Жылу мен электрден тарықпайды

Уақыты: 01.01.2024
Оқылды: 844
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісуда жылу желілерінің ұзындығы 390 шақырымды құрайды. Олардың  тозу деңгейі 50 пайыз. Аймақтағы орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіндегі негізгі жылу көздері жалпы қуаты 540 Гкал/сағ. болатын Текелі қаласындағы жылу электр орталығы және 23 орталықтандырылған қазандықтан келеді.

Нақтылап айтар болсақ, Текелі қаласындағы ЖЭО жекеменшікте, Алакөл ауданының Достық ауылындағы қазандық «Қазақстан теміржолы» АҚ балансында, қалғандары коммуналдық меншікте. Ағымдағы жылы Талдықорған мен Текелі қалалары және Алакөл, Панфилов, Сарқан, Қаратал, Ескелді аудандарындағы 10 жылумен жабдықтау нысанын жаңғырту, жаңадан салу және ағымдағы жөндеуге жергілікті бюджеттен 4,2 млрд. теңге бөлінді.

Облыста 13,7 мың шақырым электр желілері және 2,6 мың бірлік қосалқы стансы бар. Ағымдағы жылы электрмен жабдықтаудың 12 жобасын іске асыру үшін бюджеттен 2 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде Алакөл ауданында 2, Кербұлақ ауданында 1 және Панфилов ауданында 6 және Талдықорған қаласында 3 жоба бар.

Айта кетерлігі, туризм саласының дамуына байланысты Алакөл ауданындағы электр қуатын тұтыну күрт өсті және қолданыстағы желілердің өткізу қабілеті өсіп келе жатқан қажеттілікті қамтамасыз етуге қауқарсыздық танытты. Осы мәселені шешу үшін ауданда 2024 жылдан 2026 жылға дейін кернеуі 110 және 220 кВт әуе желілері мен қосалқы стансыларды салу жөніндегі жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру жоспарлануда.

Облыстағы электр желілері мен негізгі жабдықтардың 90 пайыздан астамы «ТАЭТК» АҚ өңірлік электр желілік компаниясының жекеменшігінде. Олардың тозуы 87,2 пайыз. Сондықтан тозуды едәуір төмендету үшін инвестициялардың жыл сайынғы сомасын ұлғайту жөнінде шаралар қабылданды. 

Жалпы, 2023 – 2025 жылдар аралығында инвестициялардың жалпы сомасы 11,7 млрд. теңгені құрады. Бұл алдағы уақытта өсе түсетін болады.

"Жетісу-Ақпарат"
Фото: kazatu.edu.kz