БОРЫШКЕР ҚҰҚЫҒЫ ЗАҢМЕН ҚОРҒАЛАДЫ

Уақыты: 05.01.2024
Оқылды: 659
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ  «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген сұхбатында жұрттың қамы, өзекті мәселелер, елдің биылғы даму жоспарына басты назар аударылатыны жазылған. Маңызды сұхбатта елдегі барлық саланың жай-күйі қамтылған.

Әсіресе, Мемлекет басшысы азаматтардың қарызға белшеден батқанына қатты алаңдайтынын, несие нарығын реттеу саясаты қалай өзгеретінін айтты.

 «Мен 2019 жылы Мемлекет басшысы ретінде қол қойған алғашқы құжаттың бірі қиын жағдайға тап болған азаматтардың борышын азайту туралы Жарлық еді. Сол уақытта 500 мың адамның кепілсіз алған несиесі кешірілді», – деген Президент биыл да халықтың белшеден қарызға кірмеуі, несиені жеңілдету үшін бірқатар маңызды шаралар қабылдайтынын айтты.

Мәселен, борышкер құқығын қорғау үшін несие беру туралы заңнамаға түзету енгізілетіні, қарызын уақытылы өтей алмаған борышкерге 90 күннен әрі айыппұл салуға болмайтыны жазылған. Бұл да болса айлығын шайлығына жеткізе алмай отырған жұртшылыққа үлкен көмек. Қарапайым халық борышкерлердің құқығын қорғау үшін заңға өзгеріс енгізілсе деп жүруші еді. Елдің бұл ойы кең көлемдегі мақалада айтылды. Атап айтсақ, несиелерді коллектор компанияларына сатуды шектеу ұсынылмақ. Банк омбудсменнің өкілеттілігі де кеңейтіледі. Сондай-ақ, маңызды сұхбатта коллектор агенттіктеріне тұрақты тексеру жүргізілетіні, төлеу мерзімі өтіп кеткен берешегі бар адамдарға несие беруге тыйым салынғаны да сөз болды.

Жалпы борышкерлерге көптеген жеңілдік болатынын, олардың құқығы заңмен қорғалатыны жұртшылықты ерекше қуантты.

Әділет Сұлтанбек,
«Жетісу Медиа» МКК-нің конплаенс-офицері
Фото: azattyq-ruhy.kz