Абзал жандар ардақталды

Уақыты: 12.03.2018
Оқылды: 1160
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Тіл сарайында өңіраралық форум өтті. «Саяси-қоғамдық, экономикалық өмірдегі, еңбектегі әйелдердің рөлі және әлеуметтік қорғалуындағы мәселелер» тақырыбында өткен аталмыш форумды Алматы облысының кәсіподақтар орталығының төрағасы Әсет Қыдырманов ашып, жүргізіп отырды. 

Билік пен қоғамдағы әйелдер белсенділігі, аналар күйі, абзал жандардың болмысы мен өмірдегі маңыздылығы сөз етілген жиында Алматы облысының кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Баян Рысбекова баяндама жасады. Ол жоғарыда көтерілген мәселелерге кең ауқымда шолу жасап, Отанның гүлденуі мен өмірдің нұрлануы абзал жандарға байланысты екендігін тілге тиек етті.
Өз кезегінде Алматы және Павлодар облысының Құрметті азаматы Күмісжан Өмірбаева, Ақсу ауданы және Алматы облысының Құрметті азаматы Қалима Жазылбекова сынды бірқатар зиялы қауым сөз алып, ақжарма тілектерін арнады. 
Алматы мен Астана қалалары, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстарынан келген делегаттар, мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, құқық қорғау саласының қызметкерлері қатысқан форумның қорытынды сөзін алған Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Марат Тоғжанов текті жұрттың мыңжылдық тарихынан сыр суыртпақтап, рухани өміріміздегі әйел, ана, ару рөлі жайлы әсерлі әңгіме өрбітті. Сонымен қатар,  бірқатар нәзікжандыларды ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Алғыс хатымен марапаттады. Ал, облыстық кәсіподақтар орталығының төрғасы Ә. Қыдырманов бір топ анаға облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын және облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасын табыс етті.

АРДА БИ.