Еріктілер марапатталды

Уақыты: 29.12.2023
Оқылды: 777
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Еріктілік халқымызға жаңадан келген ұғым емес. Болмысына ана сүтімен дарып, баба өсиетімен ғасырлар көшінде бірге жасаған құндылығы. Қарғыс емес, алғыс алуды басты мақсат еткен жетісулық еріктілер көптің батасын алып, жемісті еңбек етуде. Мұқтажға жәрдем беріп, жақын жанға жанашыр болып жүрген жастармен облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ арнайы кездесті.

Жастардың волонтерлік ұйымдарды біріктіру, олардың бастамаларын қолдау мақсатында белсенді жұмыс атқарып жатқан «Мейірімді Жетісу» аймақтық волонтерлар фронт-офисі де осы маңызды міндетті орындауға зор үлес қосуда. Қазір облысымызда 4900-ге жуық волонтер тіркелген. Жыл басынан бері еріктілердің қатысуымен мәдениет, білім, экология, денсаулық сақтау саласынан 5200-ден астам іс-шара өткізілді. Жүздеген көпбалалы, аз қамтылған отбасылар мен жалғыз басты қарттарға көмек көрсетілді.

Қазіргі таңда өңірімізде бірқатар ірі волонтерлік ұйымдар қарқынды жұмыс атқаруда. Динара Бакирова жетекшілік ететін «Алтын Адам Жетісу шеберлер орталығы» мен «Kaz.Eco.Patrul» еріктілер қозғалысы инклюзивті білім берумен, церебралды сал ауруы диагнозымен күресіп жатқан, аутизм, даун дертіне шалдыққан балалар мен олардың ата-аналарын тегін оқыту, шығармашылық дағдыларын дамыту, қол өнерді дәріптеумен айналысса, «Дармарка» әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасыларына тегін киім-кешек тарату сынды салмақты жүкті арқалап келеді. Осындай қайырымдылық шарасын ұйымдастырып жүрген мейірімді жандарға алғыс айтамын, – деді облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлы.

Волонтерлік ұйымдарға 8 бағыт бойынша әр жобаға 300 мың теңге көлемінде шағын гранттар табысталған. Келер жылы да бұл үрдіс өз жалғасын табады.

Кездесуде еріктілер атқарған жұмыстарын баяндап, облыс әкіміне ұсыныс-тілектерін жеткізді. Еріктілер өтінішін мұқият тыңдаған аймақ басшысы аудан, қалаларда волонтерлерді жеке кабинетпен қамту мәселесін аудан, қала әкімдеріне шұғыл шешуді тапсырды. Сонымен қатар, волонтерлік салаға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемін келесі жылға екі есеге арттыруды облыстық Қоғамдық даму басқармасы жүктеді.

Өлшеусіз еңбек еткен еріктілерді облыс әкімі Бейбіт Өксікбаев арнайы марапатты. «Жыл волонтері» номинациясымен «Милосердие» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Әсел Бәрібаева марапатталды. «LIDER.KZ» волонтерлер орталығының координаторы Ирина Мордасова «Үздік волонтерлік ұйым» атанса,  «Харекет» қайырымдылық қорының облыстағы филиалының басшысы Стас Ерухин «Мейірімді жүрек» номинациясын иеленді.

Еңлік КЕНЕБАЙ
Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай