САБАНТОЙ: ОН БЕС МЕТР ЧАК-ЧАК ӘЗІРЛЕНДІ

Уақыты: 17.05.2019
Оқылды: 1957
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Татар этносының дәстүріне енген «Сабантой» мерекесі «Жастар» саябағында аталып өтті. Думанды шараға Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысты.

Думанға Татарстан Республикасынан құрметті қонақтар келді. Меймандарды жергілікті тұрғындар арнайы дәм-тұзбен қарсы алды. Баянда ойнаушылардың сүйемелдеуімен қазақ, татар, орыс тілдерінде частушка айтылды. Ал ұлт мәдениетін, әдет-ғұрпын, өнері мен тұрмысын айшықтайтын көрме екі ел өкілдерін жақындастырып, бір-бірін толықтырып тұрды. Айта кетерлігі, мерекеге орай «Татар» этно-мәдени орталығы мен «Fortuna  Food» аспаздары бірлесе 15 метрлік чак-чак әзірледі. «Көрмеге өзіміздің ұлттық тағамдарды ұсындық. «Fortuna food» дәмханасына бүгінде балаларым иелік етеді. Бүгінгі мерекеге ерекше дайындалдық», – дейді «Татар» этномәдени бірлестігінің мүшесі Галиа Мансуровна.

Іс-шара аясында спорттық ойындар ұйымдастырылды. Солардың бірі – қой көтеру. Жеңдерін түріп, мықтымын деген 20-дан аса білекті бақ сынасты. Сонымен бірге, арқан тартыс, армрестлинг сияқты түрлі спорттық жарыстар өткізілді. Кішкентай балаларға арналған ойындар да қызықты болды. Қатысушылардың бәріне бірдей сыйлықтар үлестірілді. Білектілер ішіндегі жеңімпаз сабантойдың дәстүрі бойынша бір қошқарды арқалап қайтты.

Мерекеде Татарстан Республикасынан, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облысынан және Шымкент, Алматы қаласынан келген өнер шеберлерінің концерті барша жұртшылықтың жүрегіне жол тартты. Татарстан Республикасының Халық әртісі Фердинант Фатхи және ҚР Мәдениет қайраткері Кенжекей Ақжолова, ҚР Мәдениет саласының үздігі Бақытгүл Әбенованың өнері көпшілікті сүйсінтті.

Әрбір мерекенің межелеген мақсаты бар. Биылғы Жетісу жеріндегі «Сабантой» да салт-сананы, наным-сенім, мәдениетті сақтау және ұлтаралық ынтымақтастықты нығайтуды көздеп, өз деңгейінде сән-салтанымен атап өтілді.

Еңлік ҚАБДЕШ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ