Ақылды балалар ойыны

Уақыты: 16.03.2018
Оқылды: 1217
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласындағы №15 орта мектепте 6 ай бойы созылған «АТОМ» атты ақылмандық ойын өз мәресіне жетті. Алғырлар, тапқырлар, ойшылдар, мұрагерлер деп тәпсірленетін аталмыш жарысты 3,4-сынып оқушылары ойнайды. 12 жыл бойы дәстүрлі түрде өткізіліп отырған сайыстың авторы Бірлікті Шәбденов.

«Қыран» мен «Бәйтерек» топтарының тартысты бәсекесі нағыз алғырлар екенін көрсетті. Алғашында топ басшылары өздерін таныстырып, жігерлендіретін ұрандарын паш етті. Бірінші кезеңде екі топқа жарыстыра сұрақ қойылса, келген жанкүйерлер де ойыннан тыс қалмады. Оларға логикалық сұрақтар беріліп, білімдерін сынады. Тапсырмалар негізі Елбасының саясаты айналасында болды. Келесі кезеңдерде әдебиет, қазақ тілі пәндері бойынша сұрақ қойып, тәжірибелік басқатырғыштар берілді. Жанкүйерлердің шуылынан ба, екі топ та жеңіс үшін аянып қалмады. Кезең сайын бірінен-бірі басым түсіп нәтижесінде «Бәйтерек» тобы 1-орынды иеленді. Қарсыластарынан сәл ғана ұпай санымен қалған «Қыран» тобы           2-орынды қанағат тұтты.
– Біз бұл сайыспен жаңартылған бағдарламаның әдістерін сонау 2009 жылы бастап кеттік десек те болады. Себебі, мұнда да топпен жұмыс, ізденушілік сипат алады. Елбасы Н. Назарбаев «Қазақстанның болашағы – білімді ұрпақ» дегенді жиі айтады. Шынында өзі ізденетін білімді ұрпақ қана, ел болашағының негізін қалай алады. Осы орайда баланың шығармашылық қабілетін дамытып, «бір зат ойлап табатын» қазақ шығару мақсатымыз, – деді Бірлікті Шәрімбайұлы.
Осындай ақылмандық ойынның өз дәрежесінде өтуіне директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ләззат Салтакова, 4 «ә» сынып жетекшісі Раушан Қасымова да өз үлестерін қосты.
Сайыс соңында жеңімпаздар Алғыс хатпен марапатталып, естелікке суретке түсті.

Д. КЕҢШІЛІК