ҰЛТТЫҚ ҚОР – БАЛАЛАРҒА

Уақыты: 10.01.2024
Оқылды: 582
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Балаларға арналған ұлттық  қор» бағдарламасы қазақстандықтарға қуаныш сыйлағаны рас. Аталған бағдарламада Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызы балаларға 18 жасқа толғанға дейін мерзімінен бұрын алу құқығынсыз, арнайы жинақ шоттарына түседі. Жалпы осы уақытқа дейін Ұлттық қор ақшасы мемлекет қажеттілігіне жұмсалып келген. Биыл бұл қаржы қазақстандық балалардың еншісіне берілмек.

Бағдарлама ақпан айынан бастап іске қосылады. Шарт бойынша қаражат тұрғын үй немесе білім алуға жұмсалуы керек. Ұлттық қордан түскен ақшаны жоғары оқу орындарының ақысын төлеуге немесе мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне аударуға болады. Егер бала шетелдік оқу орнында оқитын болса, оқу ақысын қор есебінен түскен қаржыға төлеуге құқылы. Сондай-ақ, қаражатты бастапқы жарна, ипотекалық қарыздар бойынша төлем ретінде аударып, баспаналы бола алады.

Ресми деректер бойынша елімізде орташа есеппен жылына 400 мың нәресте өмір есігін ашады. Осы есеппен қарастырсақ, елімізде 18 жасқа дейінгі балалардың жалпы саны шамамен 6,7 миллион адамды құрайды.

«Балалар шотына қанша қаражат жиналады?» деген сұрақ әрбір ата-ананың көкейінде тұрғаны анық. Жалпы, балаларға тиетін үлес Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызынан бөлінеді. Инвестиция жұмысы өтімді болса, түсім де мол болады. Бұл жерде бала саны көбейсе немесе  инвестициялық кіріс төмендесе, жинақ шоттағы ақша да азаяды. Ең бастысы, бала оқуға түссе де, баспана алса да қорында қаражаты тұрады. Мұндай қаражатты әрбір ата-ана баласына арнайы шот ашып, жинақтай алмайтыны белгілі. Қазіргідей қымбатшылық қалтаға салмақ салып тұрған уақытта тапқан нәпақасы ас-суынан артылмай отырған қаншама отбасы бар. Бұл – ащы да болса шындық. Сол себепті Президент бастамасымен іске асатын бағдарлама әрбір отбасына мемлекет тарапынан жасалатын үлкен қолдау әрі көмек болмақ.

Жыл басынан балалардың құжаттарын электронды тіркеу жұмысы кезек күттірмей орындалып жатыр. Алайда соңғы күндері ата-аналар балалардың тіркелгені туралы ешқандай дерек жүйеде сақталмаған деп дабыл қағуда. Көпбалалы ана Айнұр Ізбасарқызы 5 қаңтар күні төрт баласын тіркеген.

Бағдарлама жайлы ести сала бірден балаларды «еgov.kz» порталында, «еgov mobile» қосымшасына тіркеп қойдым. Алайда дәл қазіргі сәтте балаларым жайлы еш ақпарат жоқ. Тіпті,  «Отбасы» деген бөлік те жойылыпты. Бұл тек менің басымдағы жағдай емес. Дабыл қағып жүрген ата-ана көп. Енді Ұлттық қордан балаларыма қаражат дұрыс түспей қала ма деп алаңдаймын, – дейді көпбалалы ана.

Күні кеше ғана Ұлттық қор өкілдері алаңдауға ешқандай да негіз жоғын айтып, толық ақпарат берді. Олардың айтуынша, «еgov.kz» порталында, «еgov mobile» қосымшасындағы «Отбасы» бөлімін қолданушылардың қолайлығы үшін алып тастаған. Балалардың электронды құжатын тексеру басты беттегі цифрлық құжаттамалар деген бөлікке орналастырылды. Осы жердегі «Отбасы» бөлігін бассаңыз, балаңыз жайлы толық ақпарат шығады. Баланы қосу керек болса, қосу деген батырманы басасыз. Ал балаңыз жайлы ақпарат қате берілген болса, жоғарғы жағында үш түймешені басып, қате ақпарат берілгендігі жөнінде хабарлайсыз.

Ұлттық қордан ақша алу үшін ата-ана не істеу керек?

  1. Баланың жеке басын куәландыратын құжатты (балалардың азаматтығын анықтау үшін) ЖСН алу;
  2. Баланың тегі, аты, әкесінің аты, туған жылы туралы мәліметтерді дұрыс тексеру; .
  3. «Электронды үкімет» веб-порталындағы «Балалар туралы ақпарат» бөліміндегі жеке кабинетте балалар туралы ақпараттың бар немесе жоғын қадағалау;

Мамандардың айтуынша, куәлік алып үлгермеген я болмаса қосарланған жеке сәйкестендіру нөмірі болмаған жағдайда балалар шотына ақша аударылмайды. Түрлі өмірлік жағдайларға байланысты  қаражат ала алмай қалған балаларға тиесілі ақша келер жылы аударылады. Ол үшін ата-ана тұрғылықты жеріндегі бағдарламаның операторы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жүгіне алады.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы қандай жағдайда тоқтатылады деген сұрақ жиі қойылады. Мамандардың айтуынша, жоба талаптарына сәйкес жобаға қатысушы қаза болған немесе қаза болды деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енген және азаматтығын жоғалтқан жағдайда тоқтатылады. Қайтыс болған кезде мұрагерлер заңда белгіленген тәртіппен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан мақсатты жинақтарды алуға өтініш бере алады. Егер бала Қазақстаннан басқа мемлекетке мекенжайын ауыстырған болса, Ұлттық қор қаражатын пайдалану құқығынан біржола айырылады. Бала кәмелетке толған соң 10 жыл ішінде мақсатты жинақ талап етілмесе, олар оның жеке зейнетақы шотына түседі. Ал оларды алу еліміздің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Еңлік КЕНЕБАЙ
Фото: inbusiness.kz