Ащыбұлақтағы «Алтын шаңырақ»

Уақыты: 08.01.2024
Оқылды: 998
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Бақыт, қайда барасың? Ата-анасын сыйлаған, ұйымшылдық ойлаған, тату жерге барамын», – деген екен Қабан жырау. Бұл сөз Ащыбұлақ ауылына да қатысты айтылғандай. Елді мекеннің тұрғындары тайлы-тұяғы қалмай ауылдың көркеюіне, әлеуметтік жағынан тарықпауына күш салуда. Ел бірлігімен Ащыбұлақта ауқымды шаруа атқарылып, «Алтын шаңырақ» атты тойхана салынды. Оны қатымхана ретінде пайдалануға да ыңғайлап жасаған. Сонымен қатар, ауыл ішіне асфальт жол, электр сымдары тартылыпты.

Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Ащыбұлаққа мемлекет тарапынан да үлкен көмек жасалуда. Кейбір күрмеуі қиын түйінді мәселелерін тұрғындар өздері шешуді де ойластырған. Бұл жайында Мейірбек Исламов: «Әсіресе, той-томалақ, өлім-жітім болғанда қатты қиналатынбыз. Ауыл жұрты ұйымшыл болғандықтан сыртта жүргендер мұндай жағдайға «көшіп» келеді. Орталығымыз Суықсайға бару үшін 8 шақырым. Қонақты сол жерге барып күтуімізге тура келетін. Үлкен кісілерге оңай емес. Содан ауылдың үлкен-кішісі бірігіп, алдымен тойхана-қатымхана салуды ұйғардық. Әлеуметтік желі арқылы осы мәселе жайлы құлақтандырдық. Бәрі бастамамызды қолдап, құптады. Бір жағынан асфальт төсеп, екінші жағынан электр сымдарын тартып, шаруа басталып кетті. Ауылдастарымыз мықты. Барлығы кәсіптен нәпақа табудан құралақан емес. Қалаға барып, табыстың көзін тапқан. «Батырлық білекте емес, жүректе» деген сөз рас. Таудың өр мінезді жігіттері шаруаларын дөңгелентіп алған. Үлкен шаһарларда жауапты қызметтерде, бизнесте жүргендері көп. «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» демей ме?! Бірлесіп жасап жібереміз деп қолдап әкетті. Жігіттердің алды қаражатты бірден миллиондап, сыныптастарымен тағы жинады. Сонда атымтай жомарт ұлдарымыз миллионыңның үстіне тағы қосты. Ешкімнің атын атап, түсін түстегіміз келмейді. Бірақ, жерлестерге жігер берген жігіттерді атап өтпесек болмайды. Аман Ақбаевтың құрылыс материалын шығаратын зауыты бар еді, сол жерден тасыдық. Алматыда көлік базалары бар ауылдастар құрылыс заттарын шаһардан ауылға тегін жеткізіп отырды. Ал келіндер ас-суларын дайындап, жұмысшылардың тамақтануына көңіл бөлді».

Құрылыс жұмыстарына ақша жинағандардың тізімі қолымызға тигенде береке-бірліктеріне таңдай қағып, бас шайқадық. Қаржы жинағандардың ең басында «1936 жылғылар» деген тізімінде Қанатбек Нұрахметов пен Шаяхмет Құнанбаев деген аталарымыздың аты-жөні тұр. Содан кейін «1939 жылғылар» деген тізімде Кенжебай Алдабергенов атаның да есімі жазылған. Жаны жаннатта болғыр Кенжебай атамыз осы қуаныштың алдында бір апта бұрын дүние салыпты. Ол кісінің жақсы ісін ұлы, ауылдың атымтай жомарт азаматы Берік Алдабергенов жалғастырып, 1 500 000 теңге қаржы қосыпты. Кенжебай ағаның өмірі жалғасты деген осы емес пе?!

Игілікті шараға қаржы жинағандардың ішінде 1947-1949 жылы дүниеге келген Төкен Бейсенбаев, Серік Құрманов, Тұрсынбек Жанұзақов, Байсұлтан Дәуітбаевтар да тұр. «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» демекші, қазыналы ата-апалар берекенің ұйытқысы. Бұдан ары қарай тізім 1950 жылы туғандармен жалғасып, 2002 жылы туғандармен аяқталады. Береке-бірлік деген осы болар. Мұндай істі журналист ретінде қуана көпке үлгі еткің келеді. Тойхана-қатымхананың ашылуы, көше жолдарының аяқталуы, электр сымдарының тартылуын ащыбұлақтықтар елжұртты жинап, ауқымды шара ретінде өткізді. Шараға аудан әкімінің орынбасары Амандос Сабырбаев қатысып, жиналған көпшілікке алғысын білдірді. «Ащыбұлақтықтардың «Ауылым – алтын бесігім» атты ісі көпке үлгі. Елжандылықтың белгісі. Бірліктің арқасында бір жылдың ішінде көп шаруа атқарылды. Мемлекет тарапынан бөлінген қаржыға Суықсай мен Ащыбұлақтың арасына асфальт жол салынды. Орталықтандырылған ауызсу жүйесі іске қосылып, 2 көшеге жарықшам орнатылды. Шағын футбол алаңы салынды. Соны ары қарай жалғап, елді мекенді жайлы тұраққа айналдырып жатқан тұрғындардың ісі үлгі аларлық. Істеріңіз берекелі болсын»,– деді ол.

Жиналған көпшілікке Қыдырбек Нұрмұхамбетов ақсақал ауыл тұрғындары атынан алғыс білдірді. Береке-бірлігіміз арта берсін деген ағалық ақ тілегін арнады. Ауылдың ең жасы үлкен ақ жаулықты анасы Нұрсара Нұрмұхамбетова биыл 98 жасқа толды. Ауыл елі атынан сөз сөйлеген қаламгер Дәурен Қуат:

– Береке-бірлік, қайда барасың десе, Ащыбұлаққа барамын. Мен сол ауылға тұрақтап қалғанмын. Ынтымақ-ырыс сол ауылда. Мені іздесеңдер сол ауылға келіңдер, – деп қалжың аралас шындыққа жанасатын тілегін арнады. – Ойдағымыз-қырдағымыз бар, ақсарайдай үй соқтық. Біздің «Алтын шаңырақ» әлемде жоқ тау. Басқа таулар ұшар басына ешкімді жеткізбеймін десе, «Алтын шаңырақ» келіңдер, мені көріңдер деп тұрады. Сол таудың басында аққудың көз жасындай көл бар. Бәріміздің көңіліміз сол көлдей тұнық. Бүгін барша ауылдастар жиналып, көңілімізді сергітіп, құшақ жая амандасып, бір жасап қалдық», – дей келе ақын Мұқағали Мақатаевтың жерлесі Бақыт Беделханның «Алтын шаңыраққа» шығарған өлеңін оқып берді. «Дос түгілі сүйінетін жауың да, сауын айтқан ағайынға-бауырға, ынтымақ пен бірлігіңді паш етіп, «Алтын шаңырақ» көтерілді ауылда. «Алтын шаңырақ» биік болсын, кең болсын, ауылымызға аймақ алтын төр болсын. Бір Мейірбек ұйытқы болған ауылдың, рахаты мен шапағатын ел көрсін», – деген өлеңі қуанышты еселей түсті.

Ауылдағы тойға 90 жастағы Нұрсұлтан Мұсабаев ата бата берді. Маралхан Құрманғалиева мен Бибігүл Нұрмұхамбетова апаларымыз құрған «Ұлпан» әжелер ансамблі ән салды. Тойхана-қатымхананың жайнаған, етегі жерге төгілген, кең пішілген перделері Жадыра Бакалова есімді қыздың қолынан шығыпты. Қабырғалары мәрмәр тастан жасалған. Ас бөлмесінің ұзындығы 6 метр. Тойхана-қатымханаға 300-ге жуық адам сыяды. Шат көңілдің үстінде ащыбұлақтықтар осы істің басынан аяғына дейін басы-қасында жүріп, ұйымдастырушысы болған Мейірбек Исламовқа ақбоз ат мінгізді. Халықтың қошеметін сұрап ала алмайтының белгілі. Мейірбек азамат ортаға шыққанда қарттар жағы «Айналайын-ай, көсегең көгерсін» деп ақжарма тілектерін арнап жатты. Игілікті іске осы ауылдың тұрғыны, қожалық иесі Игорь Кузнецов пен балалары Саша мен Владимирдің де қосқан үлесі зор.

Таулы өңірдегі «Ауылым – алтын бесігім» атты шара елдің мерейін өсірді. Үлкен-кішіні қуанышқа бөледі. Азаматын көріп, ауылын таны. Ауылдың атымтай жомарт азаматтарының мәрттігі көпке үлгі. Ауыл азаматымен ажарлы.

Гүлжан Тұрсын
Суреттерді түсірген Руслан Қадыров