Мезгіл туындатқан маңызды жоба

Уақыты: 07.01.2024
Оқылды: 668
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақтың қарапайым тілімен айтқанда ментор дегеніміз – адамның кәсібіне, тәрбиесіне, ұстаған бағытына орай ақыл-кеңесін беріп, тәжірибесімен бөлісе алатын адам. Биылғы оқу жылынан бастап Жетісу жерінде «Әдеп және құқық жұмысы туралы ментор» жобасы жүзеге асуда. Аталған тың жоба жайлы облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Ілияс ТҮСТІКБАЕВТАН сұхбат алдық.

– Ілияс мырза, менторлық жоба облыс орталығындағы мектептерге енгізілді. Бұл нені көздейтін, қандай дүниелерді қамтитын жоба екенін түсіндіріп өтсеңіз?

– Бүгінгі уақытта құндылықтардың орны ауысып, тәрбиелік-мағыналық жағынан ата-ана мен ұстаздан тыс оқушылардың тәрбиесіне қосымша тұлға керек болып тұрғанын жақсы білеміз. Бұл әуелі сұранып тұрған сол тұлғаның орнын толықтыру мақсатында жасалған жоба.
Әлеуметтік желіде, күнделікті жаңалықтарда қылмыстық оқиғаларға, құқықбұзушылық жайттарына кейіпкер ретінде мектеп жасындағы баланың көрініс беруі қоғамға ой салады емес пе? Балаң шағында бал татыған таңдайына өмірдің қышқылын басып, тағдырдың соққысын талмауыр жерден өткізіп жатса, ол оқушының емес, қоғамның салғырттығынан деп білген жөн. Ерте жүктілік, синтетикалық есірткіге тәуелділік, суицид, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық секілді жайттарды жеткіншектердің өмірінен алшақтату, оның алдын алу, тәрбиелік-тағылымдық тұрғыда бала сұранысын қанағаттандырып, оларға бағыт-бағдар беру, тұлға болып қалыптасуына ықпал ету мақсатын көздейтін жоба деп айта аламын. 

– Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың идеясымен қолға алынған жоба қалай жүзеге асып жатыр?

– Дұрыс айтасыз, жобаның негізгі авторы облыс басшысы. Аталған жобаны іске асыру үшін оқу жылының қарсаңында, жаз айларында іріктеуден өткен 30 адамды тағылымдамалық курста оқыттық. Онда ментордың қыр-сырына қанықтырып, бағыт-бағдар берілді. Бұлар тілдік тұрғыда төселген, әңгімесін қанықтырып айта алатын, айтқанына сендіре білетін шешендік өнер иелері болуы шарт. Ментор лауазымына тарту туралы ақпарат күні бұрын әлеуметтік желілерде, облыс әкімдігінің, қоғамдық даму және білім басқармаларының сайтына жарияланды. Соның нәтижесінде жалпы саны 200-ден астам адам талап білдіріп, одан 30 білікті азамат іріктеліп алынды. Мұнда жаңадан университет бітіріп қызмет ете бастаған 20 жастан асқан жас маманнан бастап, зейнет жасына шыққан жандар да бар.
Бастаманы жүзеге асыру үшін алдымен пилоттық жоба ретінде Талдықорған қаласындағы 30 мектепке аталған 30 менторды тағайындадық. Олар оқу жылының өткен 2 тоқсанында мақсатты түрде жұмыс істеп, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Оқушылардың жеке психологы ретінде, сырласы, досы тұрғысында жастармен етене араласып, бейімдеуді қажет ететін оқушалармен жұмыс жүргізді. 

– Талдықорғандағы 30 мектепке пилоттық жоба ретінде енгізілген жоба осы шаһар шеңберінде қалып қоймай ма? Жетісу аймағы бойынша өрісті ету керек шығар?

– Қараша айында Панфилов ауданындағы кезекті кездесуінде облыс басшысы «Әдеп және құқық жұмысы туралы ментор» жобасы қолға алынып, облыс орталығында жүзеге асып жатқанын, ендігі кезекте келер оқу жылын күтпей осы қаңтардан Жаркент жерінде жұмысын бастауы керек екенін атады. Нақты тапсырмалар берді. Осы ретте жуырда ғана жазиралы мекенге барып аталған жұмысты пысықтап қайттым. Бұйырса қаңтар айында осы өңірде, келер оқу жылында өзге де аудандарда жүзеге асатын болады.
Осы ретте айта кетуіміз керек, жалпы менторлық жоба 9 бағытты қамтиды. Мәселен, суицид, нашақорлық, ерте жүктілік және жыныстық қолсұғушылықтың алдын алу, салауатты өмір салты, кәсіптік бағдар беру, қаржылық сауаттылық, буллинг және кибербуллинг бағытында жұмыс жүргізілуде.

– Демек, тағылым мен тәрбиенің таза шырынын алып, адамның тұлға болып қалыптасуын негізгі өзек етіп отырсыздар ғой.

– Иә, аймақ басшысының, ел ағаларының басты ойы да  осыған саяды. Мектеп қабырғасындағы балалар өзі жасаған істің салдары қандай болатынын білмейді. Кейбірі ата-анамыз жауап береді, бізді тергеп-тексермейді, жауапқа тартпайды деп ойлайды. Сол үшін ойсыз әрекет жасайды. Алайда кейін азамат болған шағында балалықтағы ағаттығы алдынан шығады ғой. Біз жастардың тәрбиесіне, тәліміне көптеп көңіл бөлуіміз керек. Психологиялық тұрғыдан әлісіздік танытып жүрген балаларды анықтап, оларға жігер беру менторлардың міндеті. 

Оқушыларға рухани ғана бағыт сілтемей, олармен жан қалауымен бірлесе ойлап, армандаса білу қажет. Бұл ретте олардың бос уақытын тиімді пайдалануы әрі армандаған мамандығымен, оқу орнымен танысуы үшін жоғары оқу орындарына апаруды қолға алдық. Биылдың өзінде бірқатар университетті аралаттық. Бір барғанда 50-100 оқушыны алып барамыз. Тоқсандық демалыстарда 3-4 мәрте осылай жалғастырамыз. Айта кетерлігі, талдықорғандық оқушыларды ҰҚК Академиясына да алып бардық. Осының бәрі жастардың армандауына, жоғары мақсатқа ұмтылуына, адам болып тәрбиеленіп, азамат болып өсуіне бағытталған менторлық жобаның бір парасы ғана. Алда жоба шеңберіндегі бірталай жоспар, бағдарламалар күтіп тұрғанын айта кеткім келеді.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Фото: https://www.instagram.com/p/CzGfq2INSS7/