Сертификат табысталды

Уақыты: 20.07.2018
Оқылды: 1081
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Аталмыш жоба аясында оқыту айлығының бірінші легінде 32 азамат оқытылып, 25-сі облыстық комиссия алдында жобаларын толық қорғап, оқу аяқтағаны жөнінде сертификат алды. Жеті азаматқа «Бастау бизнес» бойынша оқуға қатысқаны жөнінде сертификат тапсырылды. Оқу барысында кәсіпкерлік психологиясы, бизнес-идея таңдау, нарықты зерттеу, маркетинг негіздері, өткізу нарығы, бизнес-жоспар әзірлеу, салық есебі және есептілік, тағы басқа 12 модульден тұратын тақырыптар қамтылды. Алдағы уақытта осы оқуды сәтті аяқтаған азаматтар мемлекеттік бағдарламалар аясында төмен пайызбен несие алып, өз кәсіптерін ашуға мүмкіндіктері бар.
Айлық оқудың аяқталуына байланысты өткен аптада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалының ғимаратында салтанатты жиын өтті. Жиында құттықтау сөз сөйлеген аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Сейтжан Асылбек «Бастау бизнес» жобасы аясында оқытылған азаматтарға мемлекет тарапынан берілетін төмен пайызбен несие алып, қалаған кәсіптерін жүргізулеріне тілектес екенін айтып, сертификат табыстады. Сонымен қатар, облыстық кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалының директоры Бөріхан Әбдібаев пен аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Береке Несіпбаев, бизнес-тренер Мейірман Сауранбеков сөз сөйлеп, оқыту айлығын аяқтаған азаматтарға сертификат табыс етті.
Айта кетейік, алдағы уақытта «Бастау бизнес» жобасы аясында оқуға қатысуға ниеті бар аудан тұрғындары шілде және қыркүйек айларында екінші және үшінші лек бойынша  өтетін айлық оқуға қатысып, сертификат алуларына мүмкіндіктері бар. Ниет білдірген азаматтар аудандық кәсіпкерлер палатасынан кеңес алуларына болады. Оқу айлығы Бақанас ауылы, Қонаев көшесі, № 62 мекенжайында өткізіледі.

Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
Балқаш ауданы