Қоқыстан таза аймақ

Уақыты: 30.12.2023
Оқылды: 935
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысы аумағында типтік үлгідегі 7 полигон және қатты тұрмыстық қалдықтарды уақытша сақтауға арналған 182 алаң бар. Аталған 7 полигонның төртеуі сенімгерлік басқаруға, біреуі жарғылық капиталын ұлғайтуға берілген, екеуі жергілікті әкімдіктердің теңгерімінде.

Облыс бойынша аудан орталықтары мен ірі елді мекендер тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдаумен толық қамтылған. Аталған қызмет түрімен 21 кәсіпкер айналысады және 7 кәсіпкер сұрыптау, қайта өңдеумен шұғылданады. Сондай-ақ, Талдықорған, Үшарал, Сарқан қалаларына арналған полигон құрылысының жобасына және Текелі қаласындағы жабық полигонды рекультивациялау жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге 138,6 млн. теңге қажет. Биыл жобалау жұмыстарын бастау үшін облыстық бюджеттен 4,0 млн.теңге бөлінді.

«Қазақстан Ғарыш Сапары»  ҰК АҚ геопортал базасының деректеріне сәйкес облыс аумағында 149 қоқыс орны анықталып, 133-і жойылды, қалғаны бойынша  жұмыстар жалғасуда. Облыста ҚТҚ жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму тарифтері бекітілді. Санитарлық жұмыстарды тиісті деңгейде жүргізбегені үшін облыстық экология департаментімен бірлесіп, 33 материал бойынша лауазымды тұлғаларға әкімшілік хаттама толтырылды. Атап айтқанда, ҚР ӘҚБтК 324-бабы және 344-бабына сәйкес 5,0 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды.

Биылғы 16 қыркүйекте «World Cleanup Day 2023» экологиялық акциясы аясында сенбілік өткізілді. Облыс бойынша акцияға 31 934 адам қатысып, 883 шақырым автокөлік жолдары, 383 шақырым арық желілері тазаланды. Оған 352 арнайы техника жұмылдырылып, 1 802 тонна қоқыс шығарылды.

"Жетісу-Ақпарат"
Фото: gov.kz