Алматыда өңірлік мерзімді баспасөз басылымдарының екінші республикалық форумы өтті

Уақыты: 15.04.2024
Оқылды: 244
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Өткен аптаның соңында Алматыда өңірлік мерзімді баспасөз басылымдарының екінші республикалық форумы да жоғары деңгейде өтті. Айтулы шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастырды.

Екі күнге жоспарланған форумда 5 панельдік сессия өтіп, отыздан аса білікті медиа маман өз тәжіриблерімен бөлісті. Ауқымды шараға еліміздің аймақтарынан 70-ке жуық сала маманы келді.

Өңірлік басылымдар қазіргі жай-күйі талқыға түскен жиында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Мәжілісінің депуаттары Қазыбек Иса мен Ермұрат Бапи де болды. Олар мерзімді баспасөздің маңыздылығына тоқталып, бұл бағытта мемлекеттік қолдаудың аса қажет екенін жеткізді.

– Бұған мемлекет тарапынан үлкен маңыз берілу керек деп есептеймін. Өйткені мұндай мысалдар шет елдерде бар. Әсіресе, мен атап өттім, Францияда 18 жасқа дейінгі азаматтарына қалауына қарай жасөспірімдерге арналған жаздырту. Қазпоштаға субсидия бөлу арқылы тарату мәселесін жүзеге асырып отырмыз ба, енді сондай қаражатты бөлу арқылы балаларды оқуға тәрбиелеу. Өңірлік басылымдардың өкілдері газет пен журналды шалғай ауылдарға жылдам жеткізу де маңызды екенін айтты. Сонымен қатар тілшілерді ынталандыру жайын қарастырса, – дейді Нұртөре Жүсіп.

«Мерзімді басылымдар – халық сауаттылығының қайнар көзі» атты тақырыпты өзек еткен басқосудың алғашқы панельдік отырысына «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директорының орынбасары Қамбар Ахмет модераторлық жасап, жиынның маңыздылығын атап өтті.

– Бүгінгі форум да Мәдениет және ақпарат министрлігі қолға алған кешенді шаралардың үлкен бір бөлігі. Былтыр елордада өткен алғашқы форум бүгін Алматыда жалғасын тауып отыр. Форумда мерзімді басылымдарды танымал ету, оқырман аудиториясын кеңейту, баспасөзді нығайтуда әлеуметтік желінің мүмкіндіктерін пайдалану, сонымен қатар, балалар басылымдары, басылымдарда сапалы контентті арттыру мәселелері талқыланады, – деді Қамбар Жұмағалиұлы.

Өз кезегінде Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Мейірлан Раханов мемлекеттік қолдаудың мол екенін айта келіп, соның дәлеліндей болған бұл алқалы жиынның маңыздылығы жайлы айтты.

– БАҚ – қоғам мен билік арасындағы алтын көпір, құлағы көзі. Сондықтан мемлекет ақпарат құралдарының еркін әрі сапалы жұмыс істеуі үшін әрқашан қолдауын көрсетеді. Өңірдегі халықтың көңіл күйі тілшілер жеткізетін ақпараттың сапасы мен сынына байланысты екені белгілі. Екі күндік форум алыс аймақтардан келген ақпарат өкілдері үшін жемісті әрі тиімді болады деп сенемін,  деді Ақпарат комитетінің төрағасы М.Раханов.

 

ӨТКІР САРАПТАМА – ӨТІМДІ БАҚ

«Тиімді» демекші, жинның алғашқы күнгі отырысының өзі  әдеттегідей үйренген ауызға «бос өтті» дегізбеді. Ә дегеннен сараптамалық материал жазу, журналистік зерттеу тәсілдері, мерзімді басылымдардың беттелуі мен дизайны, фототілші тәжірибесі – бәрі-бәрі қызықты өтті деуге болады.

Мәселен, мерзімді басылымда сараптамалық мақала берудің әдіс-тәсілі мен артықшылығы жайлы  «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Алмас Нүсіп пен «Мысль» журналының бас редакторы Асыл Сағымбаев, «Дат» газетінің бас редакторы Құтмағанбет Қонысбаев баяндап өтті.

Тартымды дизайнымен ұтатын «Курсив» газетінің тәжірибесі де көпке үлгі болғандай. Айталық, аталған басылымның шеф-редакторы Татьяна Николаеваның айтуынша, бұндағы басты тетік – мақалаларды «ойнатып» беру мен оны беттеудегі өзгеше үйлесім маңызды-ақ.

Ал филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаева болса журналистердің тілдік қолданыстағы нормаларды сақтамай отырғанын, әсіресе жастардың көбіне қаймақты қазақы сөздік қорымыз байып тұрса да орыс тілінен аударылған «калька» атауларға үйір екенін сынға алды.

Осы ретте, мерзімді басылымда жұмыс істеп келе жатқан әріптестер жақсы білетін бір қағида бар десек, «жақсы сурет – жарты тақырып» деуге болады. Соны ескерген ұйымдастырушылар «Казахстанская правда» газетінің фототілшісі Юрий Беккерді де спикерлер қатарына қосқан. Өз кезегінде ол фототілшілер кәсібінің маңызды қырлары туралы әңгіме өрбітті.

 

ЖАҢА МЕДИА – ЖАҚСЫ ДОС

Бұл тақырыпшаны қоюымызға өз ісін жетік білетін медиа мамандардың орынды да ұтымды пікірлері себеп болғанын жасырмаймыз. Жасанды интелект игілігі мен оның бүгінгі дәстүрлы медиаға әсері жайлы әңгімелер шараға қатысып отырған ешбір журналисті бейжай қалдырмады деп ойлаймын.

Бұл тақырыпта "Жетісу Медиа" ШЖҚ МКК-нің басшысы Шыңғыс Бозым сөз алып, медиа қызметіндегі жасанды интелектің пайдасы мен оны пайдаланудағы қызықты жайттарға тоқталды.

Бұған өзектес мерзімді басылым қызметінің әлеуметтік желілердегі белсенділігі мен өзндік жаңаша даму үлгісі есебінде«YouTube» канал ашу, сол арқылы газет оқитын оқырман санын молайту мәселесі де назардан тыс қалмады.  

Бұл бағытта тәп-тәуір жұмыс істеп келе жатқан, бүгінде жазылушысының саны 300 мыңға таяған «Сұрауы бар» YouTube-жобасының жетекшісі Ербол Сейілхан өз оыймен бөлісті. Оның пікірінше, газет-журналдар дербес өзінің YouTube арнасын ашып, медиа нарыққа сауатты шыға алуы керек деп есептейді. Оның үстіне, әлемде сіз ұсынған контентке жалғыз ақша төлейтін платформа «ютуб» дейді.

– «YouTube» арна ашу оңай әрі көп қаражат шығындамайсыз. Арнаны неғұрлым тезірек ашсаңыз, ұйымның қаржылық кірісін көбейту мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Университеттерде YouTube арнасын қалай жүргізу керектігін үйретпейді, бәріміз өзіміз үйрендік. Мәселен, бейнехостингті үйренуге күніне он минут уақытыңызды қисаңыз, көп ұзамай сіз бұл мәселені жақсы меңгеріп шығасыз, – деді Ербол Сейілхан.

Ол тағы қазіргі уақытта қазақ тілді аудиторияның күн санап өсіп келе жатқанын, соның дәлелі бүгінде Қазақстанда 12 миллион аудитория болса, соның 8 миллионы қазақ тілді көрермен. Бұл үлкен жетістік дейді Ербол. Әрі мықты канал иелерінің жалғыз-ақ құпиясы бар болса, ол – тұрақтылық дейді.

Бұнда тағы бір ескеретін жайт, қазіргі уақытта саяси бағыттағы «YouTube» арналар көптеп ашылғандықтан бұл бағыттағы көрермен белсенділігі керемет деп айтуға келмейді. Бұдан бөлек жарнама берушілер де бұндай арналарға жоламауға тырысады. Тиісінше қазақ тілді аудиторияға мейлінше қат болып тұрған салалық білімді дамытатын техно арналар мен балаларға арналған контенттер маңызды болып отыр.

Қазіргі уақытта дәстүрлі мерзімді БАҚ пен жаңашыл бағыттағы медиа-жобалар арасында өзара түсініспеушілік болып жататынын да көп байқаймыз. Сол себепті де бірін бірі қабылдауы да қиындай түседі. Ал мамандар бұндай жағдай болмас үшін екі тарап та бірінің түбіне бірі жететін емес, бірін бірі толықтыратын дүние ретінде қараған жөн.

2018 жылдан бері мемлекеттік мекеме, органдармен бірлесе жұмыс істеп келе жатқан мықты PR маман Ақерке Берлібай да өз саласы бойынша тұщымды да қызықты ақпараттар ұсынды.  

 

БАЛАЛАР БАСЫЛЫМЫ БАСТЫ НАЗАРДА

Айтулы шараның соңғы жүгі негізінен осы балалар басылымының бүгінгі жай-күйі мен ертеңгі тағдырына байланысты артылды. Жасыратыны жоқ, әзірге бұл бағыттағы жұмыстар көңіл көншітпей тұр.

Бұл жайлы педагогика ғылымдарының кандидаты Бақытгүл Салықова кеңінен тоқталып өтті. Оның пайымынша, қазір Қазақстанда 7000 аса мектеп бар. Егер осы мектептер ең кемі бір данада өздерін керекті балалар басылымына жазылды десек нәтиже басқаша болмақ.  

Бұдан бөлек, отандық комикс бағытын дамытушы Жақып Оразхан мен «ALAN & kids» журналының бас редакторы Әсел Тыныбаева да өз пікірлерін ортаға салды.

Мамандар пікірі «ортақ қауымдастық құру керек» деген қортындыға келіп, бірлесе, селбесе жұмыс істеудің маңыздылығы айтылды.   

Осындай түйткілді мәселелер көтерілген жиында ҚР Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары Ержан Байтілес әр өңірден  жиналған мамандарға

– Құрметті әріптестер! Салмақты мәселелерді талқыға салған екі күн тиімді өтті деп ойлаймын. Сіздердің БАҚ-тың бағын ашсақ деп талпынған ниеттеріңізге, белсенділік көрсетіп, ой-пікірлеріңізбен бөліскендеріңізге қуаныштымын. Мерзімді басылымдардың таралымын көбейту, контент құру, әлеуметтік желілерде ілгерілету сынды өзекті мәселелер көтерілді. Біз өңірлік мерзімді басылымдар беделін бірге биіктететін боламыз, – деді Ержан Байтілес.

Шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Мейірлан Раханов қортындылады.

– Осы форумда айтылған ұсыныстарды министрлік жұмысқа алып, алдағы уақытта шешу жолдарын бірге қарастыруға дайын. Қазіргі уақытта ұдайы негізде баспа басылымдарына қолдау көрсетіліп жатыр және бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасатын болады, – деді ол.

Жиын соңында 10 журналист «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Бұл қатардан «Жетісу Медиа» ШЖҚ МКК  құрамындағы Жетісу облыстық «Вестник Жетісу» газетінің бас редакторы Хасан Еспанов көрінді. Бұдан бөлек,  8 адамға министрдің құрмет грамотасы табысталды.

Қ. ӘБДІҒАППАР