Көксу ауданының 12 елді мекенін газдандыру басталды

Уақыты: 11.01.2024
Оқылды: 671
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алдағы уақытта Айнабұлақ, Алғабас, Ақтекше, Кеңарал, Ақшатоған, Жетіжал, Жарлыөзек, Бозтоған, Қызылтоған, Талапты, 10 жылдық Қазақстан, Мәулімбай ауылдарының тұрғындары көгілдір отынның қызығын көретін болады, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

Аталған жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай жүргізілуде.

Осы жобаны іске асыру арқылы 12 мыңнан аса тұрғын табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Бұл жоба көгілдір отынға тұрғын үйлермен қатар әлеуметтік сала мен кәсіпкерлік нысандарды қосуға мүмкіндік береді.

Газ құбырларын төсеу жұмыстарын аяқтау жоба бойынша биылғы 25 желтоқсанға дейін жоспарланған. Бірақ, мердігер ұйымдар жұмысты осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін аяқтаймыз деген  міндеттеме алып отыр.

Айта кетейік, Көксу ауданында 8 елді мекен газға қосылған. 12 ауылға газ тарту жұмыстары аяқталса, аудандағы газдандырылған елді мекендер саны 20-ға жетеді. Барлығы 34 елді мекен бар, яғни бұл аудан халқының 69 %.  Тағы 3 елді мекенге газ жеткізу бойынша жоба жасалуда.