Тауар бағасын тұрақтандыру өзекті

Уақыты: 02.01.2024
Оқылды: 580
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстап тұру негізгі мәселенің біріне айналып отыр. Осы мақсатта облыс әкімдігімен бірлесіп, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті қаладағы әлеуметтік маңызы бар дүкендердегі  талаптың орындалу барысын тексерді. 

Мереке қарсаңында сауда орындары мен саудагерлер азық-түлік бағасын негізсіз өсіріп жатады. Бұған себеп Жаңа жыл жақындағанда күнделікті тұтынатын заттарға сұраныс 2-3 есеге дейін жоғарылайды. Облыста тұрақтандыру қорын қалыптастыру мақсатында ҚР Үкіметінің резервінен 1 млрд. теңге, облыстық бюджеттен 180 млн. теңге бөлінді. 1,4 млрд. теңге сомасына 4,1 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізуге келісімшарт жасалған. Соның ішінде 1,5 млн. теңге әлеуметтік нан «Сардар Export» ЖШС, 1 сұрыптағы 1450 тонна ұн «Сардар Export» ЖШС,  6283 тонна қант «Ақсуқант» ЖШС, 600 тонна тауық еті «Алатау Құс» ЖШС, 1 санаттағы 14 млн. дана жұмыртқа «Когер ЛТД» ЖШС, белгіленген бағамен 6566 тонна көкөніс Жетісу облысының 5 және Түркістан облысының 1 шаруа қожалығымен келісімшарт жасалды.

Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру мақсатында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына Жетісу облысы бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссия құрылған. Оның құрамына мемлекеттік кірістер, экономикалық тергеу, бәсекелестікті қорғау және дамыту, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, техникалық реттеу және метрология департаменті, Ұлттық статистика бюросы департаменті, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының өкілдері және Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары кірген.

Жыл сайын келісімшартқа отыратын өндіріс орындары Талдықорған қаласының 7 сауда нүктесінде, оның ішінде 4 әлеуметтік дүкен мен 3 базарда, яғни, «Коммуналдық», «Әлеуметтік» және «Көк базарда» тауарлар сатылады.

Сондай-ақ, 2024 жылдың қаңтарында Талдықорғанда тағы бір ірі әлеуметтік дүкен ашу жоспарлануда. Аталмыш дүкен «Самал» шағынауданындағы 43-үйде ашылмақ. Онда тауарлардың кең ассортименті арнайы белгіленген бағамен ӘМАТ-тың барлық түрі ұсынылатын болады.

Айғаным АЙТМҰХАН
Суретті түсірген Руслан ҚАДЫРОВ