Жетісу облысының тұрғындары 230 миллион теңге салым саламын деп сан соғып қалды

Уақыты: 31.01.2024
Оқылды: 590
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүріп оңай ақша табатын алаяқтардың аңғал азаматтарды қалай құрыққа түсіретінін баяндады.

Атап айтсақ, департамент тек контрафактілік өнім бойынша 4 қылмыстық іс қозғады. Ербол Құрманбаевтың айтуынша, кәсіпкерлік қызметті тіркеусіз және міндетті лицензиясыз жүзеге асырғаны үшін барлығы тергеу барысында 48,5 мыңға жуық қорап темекі, құрамында спирт сұйықтығы бар 34 канистр, 6  мыңнан астам бөтелке мөлшерінде алкоголь өнімі жойылды. 

Департамент акцизделетін өнімнің көлеңкелі айналымына қарсы күрес шеңберінде алкоголь өнімін өндіру бойынша жерасты цехтарының қызметі сәтті тоқтатылды. Бұл цехтар Алматы  облысының маңында орналасқан, ал жер асты өнімдерін жеткізу тек Жетісу облысының аумағында жүзеге асырылған. 

Сондай-ақ, экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері Жетісу облысында  өткен  жылы 230 миллион теңгеге жуық қаржы салған үш қаржылық пирамиданы анықтады.  

«Агенттік төрағасының тапсырмасымен Жетісу облысы бойынша ғаламтор арқылы тұрақты негізде мониторинг жүргізілуде, онда барлығы заң аясында тексерілетін болады.  Яғни,  қаржы пирамидалары мен инвестициялық жобалар назарға алынады. Қаржылық шабуылдардың алдын алу мақсатында It-құралдарды пайдалана отырып, интернет-кеңістікте заңсыз мазмұнды іздеу жүзеге асырылады. Қаржы пирамидасының белгілері бар анықталған сайттар, аккаунттар «кибернадзор» жүйесі арқылы бұғаттау үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің уәкілетті органына жіберіледі. 

Жыл басынан бері интернет ресурстарын тексеру бойынша телеграмм қосымшасында «Baiqa, piramida!» жобасы іске қосылды. Бұл азаматтарға сайттар мен әлеуметтік желілерді өз бетінше тексеруге мүмкіндік береді, қаржы пирамидаларының белгілері бар желілер және олардың заңсыз схемаларға тартылуына жол бермейді. Сондай-ақ, кез келген экономикалық құқық бұзушылықтар туралы хабарлау үшін «AFM INSIDER» бот жеделхаты іске қосылды. Бүгінгі күні өткізілген іс-шаралардың нәтижелері бойынша 3 қаржы пирамидасының заңсыз қызметі анықталды. Атап айтсақ, «Qnet», «Amanat drive» және «Elous», - деді спикер.  

Алдағы уақытта қаржылық қылмыстар бойынша ҚР заңдарының бұзылуын анықтау жұмыстары күшейтілмек.

Өңірлік коммуникациялар қызметі