Әлеуметтік ахуал жақсарады

Уақыты: 16.01.2024
Оқылды: 429
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде Жетісу облысы бойынша еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаменті басшысының орынбасары Ерлан Абдалиевтің қатысуымен брифинг өтті. 

Баспасөз мәслихаты биылғы жылдың қаңтарынан бастап арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақының енгізілуі жайлы болды. Сонымен қатар, жиында зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік ахуалын арттыру бойынша заңнамалық өзгерістер туралы баяндалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген азаматтарға 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем енгізу бойынша тапсырма берілді. Осы тапсырманы орындау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен тиісті заңнамалық өзгерістер әзірленді. 

Арнайы әлеуметтік төлемді тағайындау шарттары мынадай болмақ. Азамат 55 жасқа толғанда әлеуметтік төлем алуға құқылы. Екіншіден, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін кемінде 7 жыл жұмыс өтілі болуы керек. Қазір статистика деректері бойынша қауіпті еңбек жағдайларында 491 мың адам жұмыс істеуде. Соның ішіне металлургтер, кеншілер, энергетиктер және басқа да кәсіптер енеді.

Аталған өзгерістер арқылы зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға арнаулы әлеуметтік төлем енгізу, еңбек міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғадан сақтандыру жүйесін жетілдіру кезеңінде әлеуметтік төлемдерін алуға құқық беру көзделмек.

Айғаным АЙТМҰХАН