Жетісу өңіріндегі Жібек жолы бойында орналасқан ортағасырлық қалалар

Уақыты: 18.03.2024
Оқылды: 420
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақ даласындағы ортағасырлық қалалар десе, алдымен Яссы, Түркістан, Сарайшық, Отырар, Сауран, Испиджап, Мерке, Сайран, Созақ, Суяб, Тараз қалалары еске түсетіні белгілі. Сондай қалалардың ішінде өзіндік маңызға ие қалалар Жетісу облысында да болған. Олардың қатарына көне Дүнгене (Екіоғыз), Қойлық, Ілебалық, Жаркент, Түргенкент және Алакөл ойпатындағы Гаган, Асусай, Жайпақ, Көктұма қалалары жатады.

Қазақ даласында қалалардың салынуы VI ғасырдан бастау алады. Қазақстанның оңтүстік, орталық, жетісу өңірін мекен еткен халық мал, егіншілікпен ғана айналысып қоймай, өздері тұрған мекен-жайларға қалалар сала бастады. Екінші жағынан шығыс пен батысты жалғайтын сауда-керуен жолдары да өркениеттің дамуына өзіндік үлес қосты. Ол – ұлы Жібек жолы деп аталып, ежелгі Қытай, Үндістан мен Таяу Шығысты және Еуропаны байланыстырды. Ал, сондай жол тораптарының бір тармағы қазіргі Жетісу өңірі арқылы өтетін болған. Іле Алатауының теріскейіндегі Қастек, Алматы маңындағы шағын қалалар арқылы Іле аңғарынан оңтүстік-батыстан солтүстік шығысқа қарай өтіп жол екіге бөлінеді.  Талхизге жеткенде жол екіге бөлініп, оңтүстік жол Есік, Түрген, Шелек арқылы Ыстықкөл аңғарынан келетін жолға қосылып, Қорғас арқылы Алмалыққа жетеді. Алмалық – ХIVғасырда моғолстан астанасы болған. Ал, солтүстік жол тармағы Талғар өзенінен бойлай Қапшағай шатқалындағы Іле өзенінінен өтіп, Шеңгелдіге, содан соң Алтынемел асуы арқылы Көксу аңғарына түсіп, Дүнгене (Екіоғыз) қаласына барып жеткен. Екіоғыздан шыққан жол қарлұқ мемлекетінің астанасы – Қойлық қаласына апарған. Қойлық қаласының орны қазіргі Сарқан ауданы, Қойлық аулының маңында. Сол кезде ірі сауда орталықтары Талхиз бен Қойлық болған.  Одан әрі Алакөл ойпатындағы қалаларға жеткен.

Сауда-саттық, егіншілік пен кәсіпшіліктің қарқынды дамуы отырықшылық мәдениеттің қалыптасуына ықпал етті. Нәтижесінде қалалардың саны өсті. Ғалымдардың соңғы зерттеулері бойынша Оңтүстік Қазақстан жерінде 37 қала орны, Жетісудың оңтүстік-батысында 36 қала жұрты анықталса, солтүстік-шығысында 70 қаланың орны табылған. Қалалар санының осыншама артуы экономикалық әлеуетінің де көтерілгенін аңғартады. Ол өз кезегінде өркениеттің, мәдениеттің, қолөнердің дамуына оң әсер ететіні белгілі. Тарихшылар осы орта ғасырлық дәуірге жататын қала, кенттерді негізінен үш топқа бөліп қарастырады. Олар: аумағы 10 гектарға жетпейтін кенттер, көлемі 10 - 30 гектарға дейінгілер қалалар және 30 гектардан асатын қалалар. Сондай-ақ, қоғамдағы әлеуметтік таптық жіктелуге сәйкес жалпы орта ғасыр қалаларының құрылымы да үш бөліктен тұрған. Олар: орталығы (цитадель) - бай-шонжарлар мекені; екінші дәрежелі үйлер - орташалар мен қолөнершілер баспанасы; сыртындағы үшінші бөлік - егіншілер, кедейлер тұрағы. Сол кезде қалада тұратын түрік шонжарлары өздерінің үй-жайларының алдына сәнді де әдемі киіз үйлерді тігіп қоятын болған. Қала құрылыс материалдары топырақ, ағаш, шикі немесе күйдірілген кірпіш, тастан тұрғызылды. Қала тұрғындары көбіне егіншілікпен айналысып, қосымша күнкөріс есебінде мал өсірумен, сондай-ақ, қолөнермен шұғылданған.  

Жібек жолы бойындағы Жетісудың ортағасырлық отырықшы және қала мәдениетінің  дамығандығы туралы жазба деректемелер мен археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде анықталған. Жаркент өңіріндегі қалалар да Ұлы Жібек жолы бойында орналасқандықтан қала мәдениеті қарқынды дамыды. Ондағы Іле өзенінің орта ағыныда орналасқан Ілебалық қаласының атауы 1254 жылы Жетісуды көктей тіліп өтіп моңғолдардың астанасына барған армян патшасы І Гетумның (Гайтон) күнделігінде кездескен. Онда қала «Иланбалах» – деп жазылған, яғни бұл сөз «Іле өзені өңіріндегі қала» деген ұғымға саяды. Алғашында ол жердегі Ауыл адамдары алдымен  қорған  қалдықтарын байқаған. Тастай қатты кірпіштер, әр алуан пішіндегі  тиын-тебендер тауып алған. Одан соң бұл тосын жаңалық тиісті орындардың назарына ілігіп, арнайы  археологиялық   қазба жұмыстарына жалғасқан. Археологтар қала орнынан моншаның орнын да тапқан. Онда еденінің өзіне  жалпақ тастар төселген. Отырып жуынатын  тас  орындықтардың қалдығы да сақталған. Тағы бір бөлмесі - ыстық булы орын. Сондай-ақ, едендегі астында дөңгелек тесік құбырлар табылған. Ол, кәріз  жүйесіне жалғасқан. Бұл өңірдегі Ақкент, Түргенкент, Жаркент қалалары да ірі орталық болған. Түргенкенттің орны Жаркент - Сарыөзек тас жолының бойында жатыр. Нақтырақ айтсақ, Үшарал ауылының солтүстік жағында, бір жарым-екі шақырым жерде. Кезінде, орыс саяхатшысы Н.М.Ядринцевтің 1882 жылы Петербургте шыққан «Орталық Сібір» деген кітабында «...Түргенкенттің желке тұсындағы аталмыш егістік жерлерге еккен бидай мен тарыдан мол өнім алынады. Беде де жақсы өседі, мақта да егіледі» деген  мәліметтер келтірген. Шығыстанушы, исламтанушы академик В.В.Бартольд «Жетісу тарихының очерктері» атты еңбегінде  Түрген қорғаны туралы «...Іле өзенінің маңдағы Бурақожыр өзенінің бойында Көкталдан  кейінгі жерде қираған қаланың орны бар, қаланды үйлерден, қорғаннан бірнеше заттар табылған, бірақ нақты зерттелмеген» деген анықтамасы бар. Сол қаланың айналасында әртүрлі көлемдегі обалар көптеп болған. Обалар маңынан тиындар, қыш ыдыстар табылған екен. Кеңестік кезеңде ол жерлерге егістік егілген. Ал, Түргенкент қаласының орны сақталып қалған. Мұнда қазылған су тоғандарының орны, дуалдың орны, үй қабырғаларының қирандылары қалған. Үй қабырғалары шикі немесе күйдірілген кірпіштен қаланбағандығы, оның орнына сары батпақ, қамыс пайдаланғаны анықталған. Арасынан өткен дәуірдің жәдігерлері - қыш құмыралардың, шойын, темір, шыны ыдыстардың сынықтары табылған.

Алакөл ойпатындағы ортағасырлық қалалар да сол заманның сауда-саттық, өркениеттің, өнердің орталықтары болғаны белгілі. Алакөл өңірінде ғылыми зерттеу жұмыстары 2007 жылдан басталды. Сол уақыттан бастап осы өңірдегі қола, темір дәуірімен қатар ортағасырлық қалаларды да зерттеудің мүмкіндігі туды. 2011 жылы Алакөл ойпатында далалық барлау жұмыстары жүргізіліп, ортағасырлық қалалардың біршамасының топографиялық жоспарлары алынса, 2012-2013 жылдары Асусай қаласында, 2014 жылы Қоскеліншек қаласында және 2015-2018 жылдар аралығында Жайпақ қаласында кешенді қазба жұмыстары жүргізілді. Асусайдан табылған археологиялық жәдігерлер Алакөл ауданы, Лепсі тарихы музейінде сақтаулы.

Тарихта Қойлық, Дүнгене қалалары туралы жазбалар қазақ тарихшыларының ғана емес, әлемдік тарихта да айтылған. Франция Королі Людовик ІХ Вильгельм Рубрукты саяхатшы ретінде 1253 жылы Орта Азия елдеріне елшілікке жібереді. Осы кезеңде Вильгельм Рубрук Қойлық қаласына тоқтап, мұнда қонақ ретінде қабылданып, жергілікті халықтың мәдениеті, тұрмыс-тіршілігімен танысады. Ол негізі тарихта будда храмы туралы, сонымен қатар хамам моншасы жайлы жазып қалдырды. 1998 жылы Дмитрий Воякин мен Карл Байпақов зерттеу жүргізеді. Осы жерден жаңа аталған хамам монша мен будда ғибадатханасын, мешіт пен шіркеудің орындарын табады. Бүгінде Жетісу облысының Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінде де Қойлық қаласынан табылған жәдігерлер музей экспозициясынан орын алған. Олардың ішінде айта кететіні: су құбыры, қыш ыдыстар, кірпіш пен қола айна, үлкен хум ыдыстар.  Қойлық – үш діннің, сан түрлі мәдениеттің тоғысқан жері болғандығын білдіреді. Міне осылай 2013 жылдан бастап Қойлық дүниежүзілік тарих және мәдени ескерткіштер тізіміне еніп, ЮНЕСКО қамқорлығына алынады.

Ұлы Жібек жолы – тарихымызда маңызды роль атқарды. Халықтар арасында байланыс орнап, әркез тың бастамалар орындалып, ғаламдық ақпараттық орталық алаңы дамыды. Өнер мен ғылымда жетістіктерге жетіп, ақпараттар жаңарып отырды. Ежелгі түркілер өз территориясынан өткен кеуендерді қорғауда өз мүдделері үшін қауіпсіздігін қолға алды. Өркениеттің тың бастамаларын қолдарын дер кезінде пайдалана білді. Нәтижесінде, құрлыс, сауда-саттық, айырбас, қолөнер, егіншілік дамыды.  Жетісу өңіндегі ежелгі қалалардың орнынан табылған мұралар осыған дәлел. Сонау ортағырдағы Ұлы даланы мекен-еткен бабаларымыз көшпелі өмір салтын ұстана жүріп, қала мен дала мәдениетін үйлестіре білген.

Қалқаман АБДРАХМАНҰЛЫ,
Жетісу облысының Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы
тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі

Фото: instagram.com