Талдықорғанда салықтық мөлшерлеме төмендетілді  

Уақыты: 26.02.2024
Оқылды: 228
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысының орталығында қала бойынша бөлшек салықтың арнайы салық режимдерін қолданатын кәсіпкерлер үшін үлкен жеңілдік қарастырылған.  Нақтырақ айтқанда ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап кәсіп иелеріне салынатын салықтық мөлшерлеме 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетілген. Бұл туралы Талдықорғанда жергілікті кәсіпкерлердің қатысуда қала әкімі Ернат Бәзілдің төрағалығынмен өткен жиында жария етілді.

Мамандардың мәліметінше, өткен жылдың 15 желтоқсанында  қалада жергілікті кәсіпкерлердің салық мөлшерлемесін төмендету туралы арнайы жиын өтіп, бұл мәселе жан-жақты талқыланған. Осыдан соң жауапты мекемелердің бірлесіп зерделеулерінен кейін Талдықорған қалалық мәслихатының қолдауында  кәсіпкерлерден алынатын салық мөлшерін  4-тен 2 пайызға  төмендету № 16-93 шешімі қабылданған. Аталған шешім 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген.

Кәсіпкерлер қатысқан бас қосуда Ернат Дүйсенбекұлы:  «Мемлекет басшысының саясатын қолдау мақсатында сіздермен бірлесіп, осындай оңтайлы шешім қабылданып отыр. Салық мөлшерін төмендету бизнесті көлеңкеден шығаруда және кәсіпкерлік субъектілері алатын кірістерді заңдастыруда қолайлы.  Әсіресе, кәсіп иелері мен олардың жұбайлары активтер бойынша декларация берген кезеңде мультипликативті және міндетті сақтандыру медициналық қызмет көрсету, нақты жұмыспен қамтылған халықтың санын анықтау бойынша қызметкерлердің жалақы қорын көрсетуге оң әсер етеді деп ойлаймыз», - деді.

Осыдан соң кәсіпкерлік саланың өкілдері шағын және орта кәсіпкерлік саласының еңбеккерлеріне ерекше қолдау білдіріп, одан әрі дамуына жол ашып жатқаны үшін  қал әкімдігіне өз алғыстарын жеткізді.                                                  

 

 Айдын КӘЛІМХАН