Талдықорғанда жаңа жылға арналған мерекелік шара өтті

Уақыты: 31.12.2023
Оқылды: 3120
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгін Талдықорған қаласының "Жастар" саябағында «Қош келдің Жаңа 2024 жыл!» атты мерекелік шара өтті. Өңір тұрғындарын Жетісу облысының әкімі  Бейбіт Исабаев құттықтап, жылы лебізін білдірді.

2023 жылы жеткен жетістіктерді сөз еткен Бейбіт Өксікбайұлы: 

– Осы жыл облысымыз үшін елеулі табыстарға толы болды. Өткен он бір айдың қорытындысында экономикалық өсу қарқыны 113,9% жетіп, республикада 1-ші орынға шықтық. Осы жылда мыңдаған жетісулық отбасы баспана қуанышына кенелді. Мәселен, өткен 11 айдың ішінде 271,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, 24 елді мекеннің тұрғындары табиғи газға қол жеткізді,  балалар үшін 6 жаңа мектеп және медициналық нысандар ашылды, – деген облыс әкімі  келесі жылы да құрылыс қарқыны бәсеңдемейтінін, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстарды одан әрі жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді. – Алдағы уақытта да Жаңа Қазақстанды, әділетті Қазақстанды құру жолында бір мұрат, бір мүддеге жұмылып, бірлесе еңбек ететін боламыз. Жаңа жылда барлық арман-мақсаттарыңыз орындалып, бастамаларыңыз баянды болсын. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға игілік, молшылық, бақ-береке тілеймін!   

Өңір басшысы Бейбіт Исабаев саябаққа жиналғанған жұртшылықпен бірге мерекелік от шашуды тамашалап, жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына куә болды. 

Мәулен Әнербай
Суреттерді түсірген Жеңіс Ысқабай