КОРОНАВИРУС: ТАЛДЫҚОРҒАН ҚАЛАСЫНА КҮШЕЙТІЛГЕН ШЕКТЕУЛЕР ЕНГІЗІЛДІ

Уақыты: 01.04.2020
Оқылды: 1372
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының орталығы - Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан ӘБДІРАЙЫМОВ еліміздегі төтенше жағдайға және коронавирус індетінің алдын алу шараларын күшейтуге байланысты шаһар тұрғындарына арнап Үндеу жариялады. Толық мәтіні төмендегідей:

Бәрімізге мәлім, Алматы облысы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылдың 30 наурызында №4 «Алматы облысының аумағында Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылы 16 наурыздағы «ҚР төтенше жағдайды енгізу туралы» Жарлығына сәйкес шектеу шараларын күшейту туралы» Қаулысы қабылданды. Қаулының толық нұсқасы барлық бұқаралық ақпараттарда жарияланған.

Қаулыны орындау мақсатында, 31 наурыздан 1 сәуірге қараған түн, яғни, сағат 24.00-ден бастап, төтенше жағдай мерзімі кезеңінде, Талдықорған қаласында келесідей шектеулер енгізілді:

- Әуежайдың, қалалық автобекеттердің, автовокзалдардың қала-аралық автобустық қатынастарының жұмысын тоқтату, ресми такси қызметінен басқа жеке тасымалдауға;

- Азық-түліктік емес мақсаттағы сауда орталықтарының, бизнес орталықтарының, интернет және компьютерлік клубтардың, ойын-сауық орындарының, базарлардың жұмысына, жәрмеңкелер мен бей-берекет саудаға;

- Меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі балалар мекемелерінің қызметіне;

- Полиция бекеттерін орнатып, халықтың жаппай жиналатын орындарына (саябақтар, скверлер, жағалаулар, спорт алаңдары, үй жанындағы балалар алаңдары) баруға уақытша тыйым салынады.

- Діни мақсаттағы объектілер (мешіттер, шіркеулер, бірлестіктер және басқалар) уақытша жабылады.

- Азық-түлік дүкендері мен дәріханалардың жұмыс уақыты сағат 8-00-ден 20-00-ге дейін, ал екінші деңгейдегі банктердің, пошта байланысының, жеке нотариустардың қызмет көрсету уақытын сағат 10-00-ден 16-00-ге дейін шектелді.

- 65 жастан асқан азаматтардың көшелерде жүріп-тұруына шектеу қойылады, оларға азық-түлік және дәрі-дәрмек жеткізіледі.

- Кәмелетке толмағандардың ата-анасының қарауынсыз өз бетінше жүріп-тұруына тыйым салынады.

- Көшеде бір отбасы мүшелерінен басқа, 3 адамнан артық топтардың қоғамдық орындарда болуына тыйым салынады. Сонымен бірге, 21 наурыздан бастап қалаға кіретін негізгі 4 қақпада санитарлық бекеттер орнатылған, олар әскери және полиция қызметкерлерімен күшейтілді.

- Транзиттік көліктердің барлық түрлеріне қалаға тоқтауға тыйым салынады және айналма жолдарда қосымша 8 бекет орнатылады. Барлығы 12 бекет, негізгі 4 бекетте санитарлық мамандар қалаға кіретін көліктерге дезинфекциялық жұмыстар жүргізеді.

- Қалаға жақын орналасқан және басқа аудандардан келуші көліктер тек қажеттілігіне қарай қалаға кіргізіледі, яғни, қонақ, уақытша серуендеуге немесе дүкендерге келуші аудан тұрғындарының көліктері кері қайтарылады.

- Шектеуге мән бермей, тәртіпке бағынбаған азаматтар бекітілген тәртіп бойынша әкімшілік жауаптан қылмыстық жауапқа дейін тартылады.

Қалада дезинфекциялық жұмыстар қатаң қолға алынған, барлық өміршең қажетті нысандар штатты режимде жұмыс істеуде. Ірі сауда орындарында, бірінші кезектегі әлеуметтік азық-түлік бағалары қатаң бақылауға алынды, тапшылық жоқ, және оған жол бермейміз.

Қаладағы «Коммуналдық базар» маңында бағасы нарықтан төмен ұн, картоп, пияз, күріш, қант күнделікті сатылуда. Бізде бүгінгі күнге эпидемиологиялық жағдай тұрақты, коронавирус ауруы жоқ.

Құрметті Талдықорғандықтар, біз біргеміз! Аталып өткен шектеулерге аса жоғары мән беріп, осы сын сағатта бір кісідей жұмыла, бірлік пен ынтымақтастығымызды, жауапкершілігімізді танытып, түсіністікпен қарауға және сіздерді тек ресми хабарламалардан мәлімет алуға шақырамын.

Ғалымжан ӘБДІРАЙЫМОВ,

Талдықорған қаласының әкімі