ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР БАС ҚОСТЫ

Уақыты: 27.04.2018
Оқылды: 1281
Бөлім: КҮНДЕРЕК

   Талдықорғанда «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің жетекшісі Лаззат Рамазанованың қатысуымен өңірдегі Іскер әйелдер кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда белгілі болғандай, Кеңес әйелдер арасында ауылшаруашылығы кооперативтерін дамытуды қолға алмақ.

 

   Лаззат Рамазанованың айтуынша, осылайша ауылдағы әйелдер өнім шығаруды жолға қойып, оны жеткізу мәселесін шешпек. Сонымен бірге ол Қазақстандағы нәзік жандыларды қолдауға бағытталған жаңа бастамалар жөнінде айтып өтті. Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Римма Салықова облыста жүргізілген жұмыс барысын баяндады. 
   Осыған байланысты: «Ауылды жердегі әйелдердің қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша жұмыс күшейтілді. Алакөл, Ақсу аудандарында іскер әйелдер форумы өткізілді. Өткен жылы жұмыс істеп жүрген, жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйел кәсіпкерлерге бірнеше оқыту семинары өткізілді. Облыстың алты қаласында «Бәрі де рахмет үшін» атты әлеуметтік дүкендер ашылды», – деді Римма Салықова.
   Биыл кеңес бастамасымен «Текелі Асар» және «Талғар Асар» атты қайырымдылық жобалары басталды. Жоба аясында қалалардың сауда нүктелерінде арнайы сөрелер ашылған. Онда кез келген адам мұқтаж азамат үшін азық-түлік пен шаруашылық заттарын сатып алып, қалдыра алады. Аталмыш жоба облыстың өзге қалалары мен аудандарында да іске қосылады деп жоспарлануда. 
   Наурыз айында Кеңестің ұйымдастыруымен «Балалық шаққа инвестиция» тақырыбымен мектепке дейінгі білім беру саласындағы инвесторлар форумы өтті.
   Облыстағы іскер әйелдер алдағы уақытта «Қорғас» ХШЫО-да кәсіпкер қыз-келіншектер үшін сауда аймағын ашу, қолөнер ісіне қатысты өңірлік форум мен туризмді дамыту бойынша халықаралық форум өткізді.
Айта кетейік, облыста 1 млн.-нан астам әйел тұрады. Ресми мәліметтер бойынша, бүгінгі таңда тіркелген 110 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілерінің 42 пайызын әйелдер басқарады. Өткен жылы 2,3 мыңнан астам әйелге сервистік қызмет, 5,6 мың әйелге ақпараттық қызмет көрсетілді. Іскер әйелдер тарапынан жалпы сомасы 2,4 млрд. теңгелік 123 стартап жобасы жүзеге асырылған.

А. БАЙЖҰМАҚЫЗЫ