Сенім білдірді

Уақыты: 09.04.2018
Оқылды: 1479
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жаңа апта жаңа әкімнің тағайындалуымен басталды. Жер жаннаты Жетісудың көрікті мекені Талғар ауданына облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ арнайы келіп, аудан активінің жиынын өткізді. Ондағы мақсат – аграрлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік айшықты үлесін қосып, қолтаңбасын қалдырған, осы уақытқа дейін аудан әкімі қызметін абыроймен атқарған Райхан Садықованың басқа қызметке ауысуына байланысты алғысын айтып, орнына келген жаңа әкім Рыскелді Сатбаевты аудан активімен ресми түрде таныстырып, тағайындау.

Райхан Садықова ауданды 5 жыл басқарып, өңірдің ауылшаруашылығы, халықты жұмыспен қамту, мемлекеттік жекеменшік әріптестік негізінде балабақшалар ашу, шағын кәсіпкерлік, өнеркәсіп салаларының дамуына өзіндік үлесін қосты. Нәзік иықты болғанына қарамастан іргелі ауданның дамуына аянбай еңбек сіңіріп, жүктелген міндеттерді абыройлы атқарды. Райхан Нұрмұрзақызын аудандық білім бөлімінің басшысы, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған жылдардан жақсы білемін. Әкім ретінде 4 жыл бірге еңбек еттік. Осы уақыт аралығында сан түрлі қиындықтар да кездесті. Бұл өмірдің заңдылығы. Былтыр ауданда 5 балабақша пайдалануға берілді. Ауданда газ құбыры қарқынды жүргізілді, топтық су құбыры тартылды. Міне, әлеуметтік маңызы зор осындай нысандарды ашып, халық иілігіне беруде аудан әкімі ретінде сіңірген еңбегі орасан зор, – деген Амандық Ғаббасұлы аудан әкімі қызметін абыроймен атқарған Райхан Нұрмұрзақызына алқызыл гүл шоғы мен қылқалам шеберінің көркем туындысын сыйға тартты.
– «Туған жерге туыңды тік» деген. Осы жылдар ішінде аудан ардагерлерімен, активпен, ел-жұртпен бірлесе еңбек еттім. Маған қандай жағдайда да ақыл-кеңесін берген, көпті көрген алдыңғы толқын ағаларға, облыс басшысы ретінде үнемі қолдау көрсетіп келген Амандық Ғаббасұлы, өзіңізге алғысым шексіз, – деген Райхан Нұрмұрзақызы  жаңа әкімнің қызметіне ақ жол тіледі.
– Құрметті Амандық Ғаббасұлы, аудандық мәслихат депутаттары, маған осы қызметке тағайындалуыма қолдау білдіргендеріңізге алғыс айтамын. Еңбек жолымды осы ауданның Тұздыбастау ауылында машина жөндеу зауытында мастер болудан бастаған едім. Ендігі жерде бүгінге дейін жинаған іс-тәжірибемді Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыруға, ауданның өркендеуіне жұмсайтын боламын, – деді Талғар ауданының жаңа әкімі Рыскелді Сатбаев.
Жиында еңбек ардагерлері Қалимолда Байболов пен Нәйлә Үмбетова 200 мың халқы бар көпұлтты ауданның өсіп-өркендеуіне қажырлы қайратын жұмсаған Р. Садықоваға аудан жұртшылығы атынан алғыс білдірді. 
Актив жиынын қорытындылаған облыс әкімі А. Баталов жаңа тағайындалған аудан басшысына аграрлы ауданның өндірісін өркендетіп, экономикасын дамытуда алда қыруар жұмыс тұрғанын түсіндіріп, халық сенімін ақтау қажеттігін атап айтты.

Ұлбосын ИСАБЕК
Талғар ауданы