Талдықорғанда 2 мыңнан астам адамға баспана берілмек

Уақыты: 28.03.2024
Оқылды: 262
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласы әкімдігінің берген мәліметінше, өткен жылы шаһарда 149,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Онда әр санат бойынша кезекте тұрған 1747 тұрғын қоныс тойын тойласа, биыл тағы 2 мыңнан астам адамға жаңа баспана кілтін табыстау жоспарда. Осыған сай, бүгінде Жетісу облысының орталығында тұрғын үй салу жұмыстары қарқынды.

Баспана кезегін күткен тұрғындардың сөзінше, осыдан біраз жыл бұрын қаншама көп қабатты тұрғын үйлер салынып, жаңа  шағын аудандар бой көтерсе де  олардың үй алу кезегі еш жылжымаған. Қайта былтырдан бері кезектің біраз жылжуы анық байқалған. Дейтұрғанмен  кейбір азаматтардың кезекте тұрғанына 15 жылдан асқан.

  Жасырары жоқ  2015-2021 жылдар ішінде Талдықорғанда 1300-ге жуық пәтер мен үй заңсыз беріліп, 1700-ден  астам адам баспана алу кезегінен еш себепсіз шығарылған. Осыған байланысты соңғы жылдары аймақ атқамінерлері кезекте тұрған азаматтардың реттік санын анықтап, заңсыз берілген үйлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын қолға алған. Қазіргі уақытта тұрғын үй мәселелері бойынша заңды жұмыстар жалғасуда.

– «Қазір жалпы Жетісу облысының орталығында тұрғын үй кезегінде тұрған адам саны 15 мыңнан асады. Өткен жылы олардың 1700-ден астамына үй берілсе, биыл тағы 2084 тұрғын баспаналы болады деп күтілуде. Қолданысқа беріліп жатқан үйлердің біразы жергілікті бюджет есебінен, тағы біразы жеке кәсіпкерлер мен меценаттар өз қаражаттарына тұрғызған. Сонымен бірге бүгінде бюджет қаражаты есебінен 693 пәтерге арналған 21 үйдің, жеке құрылыс салушылардың қаражаты есебінен, яғни «Жетысужилстрой» ЖШС 350 пәтерлі 5 үйдің құрылысы жүргізілуде», - дейді Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Рүстем Бершінбеков.

Рүстем Сағындықұлының айтуынша, қазір Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда тұрғын үй құрылысын салу жұмыстары көптеп қолға алынуда. Оған шаһардағы жаңадан бой көтеріп жатқан ықшам аудандар мен ел игілігіне беріліп жатқан көпқабатты тұрғын үйлер дәлел. Мәселен, өткен 2023 жылы, халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 63 тұрғын үй сатып алынған. Сондай-ақ, «Жетісу жастары» бағдарламасы аясында 31 жанұя жаңа пәтерге қол жеткізсе, ал апатты деп танылған баспана иелеріне 32 пәтер берілген. Ендігі апатты жағдайда тұрған тұрғын үй мәселесі биылғы жылдың соңына дейін оңтайлы шешілмек. Сонымен қатар, осыған дейін кезекте тұрған 36 көпбалалы отбасыға «Береке» коттедж қалашығынан баспана кілті табысталса, бұл жұмыстар биылғы жылы да жалғасын таппақ.

                                                                          

                                                                             Айдын КӘЛІМХАН.

 фото: espanarusa.com: UGC