ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕС-ҚЫТАЙ ҚАҚТЫҒЫСЫНА ҚАТЫСҚАН АРДАГЕРДІ ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 16.05.2020
Оқылды: 837
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Белгілі жазушы, ардагер Нағашыбек Қапалбекұлына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хат жолдады.

Онда былай делінген: «Құрметті Нағашыбек Қапалбекұлы! Сізді Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 75 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Сіздердің адамзат тарихындағы ерен еңбектеріңіз бүгінгі бейбіт өмірімізге, жарқын болашағымызға жол ашты. Бұл ешқашан ұмытылмайды. Ардагерлердің даңқты өмір жолы – Отанға қызмет етудің және татулықтың озық үлгісі. Өскелең ұрпақ әрдайым өздеріңізге қарап бой түзейді. Сізге денсаулық, амандық және бақ-береке тілеймін».

Президенттің құттықтау хатымен бірге ардагер жазушыға сый-сияпаттар табысталды. Сондай-ақ, Ресей Федерациясының Президенті В.Путиннің 2019 жылғы 13 маусымдағы Жарлығымен Н.Қапалбекұлын «Ұлы Жеңістің 75 жылдығы» мерекелік медалімен наградталды. Жуырда Ресей Елшілігінің қызметкерлері жазушыға осы награданы арнайы келіп, тапсырып құттықтады.

Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаев, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек те арнайы құттықтауларын жіберіп, сыйлықтарын табыстады.

Нағашыбек Қапалбекұлы - 1969 жылы Приморье өлкесіндегі Даманск аралы үшін Кеңес Одағы мен Қытай шегарасында болған оқиғаға қатысқан ардагер. Қазақстан Президенті өзінің №2247 Жарлығымен 1995 жылы 28 сәуірде бұл оқиғаға қатысқан жауынгерлердің мәртебесін Ұлы Отан соғысының ардагерлері қатарына қосты.

Қазір елімізде сол оқиғаға қатысқан жиырмадан астам ардагер бар. Н.Қапалбекұлы Даманск оқиғасына қатысқан ардагерлер кеңесінің төрағасы, елуден астам кітаптың авторы.

С.ӘШІМОВА

Алматы