Тілек қабыл болған күн

Уақыты: 29.12.2023
Оқылды: 901
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Дәстүр бойынша Жаңа жыл қарсаңында еліміздің барлық аймағында «Тілектер шыршасы» орнатылады. Сол жерге балалар өз тілектерін жазып қалдырады. Биыл да аталған жоба аясында Мемлекет басшысының атына Қазақстанның түкпір-түкпірінен көптеген хат жолданды. Соның ішінде облысымыздағы 5 бүлдіршіннің тілегі орындалды. Осыған орай облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ сыйлықтарды иелеріне табыстады.

Салтанат сарайында өткен жиында облыс әкімі жылы лебізін білдіріп, Мемлекет басшысының жаңажылдық құттықтауын оқыды. 

– Айналайын балақай! Сені Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Осы тамаша мейрам өзіңді қуаныш пен шаттыққа бөлесін! Өмірің жарқын сәттерге толы болсын! Кітап оқы, спортпен шұғылдан, табиғатты аяла және  жақсылық жасауға ұмтыл. Білімпаз, еңбекқор, адал азамат бол. Асқақ армандарың ақиқатқа айналсын. Саған зор денсаулық, толағай табыс тілеймін, – делінген хатта.

Осыдан кейін облыс әкімі көпбалалы отбасынан шыққан балдырғандарға тәттілер мен хатта сұраған заттарын табыстады. Ел Президентінің атынан келген сыйлықты Текелі қаласынан Абылай Әбдірей, Талдықорғаннан Ақнұр Ерғалы, Ескелді ауданынан Айбек Сағынбек, Көксу ауданынан Сұңқар Сейтқан, Панфилов ауданынан Тұрсын Омар алды.  

А. НАЗАРҰЛЫ
Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай