Жастарды "синтетик" сенделтуде

Уақыты: 14.01.2024
Оқылды: 535
Бөлім: КҮНДЕРЕК

 «Жұмысы жоқ адам азғындыққа бір табан жақын болады», – дейді Дейл Корнеги. Бұрынғының сөзі кейде өмірдің шынайы келбетіне сай келмейді. Жетісу өңірінде өткен жылы жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайыздан 4,8 пайызға төмендеді. Хакім Абай тілімен айтқанда «жұмысы жоқтықтан» тарығып жүргендер аз. Бірақ, азғындық азаймай тұр.

Мәселен, өткен жылы өңірден 200 келіге жуық марихуана, 10 келіден аса гашиш және 4 келідей синтетикалық есірткі тәркіленген. Оған 88 келі қарасораны қосайық. Құқық қорғаушылар 2023 жылы анықтаған 301,9 келі есірткі тұтастай жойылғанмен жыл санап оның көлемі артып келеді. Мәселен, 2022 жылы тәртіп сақшылары 141,7 келі есірткі тәркілеген еді. Қоғамды һәм адамды аздыратын мұндай кері кеткендікпен күресте құқық қорғаушылар барынша қарымды қарекет етуде. Алайда қылмыстың бұл түрі неге азаймай тұр? Әлде заң үстемдігін қалыптастырамыз деген Жаңа һәм Әділетті Қазақстанымызда ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруді қолай көретіндер көбейген бе? Тарқатайық...

Өткен жылдың ақпанында жетісулық тәртіп сақшылары Талдықорған қаласынан есірткі қоймасы ретінде пайдаланылған пәтерді анықтаған. Тінту нәтижесінде 2,3 келі синтетикалық есірткі, сол зиянды бұйымды буып-түйетін, өлшейтін құрылғыларды тапқан. Ал мұндай ауқымды «міндетті» 2001 жылы туған бұрымды атқарып келіпті. Құқық қорғаушылардың айтуынша, 21 жастағы бойжеткен есті кетіретін есірткіні таратуға даярлап, облыс орталығындағы есірткі жасырушыларға үлестіріп отырған. Сонымен қатар, өткен жылдың наурызында тергеп-тексеру нәтижесінде Талдықорған қаласынан тағы бір пәтер анықталған. Бұл қылмыс ошағынан бар-жоғы 17 жастағы Алматы облысы, Іле ауданының Жетіген кентіндегі кешкі мектепте оқитын сәулім (бұрынғы қазақ балиғат жасына келмеген қызын сәулім атаған) ұсталған. Құқық қорғаушылардың сөзіне сенсек, 21 жастағы «қоймашы» бойжеткен 10 жылға, 17 жастағы бұрымды 3 жылға бас бостандығынан айырылыпты. Байқап қарасақ, «Қызға қырық үйден тыйым» жасап келген қазақтың бұрымдылары ерлермен тұрмыста иін тіресудің орнына қылмыс әлемінде «жағаласып» жүр. 

Құқық қорғаушылардың мәліметіне сүйенсек, өткен жылы 17 есірткі таратушы құрықталса, оның жетеуі синтетикалық есірткі жасырушылар. Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев есірткі таратуда 17-25 жас аралығындағы жастардың, студенттер мен оқушылардың белсенділігі жоғары екенін алға тартады.

– Жыл соңында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық шарасы аясында Даиров көшесі, №35 үй аумағынан 2000 жылы туған, Қазақстан көшесі, №228 үй жанынан 2006 жылы туған азаматтар анықталды. Екеуінен 40 грамға жуық пирролидиновалерофенон психотоптық есірткі анықталды. Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жастар арасында нашақорлыққа қарсы ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. Ақпараттық-түсіндірме жұмыстарында әлеуметтік желіде де белсенділікті арттырудамыз, – дейді Мұрат Жұмабаев.

Есірткі таратуда әлеуметтік желі таптырмас құралға айналған. Құқық қорғаушылардың желідегі белсенділікті күшейтуіне себеп осы жай. Бірақ, қоғамда есірткімен күресті тек құқық қорғаушылардың мойнына артып қоюға болмайтыны айдан анық. Себебі, тәртіп сақшылары нашақорлық дертінің дендеуінде жастар белсенді екенін алға тартуда. Демек әр ата-ана баласының немен айналысып жүргенін біліп отыруы тиіс. Бетін аулақ қылсын, бірақ, сіздің балаңыз есірткі таратуға қатысып жүруі де мүмкін.

Дастанбек САДЫҚ
Фото: egemen.kz