ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА ҚОЛДАУ БАР

Уақыты: 16.01.2024
Оқылды: 664
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Қамқор» Талдықорған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев және мекемеде тәрбиеленіп жатқан ерекше балалардың бірнеше ата-анасы арнайы орталыққа жиналды. Олар ең бірінші ғимаратты аралап көріп, балалардың жұмысымен танысты.

– Жалпы облысымызда мүгедектігі бар азаматтарға инклюзивті орта құру жұмысы сәтті іске асырылып жатыр. Өңірімізде ерекше жандарға стационарлық, жартылай стационарлық жағдайда қызмет көрсететін 13 орталық бар. Соның бірі – «Қамқор». Бұл жерде 3 жастан 18 жасқа дейін ерекше балаларды қамқорлығына алып келсе, жақында ата-аналардың өтінішімен 18 жастан 30 жасқа дейін ұлғайту ісін Еңбек министрлігімен бірлесе отырып қарастырып, жүзеге асырдық. Ал облысымызда 21 350 мүгедек тіркелген, – деді өз сөзінде Ермек Арынханұлы.

Екі қабаттан тұратын «Қамқор» арнаулы орталығында биылғы жылдың қаңтарынан бастап 18 жастан асқан азаматтар үшін стационар жағдайында 50 орынды бөлімше жұмысын бастады.

– Қызым Назерке туғаннан дертті болып, осы орталыққа бергенбіз. Екі ай бұрын 18 жасқа толған қызым бұл мекемеде 8 жыл уақытын өткізді. Арасында үйге алып кетеміз, бірақ өз ортасын, осы бір мекемені сағынып тұрады. Бастапқыда 18 жасқа дейін болатын, облыс басшысына өтініш жазып, 18 жастан асқандарды да қабылдайтындай мүмкіндік алдық. Бұл тұрғыда өтінішімізді бір сағатқа жеткізбей шешіп берген облыс әкімі Бейбіт Исабаевқа ерекше алғыс білдіремен, –  дейді Динара Қуатбекқызы. 

Бүгінде «Қамқор» орталығында 104 азамат қызмет алуда. Ол үшін орталықта барлық жағдай қарастырылған. Мекеме аумағында ойын алаңы, спорттық алаңдар мен жылыжай бар. Алдағы уақытта монша салу жоспарланған. Ал қызмет алушыларды емін-еркін тасымалдау үшін көлік алуға қаражат бөлінді.

Серік ҚАНТАЙ
 Суреттерді түсірген Дмитрий ЕРОФЕЕВ