Отандық өнімге сұраныс мол

Уақыты: 02.01.2024
Оқылды: 682
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысы ауылшаруашылық саласында мол өнім өндіретін аймақтың бірі. Шаншысаң шыбық өнетін жерден өнім алып, ел экономикасының дамуына үлес қосып жүрген шаруалар еңбегі ерен. 

Облыс бойынша биылғы өнім көрсеткіші былтырғымен салыстырғанда жоғары. Алайда орын алған кемшілік те жоқ емес. Соның бірі – жүгері өткізу мәселесі. Көтерілген мәселе дер кезінде шешімін тауып, шаруалар еңбегі қар астында қалған жоқ. Өнім құны арзан бағаланса да шаруалар еңбегі ақталды. Ауылшаруашылығы саласын қолдауға бюджеттен 34,5 миллиард теңге бөлінді. Егін шаруашылығында дақылдардың егіс көлемі 1,9 мың гектарға ұлғайды. 870 мың тоннадан астам астық, 175 мың тонна майлы дақыл, 533 мың тонна картоп және көкөніс-бақша дақылдары жиналды.

370 мың тонна тәтті түбір жиналып, қант зауыттарына 330 мың тонна өткізілді. Ақсу қант зауытында қамысты қайта өңдеу желісі орнатылып, 3 мың тонна қамыс шикізаты мен 1,8 мың тонна мазут алынды. Көксу, Ақсу қант зауыттары биыл 71 мың тонна қант өндіреді. Оның 42 мың тоннасы қызылша және 29 мың тонна қамыс қанты. Облыста 2004 мың гектар суармалы жер бар. Су беру үшін 54 гидротехникалық құрылым жұмыс істейді. Келешекте көлемі 116 миллион текше метр болатын 7 жаңа су қоймасын салу және 4 ауданда суару желілерін қайта жаңарту көзделген.

Мал шаруашылығы саласында өсу үрдісі жақсы. Мал басы 9,9% көбейген. Жалпы 562,4 мың бас ірі қара мал, 1,9 миллион бас ұсақ мал, 200,3 мың бас жылқы, 2,5 мың бас түйе бар. Облыста 36 мың басқа арналған 77 бордақылау алаңы мен 8,7 мың басқа арналған 38 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді.
Қой өткен жылмен салыстырғанда 2,7 пайызға артқан. Оның ішінде асыл тұқымды ұсақ мүйізді малдың үлесі 28%. Облыста 126 мың тоннадан астам ет, 300 мың тоннаға жуық сиыр сүті, 4 мың тонна жүн өндіріледі.

Облыста құс еті бағытында кәсіпорын жоқ. Аталмыш жобаның іске қосылуы облыстың құс етіне жылдық қажеттілігін толығымен жабар еді. Сондықтан да келер жылы 13 мың тонна ет өңдейтін құс фабрикасын салу бас жоспарға енгізілген.

Ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін 120 кәсіпорын жұмыс істейді. 10 айда 70,2 миллиард теңгенің тамақ өнімдері өндірілген. Бұл өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда  22,3% артық.

Азық-түлік келісімшарт корпорациясынан биыл облысқа бөлінген 3694 тонна астық толық алынып, 2221 тоннасы өңделді. Бүгінгі күнге 1304 тонна ұн 23 наубайханаға таратылды.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша облысқа 3,2 миллиард теңге қаражат қарастырылған. Бүгінгі күнге дейін аталмыш бағдарламаның 71%-ы игерілді. Биыл 13 ауылшаруашылығы кооперативі құрылды.

Экспортқа жыл басынан 27 мың тоннадан астам тамақ өнімдері шығарылды. Оның 8,5 мың тоннасы крахмал және уыт,       5,9 мың тоннасы майлы, 4,6 мың тоннасы дәнді дақылдар, 1,5 мың тоннасы балық өнімдері, 1 мың тонна көкөністер.

Өндірістен өндірілетін азық-түлік тауарларының 14 түрі облыс халқын толық қамтуға жеткілікті. Халықтың отандық өнімге деген сұранысы артуда. Бұл үлкен жетістік әрі қуаныш.

"Жетісу-Ақпарат"