КОРОНАВИРУС ШЫҚҚАН АУЫЛДА ЕКІ МЫҢНАН АСА ТҰРҒЫН БАР

Уақыты: 31.03.2020
Оқылды: 2182
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында коронавирус жұқтырған адамдардың бірі Жамбыл ауданындағы Аққайнар ауылының тұрғыны екені, оның Оңтүстік Кореядан 20 наурызда ұшақпен «Ие-Чоу-Алматы» рейсімен ұшып келгені белгілі.

1997 жылы туған қыз баладан сенбі күні Жамбыл ауданының орталық ауруханасында коронавирус диагнозы нақтыланғаннан кейін індеттің одан ары таралу жолын ауыздықтау мақсатында шұғыл шаралар жүргізілді. Онымен байланыста болғандар анықталып, оқшауланды.

Арнайы бригада науқастың тұратын үйі мен ауласын, ауылдың көшелері мен қоғамдық орындарын залалсыздандырды. Атап айтқанда, ауылдың 4 шақырым көшесі, осындағы Тоқаш Бокин атындағы орта мектеп, балабақша, ауылдық аурухана, жалпы көлемі 1800 шаршы метр құрайтын Ардагерлер саябағы, жол бойындағы аялдамалар, Мәдениет үйі, спорт кешені, стадион, тұрғындар көп баратын дүкендерге толығымен дезинфекция жасалды.

Аққайнар ауылы аудан орталығынан батысқа қарай 27 шақырым қашықтықта орналасқан. Елді мекеннің екі мыңнан аса тұрғыны бар. Әлемді дүрліктірген қауіпті вирусты жұқтырған науқас Қарасай аудандық инфекциялық ауруханасында емделуде.

Серік САТЫПАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы