АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА АУА РАЙЫ НАШАРЛАП, ЕКІ АВТОЖОЛ ЖАБЫЛДЫ

Уақыты: 28.12.2020
Оқылды: 951
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ауа райының қолайсыздығына байланысты Алматы облысының Шығыс Қазақстанмен шекаралас аумағында және Үшарал-Достық бағытында жол қозғалысы шектелді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

«ҚазАвтоЖол» ҰК« АҚ Алматы облыстық филиалы мен «Қазақавтожол« ЖШС Алматы облыстық филиалының хабарлауынша, ауа райының нашарлауына байланысты (ауа температурасының -35 С дейін төмендеуі) 27 желтоқсан сағат 19.00-ден 28 желтоқсан сағат 09.00-ге дейін «Алматы - Өскемен« республикалық маңызы бар автожолдың 558-615 шақырым аралығы (Үшарал қаласы-ШҚО шекарасы) қоғамдық көліктер мен дизельді автокөліктер үшін жабық болды. Сондай-ақ, бүгін Үшарал-Достық автожолының 84-184 шақырымы аралығына шектеу қойылды.

Осыған байланысты Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің мамандары осы бағыттағы сапарлардан бас тартуды және 112 қызметі жіберетін СМС-хабарламаларды назардан тыс қалдырмауды сұрайды. Алыс жолға шыққан кезде ауа райы болжамымен танысып, төтенше жағдайларға қажетті барлық заттарды өзіңізбен бірге алып жүруді еске салады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"