Жетісудың климаты қаншалықты өзгерді

Уақыты: 18.03.2024
Оқылды: 384
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Көбінесе Алматының байырғы тұрғындарынан бұрын қалада қыстың қарлы, жаздың аса ыстық емес, шөптің жап-жасыл болғанын естиміз. Оның рас-өтірігін көпжылдық бақылаулар нәтижесінде метеоролог ғалымдар нақты айтып беруі мүмкін.

Ал біз әзірге ХХ ғасырдың басындағы жазбаларды қарап, ондағы қаланың климатына қатысты мәліметтермен салыстыра аламыз.

Атап айтқанда, "Вологда епархиясының ведомостволары" журналында жарияланған "Түркістаннан келген хаттарда" Жетісудың климаты туралы құнды мәліметтер кездеседі.

Жазба авторы – Вологда губерниясының тумасы Виктор Иларионов Жетісуға миссионер ретінде келген. Рухани қызметтен бөлек, ол жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі, шаруашылық жүргізу әдістері, сондай-ақ табиғат туралы бақылауларын мұқият жазып отырған. Иларионовтың Жетісу климаты туралы жазбалары газеттің 1905 жылғы наурыздағы санында жарық көрді.

Түркістан епархиясының діни қызметкері мұндағы көктем мен күздің Вологданың жазынан да әдемі екенін мойындаған.

"Бүкіл аймақ таулармен қоршалған, кез келген жерден таудың шыңдары көрінеді. Сондықтан бұл жердің климаты теңіз деңгейінен жоғары орналасуына байланысты. Жер теңіз деңгейінен жоғары болса – климат суық және ылғалды, ал төмен болса – ыстық және құрғақ. Мысалы, Верный Жаркент қаласынан оңтүстікке қарай үш градуста, дегенмен ауа райы Жаркентке қарағанда суық. Себебі, Жаркент 300 фут биіктіктегі аңғарда орналасқан (теңіз деңгейінен 91 метр ред.), ал Верный – 2800 фут (853 метр ред.). Соңғысында шабдалы піспейді, жүзімі бүлдіргеннен тәтті емес, ал Жаркентте екеуі де жақсы өседі", – деп жазды автор.

Сонымен қатар, Иларионов қоныс аударушылардың тауларға жақын жерлерге орналасуы бекер емес деген қорытындыға келді: солтүстіктің адамдары осылайша оңтүстіктің аптап ыстығынан қашқан.

"Қар барлық жерде жауады, бірақ, бір уақытта емес. Таулардың етегінде қарашаның аяғынан наурызға дейін жатады. Биік орналасқан ауылдардың көпшілігін 1-20 желтоқсаннан 10-20 ақпанға дейін қар басады. Төменгі жерлерде алғашқы қар шамамен 20 желтоқсанда жауады, сөйтіп бір жарым айда, үш апта немесе одан да аз уақытта ериді", – делінген "Түркістаннан келген хаттарда".

Қар жамылғысының биіктігіне келер болсақ, Иларионовтың айтуынша, тауларда бір аршынға (71 см) жетсе, аңғарларда – бір тұтамнан (4,4 см) ары кетсе жарты аршынға (35,5 см) дейін.

Қысқы температураға қатысты мәліметтер таңғалдырады. Автордың айтуынша, ең қатты аяздар (-25 градусқа дейін) 1 желтоқсаннан 1-15 қаңтарға дейін болған, ал 10-15 қаңтардан кейін "көктемнің жылы күндері" жиі тіркелген.

"Қаңтар айының аяғында, кейде 10 ақпанға қарай қар жаумайды, күндіз 10 градус жылы", – деп жазды ол.

Бір қарағанда, ол кезде аяз ертерек басылып, көктем тезірек келетін сияқты көрінуі мүмкін. Алайда, 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін жыл санау өзгергенін ескеру қажет. Ескі стильдегі күндерге 13 күн қосу керек. Демек, ол кезде де аяздар қазіргідей қаңтардың соңына қарай түсіп, қар ақпанның аяғында еріген.

Сондай-ақ Жетісу өңіріне сай дәстүрлі ауа райының күрт құбылуы да өзгеріссіз қалған. Хатта көрсетілгендей, ауа райы түнде -20-дан күндіз +1 +3-ке дейін құбылып отырған.

Шамасы жыл санаудың өзгеруіне байланысты далалық жұмыстардың да ерте басталғаны атап өтілген: "Нан дақылдарын егу 10 ақпаннан 1 наурызға дейін басталып, 20 мамырдан 1 маусымға дейін жалғасады".

Иларионов мамыр айы мен маусымның бірінші жартысын жаңбырлы деп атайды. Ал 15 маусымнан 1 қазанға дейін құрғақ мезгіл сақталған, "бір тамшы жаңбыр жаумайды". Қазан айының ортасынан желтоқсанның ортасына дейін, сондай-ақ Наурызда жиі жаңбыр жауған.

"Шілде айына қарай таулар мен жасанды суармалы жерлерді қоспағанда, барлық шөп өсімдіктері сарғайып, күйіп кетеді. Суармалы жерлерде қазан, қараша, тіпті, желтоқсан айларында аяздан кейін де көк шөп болады", – деп жазды автор.

Иларионов өлкенің климатына шолу жасай отырып, жергілікті ауа-райы қолайлы деген қорытындыға келген. Айтуынша, сол себепті жергілікті тұрғындар арасында "Кавказдағыдай қауіпті безгектер" тарамайды. Ал солтүстіктен қоныс аударғандар жергілікті ыстыққа тез үйренеді.

Дереккөз: zakon.kz
Сурет: pixabay