Теміржол вокзалы қолданысқа берілді

Уақыты: 19.07.2018
Оқылды: 2649
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Соңғы жылдары шипалы көлді бойлай құлашын жайған Алакөл ауданының туристік әлеуеті едәуір жоғарылап келе жатқанын аңғарамыз. Көл жағалауынан орын тепкен Ақши, Көктұма ауылдары да меймандар сұранысы мен талабына қарай өзгеріп, қарқынды даму даңғылына түсті. 
Ақши ауылындағы демалыс орындарын үздіксіз жарықпен қамтамасыз ету мақсатында қомақты қаражат қарастырылып, толықтай игерілді. Ауызсу, кәріз жүйелерін ретке келтіру мәселесі де қолға алынды. Ауыл ішінде 23,78 шақырым жаяу жүргіншілер мен автокөлік жолының құрылысына да біраз қаржы жұмсалды. Сонымен қатар, тәулігіне 25000 адамды қабылдауға қауқары бар 195 пансионат қонақтарға есігін айқара ашты. Осының арқасында былтыр 753000 турист қабылдап, 3,5 млрд. теңгенің ақылы қызметі көрсетілді. Биыл бұл межені 1млн.-ға жеткізу көзделіп отыр. 
Бір айта кетерлігі, жол машақатынан мезі болған меймандардың сапарын жеңілдету мақсатында былтыр әуежай өз қызметін бастап, «Жетісу» авиакомпаниясы «Астана –Үшарал – Астана» және «Талдықорған – Үшарал – Талдықорған» бағыттары бойынша «ЯК-40» ұшағымен адам тасымалдаса, биыл «SCAT» авиакомпаниясы «Алматы – Үшарал – Алматы» бағытында 50 орынды «Bombardier CRJ200» әуе көлігін іске қосты. 
Енді, міне, Ақши ауылында жаңа теміржол вокзалы қолданысқа беріліп, алғашқы қонақтарды облыстық туризм басқармасының басшысы Жанар Алчимбаева мен Алакөл ауданы әкімінің орынбасары Алмас Аханов салтанатты түрде күтіп алды. «Алматы – Ақши» бағыты бойынша «Тұран-экспресс» пойызымен келген мыңға жуық мейман жаңа вокзалдың шымылдығын ашты. Сонымен қатар, жақында «Астана – Ақши – Достық» бағытында да көл маусымында отарбалар қатынайтын болды.  
Жалпы, вокзал құрылысына 201 млн. теңге жұмсалған.
Алдағы уақытта «Алматы – Өскемен», «Үшарал –Достық» аралығындағы күрежолдар күрделі жөндеуден өткеннен кейін Алакөлге ағылатын туристер санының еселенетініне толық сенеміз. 

Алмат ЕСЕНБЕКОВ
Алакөл ауданы