Жетісу облысында «жүгері» мәселесінің шешімі табылды

Уақыты: 06.01.2024
Оқылды: 800
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысының мемлекеттік органдары жергілікті жүгері өсірушілерді толғандырған мәселені шешудің жолын тапты.

Бұған облыстық ауылшаруашылық басқармасының алтын өзекті өнімді өңдеумен айналысатын компаниялармен жасаған келісімдерінің көмегі тиген.

Облыстық басқарманың басшысы Нұрдәулет Кененбаевтың айтуынша, диқандарды алаңдатқан мәселенің түйіні тарқатай бастаған.

«Өнім шығаратын компаниялармен жеделдете жасаған келісімдеріміз өз нәтижесін бере бастады. Дүйсенбі, 8 қаңтардан бастап, «Іргетас трейд» компаниясы жүгері қабылдау шараларын жүргізеді. Ылғалдылығы 14%-ға тең жүгерінің тоннасы 55 000 теңгеден алынады. Ал, ылғалдылығы 14-20% болса 41 500 теңгеден бағаланады», - дейді Н.Кененбаев.

Сонымен қатар, тәулігіне 500 тонна жүгері қабылдау межеленіп отыр. Жергілікті диқандар өз өнімін Көксу ауданының орталығы Балпық би кентінде орналасқан «Уыз Май Industry» зауытының қабылдау бекетіне өткізе алады.

Естеріңізге сала кетсек, биыл жүгері дақылын өсірген диқандар өз өнімдерін сақтау мен өткізуге ерекше алаңдаушылық білдірген болатын. Оның үстіне, «дала аруы» атанған жүгерінің бағасы күрт арзандап кетуі  көптеген шаруашылықтарды тығырыққа тірегені жасырын емес.

Өзекті мәселені өткен аптаның ішінде Талдықорған қаласына келген ауылшаруашылық вице-министрі Азат Сұлтановқа жеткізген жергілікті шаруалардың сауалын ауылшаруашылық министрлігінің өкілі республикалық деңгейде қарастыруға уәде берген болатын.

«Министрлік тарапынан ауылшаруашылық саласын дамытуға қажетті барлық шаралар қабылдануда. Осы ұсыныстарыңызды жүйелеп беріңіздер, біз сіздерді қолдауға дайынбыз!» - деген болатын Азат Сұлтанов кездесуде.

"Жетісу-Ақпарат"