Атқарылар міндет ауқымды

Уақыты: 11.01.2024
Оқылды: 406
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде облыстық мәслихат төрағасы Гүлнар Тойлыбаеваның қатысуымен брифинг өтті. Баспасөз жиынында Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай алдағы жылға арналған жұмыстар жайы айтылды. 

«Өткен жылы өркендеу жолында атқарған өрелі істер аз болған жоқ. Дегенмен де биыл атқарылатын міндеттер одан да көп», – деп бастады сөз басын облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлнар Тойлыбаева. 30 жылға  30 игі шара ұйымдастырып отырған облыстық мәслихаттың ең алғашқы бастамасы өткен жылы Кербұлақ аудандық мәслихатының қолдауымен «Өзгеге өмір сыйла» тақырыбында мұқтаж жандарға қан өткізумен бастау алған болатын. Бұл игі шараға Жетісу өңіріндегі әртүрлі деңгейдегі барлық мәслихат депутаттары қатысты. Сонымен қатар, қаңтар айының аяғына дейін ардагер депутаттардың жастармен кездесуі жоспарлануда. Білімі мен білігі қатар қалыптасқан, саналы ғұмырын туған халқының мүддесіне арнаған ардагер депутаттар жастарға ақыл-кеңесін айтып, ашық әңгіме өрбітеді. Мұндай кездесу өмірге енді бейімделіп, өзіндік дара жолын қалыптастырып келе жатқан жастар үшін үлкен тәжірибе болары анық. 

Сондай-ақ, ерекше балалар мен жастар арасында бочча ойыны ұйымдастырылады. Бұл ойынның арқасында ерекше балалардың денсаулық көрсеткіштері жақсарып, өмірге деген құлшыныстары артады. Бочча – рухы мықтылардың ойыны. Сол себептен де 30 жылдықтың аясында болашақтың спортын дамыту үшін арнайы жарыс ұйымдастырылмақ. 

Спорттық шаралардан бөлек Жетісу облыстық мәслихатының 30 жылдық тарихынан сыр шертетін, соңғы екі шақырылымның депутаттарының атқарған, атқарып жатқан жұмыстарын көрсететін, ертеңгі күнге естелік болып қалатын кітап пен арнайы бейнефильм де дайындалуда. Алдағы уақытта облыстық «Jetisy» телеарнасында «Депу-Дат» бағдарламасы ашылмақшы. Ол жерде апта сайын бір депутат атқарылған және межелеген жұмыстары бойынша әңгіме өрбітетін болады.

Депутаттардың басты міндеті – халықты алаңдатқан мәселелердің шешімін табу болғандықтан ақпарат алаңына жиі шығып отыру арқылы өңір тұрғындарымен тікелей байланыс орнату өте маңызды. Осы орайда халық пен билік арасында алтын көпір болып, ақпаратты дәл уақытында, тез әрі сапалы етіп беріп жүрген журналистер қауымына 30 жылдық мерейтойдың аясында байқау ұйымдастырылады. Байқауға Жетісу облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өзекті мәселелерін жазатын аймақтық газеттердің, телерадиокомпаниялардың редакциялары,  шығармашылық бірлестіктер мен ақпараттық агенттіктер, штаттағы немесе штаттан тыс авторлар қатыспақ. 

«ҚР мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл» мерекесінің қорытынды жиыны ақпан айының 28-і күні Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрында өтеді.
– Депутат – халықтың ортасынан шыққан, халыққа бір қадам жақын жандар. Сол себепті  біз күні-түні елге қызмет етуден шаршамаймыз. Мақсатымыз – халықтың жағдайын жақсарту. Осы жолда әлі талай жұмыстар жасалатын болады. Биылға жоспарлаған жұмыстар өте көп. Сол себепті  әлеуметтік желі мен облыстық БАҚ беттерінде атқарылған және жоспарлаған жұмыстар жөнінде міндетті түрде ақпараттар тарататын боламыз, – деп Гүлнар Қожағұлқызы өз сөзін қорытындылады. 

Айғаным АЙТМҰХАН
Фото: egemen.kz