Аягөзге азық-түлік пен киім-кешек жөнелтілді

Уақыты: 19.03.2018
Оқылды: 1964
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Осыдан біраз күн бұрын Аягөз қаласында толассыз жауын-шашын салдарынан төтенше жағдай жарияланған болатын. Бір тәулікте бір айдың мөлшеріндегі жаңбыр жауды. Мәліметтерге сүйенсек, 132-ден астам баспана қираған. Олардың көпшілігі қайта жөндеуден өтіп, жарамсыз деп танылғандарына жаңа баспана берілді. 
Жақсылық жасау әр адамның бойында бар қасиет. Осы орайда Талдықорған орталық «Иман» мешіті зардап шеккен халыққа «Қайырымдылық керуені» атты акция өткізді. Шараның жай-күйін біліп қайту мақсатында орталық мешітке бардық. Мешіттің жертөлесі қайырымды жандардың әкелген заттарына толып кетті. Бұл көрініске сырттай қараған біздің жүрегіміз жылып, қуанып қалдық. Мешітте жүрегі кең жандар елдің әкелген заттарын іріктеп қаптарға салып жатты. 
– Акцияның насихаты өте жақсы болды. Тіпті алыс-жақын аудандардан, Көкшетау, Павлодар, Қызылорда өңірлерінен хабарласқандар көп. Көбісі ақшалай беріп жатыр. Себебі ол жақтағы халықтың біршамасы баспанасынан айырылған, сондықтан үй жөндеуге бұл үлкен көмек. Одан басқа киім, азық-түлік, тұрмыстық техникалар да әкелуде, – деді "Иман" мешітінің іс басқарушысы Руслан Ниязбеков. 
Сонымен қатар, аталмыш керуенмен бірге мешіттен өкіл ретінде Ардақ Оразбаевтың атынан 150 шаңыраққа дастарқан жайылады. 
– Аягөздегі жағдайды теледидардан естігенмін. Қиналған халқыма мен де отбасымның атынан қол ұшымды берейін деп балалардың киімімен бірге азық-түлік әкелдім, – дейді қала тұрғыны Нұрлан Әуелбеков. 
Айта кетейік, Қайырымдылық керуен кеше жолға шықты. Жүрегі асыл жандардың сауабын арқалап баратын керуенге сәт сапар тілейміз. 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Думан Кеңшілік