ҚАРАТАЛ АУДАНЫНДА МЕМЛЕКЕТАРАЛЫҚ ІЗДЕУДЕ ЖҮРГЕН АЗАМАТ ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 30.04.2020
Оқылды: 1034
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қаратал ауданының полицейлері Қазақстанның бірнеше облысында мемлекетаралық іздеуде жүрген азаматты ұстады. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті мәлімдеді.

2018 жылдың 28 желтоқсанында Қарағанды облысының Оңтүстік-шығыс полиция бөлімі Үштөбе қаласының 25 жастағы тумасына бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін іздеу жариялаған. Күдікті қаладан қашып, өзінің  криминалды іздерін қалдыра отырып, алаяқтық "гастрольдерін" әрмен қарай жалғастыра берген. Осылайша, азамат сегіз қылмыс бойынша, Қазақстанның алты аймағында құқық қорғау органдарына танымал болған.

Олардың қатарында Алматы қаласының Алмалы, Бостандық, Медеу аудандары, Нұр-Сұлтан қаласының Байқоңыр және Алматы аудандары, сонымен қатар, Ақмола, Павлодар және Алматы облыстары бар.

- Келіп түскен ақпаратты тексере отырып, біз күдіктіні құрықтадық. Іздеудегі азаматқа бірнеше сот тұтқындауға санкция бергені ескеріле отырып, күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. Енді оған айдауылмен қылмыс жасады деп күдектелген жерлерге "сапарын" кері жалғастыруына тура келеді, - деп хабарлайды Қаратал аудандық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция капитаны А.Асылханов.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Алматы облысы