ӨТІНІШ АЯҚСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Уақыты: 05.01.2024
Оқылды: 610
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жақында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Сұлтан ДүйсеМбиНОв, Ғалиасқар Сарыбаев пен Амангелді Толамисов Жетісу облысына жұмыс сапарымен келіп, бірнеше ауданда және Талдықорған қаласында тұрғындармен кездесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдап, ойларымен бөлісіп қайтты.

Іс сапарын Кербұлақ ауданынан бастаған сенаторлар аудандық мәслихат депутаттарымен бас қосып, жиын өткізді. Келелі кездесуден соң өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып, ел жағдайын біліп қайтты. Сенат депутаттары Сарыөзек ауылында өткен жылы құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілген орталық стадионға ат басын бұрып, жаңа нысанды көрді. Заманауи үлгідегі аталмыш стадион «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасы аясында салынған. Бұл жер кешкі уақытта әртүрлі іс-шара өткізуге мүмкіндік беретін жарықтандыру қондырғыларымен жабдықталған. Түрлі жарыс өткізілетін ойын алаңына табиғи шөп жамылғысы төселген. 

Бұдан соң депутаттар Басши ауылына жол тартты. Халық қалаулылары Басши ауылында жаңадан қолданысқа берілген күрес залының жұмысымен танысты. Аталған нысанның құрылысына облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, «Бауыр құрылыс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасалып, құрылыс жүргізілген болатын. Сөйтіп, ол өткен жылдың жаз айында пайдалануға беріліп, бүгінде жұмыс істеп тұр. 
Жаңа нысанды тамашалап, оң баға берген депутаттар ауыл азаматтарының ұсыныс-тілектеріне де құлақ асып, айтқандарын назарға алды. Кездесу кезінде ауыл белсенділері негізінен интернет желісі сапасының сын көтермейтінін алға тартып, осы мәселенің оң шешімін табуына көмек көрсетілсе деген тілектерін жеткізді. Соңында алыстан ат терлетіп жеткен депутаттар кездесу барысында айтылған барлық ұсыныс-тілекке ден қойылып, күрделенген түйінді мәселенің тарқатылуына атсалысатынын айтты.

***

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ғалиасқар Сарыбаев пен Амангелді Толамисов Жаркент өңіріне келіп, «Аmanat» партиясының мәжіліс залында аудандық және облыстық мәслихат депутаттарымен кездесті. Кездесу барысында алдымен Сенат депутаттары Ғалиасқар Сарыбаев пен Амангелді Толамисов қабылданған жаңа заңдар жөнінде әңгімеледі. Сонымен қатар, Сенаттағы халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ғалиасқар Сарыбаев халықаралық жаңалықтарға да кеңінен тоқталды. Кездесу барысында жаркенттік мәслихат депутаттарының сауалдарына жауап беріп, ұсыныстарын жазып алды.

Жиында аудандық мәслихаттың депутаты Мақсат Сейітбек аудан халқына табиғи газ берудің қымбаттығын, депутат Арман Көпесбаев өңір халқының негізгі күнкөріс көзі жүгері өнімін шаруалардың тиімді бағада өткізе алмай отырғанын айтып, осы мәселелерді шешуге көмектесулерін сұрады.

Депутаттар басқосудан кейін Басқұншы ауылдық округіне қарасты Алмалы ауылының тұрғындарымен Елтінді батыр атындағы орта мектептің жиынжайында жолығып, бұл ауыл шаруалары үшін соңғы екі жылдан бері негізгі тауқыметке айналған жүгері өнімін өткізу мәселесі жөніндегі шағымдарын тыңдады. Бұл мәселені бақылауға алуға уәде етті.

Биыл 12 сәуірде Жаркент шегара отрядының құрылғанына ғасыр толады. Жаркент шегара отряды 1924 жылы 12 сәуірде құрылыпты. Содан бері еліміздің Оңтүстік- Шығыс шебін күзеткен шегарашылар алда ғасырлық тойын атап өтпекші. Сенаторлар Жоңғар Алатауының бөктеріндегі орталықтан шалғай орналасқан «Алмалы су» шегара бөлімшесіне де ат басын бұрып, ел шебін күзеткен жауынгерлердің де жағдайымен танысты.

***

Сенат депутаттары Сұлтан Дүйсембинов, Ғалиасқар Сарыбаев, Амангелді Толамисов арнайы іссапармен Жетісу жеріне келіп, бірқатар мекемелерді аралап, жергілікті белсенділермен жолықты. 

Сенаторлар әуелі Талдықорған әкімдігінің ғимаратындағы мәжіліс залында қалалық мәслихат депутаттарымен кездесу өткізіп, сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады. Мәселен, Роза Ақжарқынова дәрі-дәрмектің бағасы аспандап бара жатқанын, одан бөлек, ІІІ топтағы мүгедектердің жағдайына қарай үй беру мәселесін көтерді. Ал Шалқар Оразбаев өңіріміздегі шаруалардың еккен жүгерісінің зая кеткенін айтып, депутаттарға қазіргі таңда интернет алаяқтардың көбейіп кеткенін, жетісулықтардың арасында 10 миллионнан 80 миллионға дейін алданғандар бар екеніне қосымша тоқталды. Білім саласы жөнінде Айжан Жұмаділова ұсыныс айтып, сауал қойды. Оның ұсынысы – мектепте жұмыс істейтін психологтардың санын көбейтіп, жалақысын өсіру, біліктілігін арттыру. Сонымен қатар, мектеп директорларының айлығы аздығын және олардың жалақысын көтеруді ұсынды. Әр сауал мен ұсынысты зерделеп отырған Сенат депутаттары министрлік арқылы шешілетін істі қағазға түртіп алса, кей пікірге бағыт-бағдар көрсетіп, сан-саласына тоқталды.

– Шаруалар жайына қатысты, білім жөніндегі айтылғандарды түртіп алдық. Елордаға барғаннан кейін барлығын түзіп, министрліктерге жеткізетін боламыз, – деді Ғалиасқар Төлендіұлы.

Сенат депутаттары Талдықорғанға келмес бұрын Панфилов ауданында болып, шегаралық аймақтың ахуалын біліп, шаруалардың жайын көрген болатын. Өзекті болып тұрған мәселе – жүгері. Бұл турасында Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев «Осы істі екіжақты қарауымыз керек. Жүгері өтпей жатыр. Өйткені нарықтағы бағасы түсіп кетті. Түрлі жағдай әсер етті. Ол көрші елдегі бағаның төмендеуі, одан бөлек, бізден осыған дейін жүгері алып келген Қытай елі Америкамен саудаласып, алдыртты. Бүгінде шаруалардың бұл мәселесін министрлік те, облыс басшысы да біледі. Бұған қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр»,– деді. 

Артынша Ғалиасқар Сарыбаев пен Амангелді Толамисов  жуырда іс бастаған адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жетісу облысы бойынша өкілі Қанат Қарымсақовпен кездесіп, мекеме жұмысын көрді. Одан кейін облыстағы аумақтық қорғаныс «99285-ші әскери бөлімнің» резервтік бригадасының дайындығын бақылап, жұмылдыру дайындығы, азаматтық және аумақтық қорғанысты қамтамасыз ету басқармасының жұмысымен танысты. Сенат депутаттары Талдықорғандағы сапарын былтыр желтоқсанда ашылған 55 орынды Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығында түйіндеді.   

– Бүгінгі көтерілген мәселелерді толықтырып, арнайы депутаттық сауал жолдаймыз. Әр жетісулықтың пікірі маңызды және сол бойынша қадам жасаймыз, – деді Амангелді Толамисов. 

Жалпы былтыр Сенатта 92 заң қабылданған. Ал Жетісу жұртшылығынан түскен 64 өтініштің 60-ы орындалып, төртеуі әлі қаралып жатыр.

"Жетісу-Ақпарат"
Суретті түсірген Руслан Қадыров