саны – 16 502 адам. «Электрондық еңбек биржасы» порталында 2 281 адам онлайн оқытылды. Грант алудың басты критерийі «Бастау Бизнес» жобасымен кәсіпкерлікті меңгерту. Аталған жобамен 3 809 адам білім алды. Былтыр жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 219 адамға берілген грантты мүгедектігі бар 38 адам алған. Одан бөлек, атаулы әлеуметтік көмекті алушы 18, 129 көпбалалы отбасы, мүгедек балалар тәрбиелеп отырған 25 ата-ана, асыраушысынан айырылған 9 адам бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында берген тапсырмасын іске асыру мақсатында жастарға  микронесие беру жүзеге асырылуда. Осы мақсатта облыс бойынша 1 млрд. 245 млн. теңгеге  249 микронесие беру жоспарланған. Бүгінгі таңда 268 бизнес-жоба мақұлданып, нәтижесінде 260 адам шағын несие алды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаевтың айтуынша, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 8 484 адамды уақытша жұмысқа орналастыру жоспарланған.

– 9 айдың қорытындысы бойынша субсидияланған жұмыс орындары 8 828 адамды жұмысқа қабылдады. Биылғы 1 қазанда жастар практикасына 629, алғашқы жұмыс орындарына 33 адам алынды. Аз қамтылған 17,6 мың азаматқа әртүрлі әлеуметтік көмек көрсетілді. Сонымен қатар, биыл жергілікті бюджет есебінен сатып алынған 11 жаңа «Инватакси» автокөлігі аудандар мен қалаларға тапсырылды. Наурыз айында «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры 3 «Инватакси» автокөлігін берді. Бүгінгі таңда «Инватаксимен» 2503 адам қамтылды, – деген Ермек Әрінханұлының айтуынша облыста арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 13 мекеме жұмыс істейді. Күндізгі болу орталықтарында 112 адамға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілген. Үй-күйі жоқ адамдарға жәрдемдесу басты назарда.

«Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығында» 204 адам арнаулы әлеуметтік қызмет алды. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығында» жыл басынан бері 108 адам қызмет алған. Биыл сапалы әлеуметтік қызметтер көрсету мақсатында Алакөл аудандық әкімдігінің Алакөл жағалауындағы бұрынғы резиденциясында 35 орынды жазғы сауықтыру лагерін аштық. Жаз кезінде бұл лагерь 127 баланы тегін қабылдады.

Сондай-ақ, биыл Талдықорған қаласында «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп аутизм және басқа да ментальді  бұзылулары бар балаларға арналған 125 орынды күндізгі болу орталығы ашылды. Бүгінде онда 78 бала көмек алуда. Бұдан басқа, «Асар» спорттық-оңалту кешені мүгедектігі бар азаматтарға қызмет көрсетеді. Мүгедектігі бар адамдарға оңалту қызметтерін көрсетуге биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 80 млн. теңге бөлінді. Сондай-ақ, Талдықорған қаласында 300 адамға, оның ішінде 54 балаға оңалту қызметі көрсетілді.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қандас мәртебесін беру немесе ұзарту шарасымен де айналысады. Этникалық қазақтарға «Қандас мәртебесін беру» «Құтты мекен» автоматтандырылған жүйесінің мобильдік қосымшасы немесе ҚР шетелдердегі консулдығы арқылы беріледі. Ал, қандас мәртебесін ұзарту «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясында» жүзеге асырылады. Жыл басынан 330 отбасындағы 584 этникалық қазаққа «қандас» мәртебесі берілді немесе ұзартылды. Басқарма тарапынан ішкі көші-қон үрдісін реттеу жұмыстары да атқарылуда. Еңбек ресурстары аз өңірлерге қандастарды қоныстандыруға орай сәуір-мамыр айларында Ақсу, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Сарқан және Талдықорған, Текелі қалаларында өңіраралық бос орындар жәрмеңкесі өткізілді. Нәтижесінде, жыл басынан бері облыстан солтүстік-шығыс өңірлерге 123 отбасы қоныс аударды.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Үкіметтің әлеуметтік қолдау көрсету бағдарламаларын жүзеге асырумен айналысады. Сондай-ақ, аз қамтылған, мүгедектігі бар адамдардың талап-тілегі басқарма мамандарының назарында. Облыс басшысы бастамасымен қоғамдық орындарға кіріп-шығатын пандустар орнату назарға алынды. Іске немқұрайды қарайтындарға шара қолданылды. Осылайша тұрғындарды әлеуметтік қолдау,  елді мекендердің жайлылығын қалыптастыру барысында ұшан-теңіз шаруа атқарылып жатыр.

Гүлжан ТҰРСЫН
Фото: gov.kz