Есік көлі қоқыстан тазартылды

Уақыты: 14.07.2018
Оқылды: 2317
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Жасыл ел» жасақтарының облыстық, Еңбекшіқазақ аудандық филиалы бірігіп, ауқымды акция ұйымдастырды. Жастар Іле-Алатау ұлттық табиғи паркінің Түрген аймағындағы бөлігіне тазалық жұмыстарын жүргізіп, Есік көлінің маңайын қоқыстан тазартты. 

 Іле Алатауының бойында, теңіз деңгейінен 1757 метр биіктікте орналасқан Есік көлі 1963 жылы сел тасқынына тап болып, апатқа ұшыраған. Кейіннен қайта қалпына келген көрікті мекен бүгінге дейін көз тартарлық кереметімен түрлі аймақтан туристерді қызықтыруда. Есік қаласының жоғары жағында орналасқан көлге демалушылар автокөлікпен, экскурсиялық автобустармен және велосипедпен қатынап, таза ауамен тыныстауда. Бүгінде бұл аймаққа келушілердің қатары күн санап артып келеді. Демалушыларға тиімді болу үшін көл жағалауында ағаш орындықтар орнатылып, шатырлар құруға арналған жерлер арнайы белгіленген. Сондай-ақ, ойын алаңдары мен алтыбақан да, төмен түсуге арналған баспалдақтар да бар. Бір өкініштісі, жұрт жағдайына жасалған аталмыш дүниелер ескіріп, түсі қашып, кейбірі сынып, құлап қалған. Көл жағалауы түрлі қалдықтарға толып, қоқыс үйінділері пайда болған. Міне, осынау жайттың орнын толтыру мақсатында жедел жеткен «жасыл елдіктер» автобустан түсісімен іске кірісіп кетті. 
Аталмыш акцияға арнайы жиналғандар алдымен бір қатарға тұрып, кімнің қай бағытта қызмет атқаратынын айшықтап алды. Алғашқы сөз алған облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Ерлан Жақыпов ат терлетіп, Талдықорған аймағынан келген жастарға алғысын жеткізіп, тек бір қаланың, бір ауылдың мүддесіне еңбек етпей, облысымыздың әр өңірін аралап жұмыс істеуге қашанда дайын тұру керектігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, бұл іссапар барысында жер, ел танып қайтудың да маңызы барын сөзге қосты. 
Экологиялық туризмнің критерийлерін негізге алған «Жасыл ел» жастары бояқ пен әкті қолдарына алып, ескірген орындар мен қоршауларды жаңалауға көшті. Көл маңын аралап, қалдықтарды жиыстырып, шыққан қоқысты жүк көлігіне тиеді. Бұл акцияның ерекшелігі тек тазарту шарасы ғана көзделмей, экодесанттар үшін серуен мен демалыс уақытының да болғандығында. Бір жарым сағатта бүкіл аймақты қоқыстан тазартып, жаңа бояумен жарқыратқан 250 жасақшы түскі тамақтан кейін көл жағасында түрлі ойындар ұйымдастырып, күндерін қызыққа толтырды. Осы орайда айта кетерлік ақпар, биыл облыстық «Жасыл ел» еңбек жасағына бір айда 680 жас қабылданған. Оның ішінде 200 студент, 100 мектеп жасындағы, 380 жұмыссыз жастар бар. Ағымдағы айдан бастап жағдайы төмен, көп балалы отбасынан шыққан балалар экодесант қатарынан көрініп жоғарыдағы көрсеткіш 1580-ге артты. Көл маңын тазарту жұмыстарының басы-қасында болып, атқарылған істі қадағалаған Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Айбек Бидаев жастардың жігеріне тәнті болды. Айбек Дүйсембекұлы өзі де жастармен бірігіп қызмет етіп, аталмыш шараны ұйымдастыру деңгейінің жоғарылығын көрсетті. Сондай-ақ, Іле-Алатау ұлттық табиғи паркінің Түрген филиалының директоры Иманәлі Сәрсенбаев көптен бері көңілде жүрген тазарту жұмыстарына ризашылығын жеткізді. Өз сөзінде ол Есік көліне келген кез келген қонақты еңсені тіктеп қарсы алуға болатынын абыроймен атап өтті.

Құралбек  СӘБИТОВ
Еңбекшіқазақ ауданы