Қазақстанның барлық аймағында электр сиреналары ойнайды

Уақыты: 08.02.2024
Оқылды: 401
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстанның барлық аумағында бүгін сағат 12.55-те «КӨКТЕМ – 2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу аясында азаматтық қорғауды құлақтандыру жүйесі тексеріледі. Осыған байланысты ТЖМ ескерту жасады.

«Халықты төтенше жағдайдан қорғау жөніндегі басты іс-шаралардың бірі ретінде халықты уақтылы хабардар етумен қатар, табиғи, техногендік сипаттағы қауіпті факторлардың туындауы немесе оның қаупі туралы хабардар ету болып табылады. Тексеріс барысында электр сиреналары мен сирена-сөйлеу қондырғылары қосылады. Осыған байланысты халықты үрейге бой бермеуге және оған түсіністікпен қарауға шақырамыз», - деп хабарлады ТЖМ-да.

Сондай-ақ құтқарушылар электр сиреналары қосылған кезде не істеу қажет екенін еске салды.

«Егер сигналды үйде естісеңіз:
- радио және теледидар қабылдағыштарын қосыңыз;
- шұғыл хабарламаны тыңдаңыз;
- берілген хабарламаға сәйкес әрекет етіңіз.

Егер сигналды көшеде естісеңіз:
- көшедегі дауыс зорайтқыштар мен жылжымалы хабарлау құралдары арқылы тарайтын шұғыл хабарламаны тыңдаңыз;
- берілген хабарламаға сәйкес әрекет етіңіз.

Сіздің аймақтағы шұғыл ақпаратты тез алу үшін «Дәрмен» мобильді қосымшасын жүктей аласыз», - деп ескертті ведомствода.

Фото: gov.kz