БЕРЕКЕНІҢ БӘРІ МАЛДА: ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДА ТӨРТ ТҮЛІК САНЫ КӨБЕЙДІ

Уақыты: 03.02.2021
Оқылды: 1389
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Оңтүстігі асқаралы тауларға емініп, солтүстік шеті мидай жазық жартылай шөлейтті аймаққа қарай созылып жатқан Жамбыл ауданының жері мал өсіруге қолайлы. Сол себептен болса керек, мұнда төрт түліктің тұқымының саны жылдан-жылға артпаса, кеміп отырған жоқ. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Оның айғағы – аудан әкімдігінен алынған статистикалық мәліметтер. Соған сәйкес биылғы, яғни 2021 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша ауданда 106 мың 290 бас сиыр,721 мың 86 бас қой-ешкі, 39 мың 198 бас жылқы, 1497 бас түйе бар. Алдыңғы 2019 жылмен салыстырып қарағанда, 2020 жылы барлық мал басының саны көбейгенін көреміз. Пайызға шағып есептегенде, сиыр 116,3, қой мен ешкі 113,0, жылқы 121,7, ал түйе 100,8 пайызға артқан. Ауданда, сондай-ақ, 523 мың 597 бас құс есепке кірді. Өткен жылы төрт түлік мал мен құстан 24 мың 385 тонна ет (100,2%), 50 мың 799 тонна сүт (106,3%), 122 миллион 346 мың дана жұмыртқа (130,2%) өндірілді.

Осы малдың биылғы қыстан қысылмай шығуы үшін жаздағы шөпшабыс науқаны кезінде жеткілікті мөлшерде жемшөп қоры әзірленген. Нақтылай айтқанда, мал азығына 188 мың тонна шөп, 67 мың 500 тонна сабан, 34 мың 700 тонна жем, 41 мың 800 тонна сүрлем дайындалып, соның арқасында қазіргі уақытта малшы қауымы қолдағы малдың қоңын түсірмей күтіп-бағуда.

Азық-түлік нарығын мал өнімдерімен қамтамасыз ету ісінде ауданда ет және сүт бағытында бірқатар шаруашылық жұмыс істейді. Мұнда 19 мал бордақылау алаңы бар. Олардың жалпы қуаттылығы 14 700 басқа есептелген.

Бүгінде ол алаңдарда 1640 бас мал бордақыға қойылған. Қажетті қоңдылыққа жеткізіліп семіртілген мал шетінен етке өткізіліп, орнына басқасы әкелініп отыратынын ескерсек, бұл сан үнемі өзгеріп отырады. Сонымен қатар, сүт өндіру бойынша Ұзынағаш, Қарғалы, Қарақыстақ, Қарасу, Аққайнар, Шиен ауылдық округтерінде жалпы қуаттылығы 1 850 бас сиырға арналған 7 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. Сүт бұлағын ағызып жатқан бұл фермаларда қазіргі кезде 1 170 бас сиыр ертелі-кеш сауылады.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы