АУДАН ӘКІМДЕРІНІҢ ЕСЕБІ: БЕРІЛГЕН УӘДЕ, АЙТЫЛҒАН СӨЗ ОРЫНДАЛДЫ МА?

Уақыты: 07.02.2021
Оқылды: 1444
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысында аудан әкімдерінің есеп беру жиындары онлайн және оффлайн форматта өтіп, халық тарапынан көптеген сұрақ келіп түсті. Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан былтыр көтерілген мәселелер бойынша атқарылған ауқымды жұмыстар баяндалды. Осы жолғы аудан-аудандағы жиындарда "Жетісу" газетінің тілшілері әкімдердің ел алдында берген уәделері және оның араға көп уақыт салмай орындалуы сияқты ең басты бағалау критерийлеріне назар аударды. Сонымен, аудан әкімдерінің есепті жиындары қалай өтті? Халық әкімдердің жылдық есебіне қаншалықты қанағаттанды? Оқиық, бірге саралайық.

***

Талғар ауданы әкімінің міндетін атқарушы Қайдар Абдыханов халық алдында қорытынды есеп беріп, баяндамасын онлайн форматта жасады. Аудан тұрғындары әлеуметтік желілер, ал ауылдық әкімдіктер «ZOOM» платформасы арқылы қосылып, тыңдады. Онлайн режимде өткен қорытынды есепке облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов қатысты.

Баяндамада атап өткендей, өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жалпы алғанда жағымды динамикамен сипатталады. Тарқатар болсақ, бюджетке 54 млрд. теңге салықтық түсімдер жиналып, жоспар 103 пайызға орындалған. Бюджет шығындарының көлемі 42 млрд.теңгені құрап, 100 пайызға орындалған. Аудандағы өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 53 млрд.теңгені құраған.

 

– Кеңдала ауылында алма сусындарын шығаратын «Apple-CityCider» өндіріс орны ашылып, нәтижесінде 30 адам жұмыспен қамтылды. Ауылшаруашылығында да ілгерілеу бары байқалады. Атап айтсақ, былтыр аграрлық салада 59 млрд.теңгенің жиынтық өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 102 пайызды құрады. 2020 жылға бекітілген әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасына сәйкес егіс алқабы 32 мың гектарды құраған. Онда 64 мың тонна дәнді дақылдар, 10 мың тонна майлы дақылдар, 59 мың тонна картоп, 90 мың тонна көкөніс жиналып, жоспар толығымен орындалды, – деген Қайдар Алиханұлы жылыжай жұмысы да жандана түскенін айтты. – Аудандағы жалпы көлемі 7 гектарды құрайтын 18 жылыжайдан өткен жылы 1,3 тонна өнім алынып, тұтынушыларды табиғи көкөніспен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз еткен. Бұған қоса, былтырғы жылы аудан бойынша 14 мың тонна ет, 65 мың тонна сүт, 29 млн. дана жұмыртқа өндіріліп, 149 тонна ет экспортталған. Аграрлық салада 1,3 млрд. теңгеге 45 жаңа жұмыс орнымен 4 жоба қосылды.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Қайдар Абдыханов ауданда тұрғын үй құрылысының да қарқынды жүргізіліп жатқандығына тоқталды. Бүгінгі күні ауданда тұрғын үйдің кезегінде тұрғандар саны 5566-ға жеткен. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Талғар қаласында жалпы аумағы 19,5 мың шаршы метрді құрайтын 340 пәтерлік 6 тұрғын үйдің құрылысы аяқталған. Соның нәтижесінде өткен жылы 55 көпбалалы, 34 жетім, 61 әлеуметтік жағдайы төмен және 20 бюджет қызметкері бар, бас-аяғы 170 пәтердің кілті табысталған. Сонымен қатар, үй кезегінде тұрғандарға 76 пәтер «Шаңырақ» бағдарламасымен және 39 пәтер «7-20-25» бағдаламасы бойынша беріліп, баспаналы болу бақытына бөленген. 

Ауданның ауызсу, жол, жарық мәселелерін тарқатқан  баяндамашы білім саласындағы жұмыстарды да айрықша атады. Пандемияға байланысты бүгінгі күні 43,5 мың мектеп оқушысының онлайн форматта және 19 мектептің 1 және 4-сыныптағы 1236 оқушысының кезекші сыныптарда білім алып жатқандығын айтты. Ауданда Талдыбұлақ, Жаңалық, Жалғамыс ауылдары мен Талғар қаласындағы үшауысымды мектептерді жою мақсатында жаңа мектептер салу жұмыстары қарастырылуда. Соның бірі Талғар қаласында бой көтеріп жатқан 1200 орынды жаңа мектептің құрылысы биыл бітіп, пайдалануға беріледі деген үміт бар. Жалпы, былтырғы жылы аудан әкімдігіне тұрғындар тарапынан 7 301 өтініш түскен. 

Баяндамадан соң сөз кезегін алған облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін баяндады. Соңында тұрғындар саны артып отырған Талғар ауданында тұрғын үй құрылысын қарқынды жүргізуді тоқтатпауды тапсырды. Көпқабатты үйлерді газдандыру жұмыстарының да кідіріссіз жүргізілу қажеттігін қадап айтты. Ауданның экономика саласында олқылықтар орын алғандығын атай келе келешекте кемшіліктерді жоюға және тұрғындар тарапынан түскен әлеуметтік саладағы сан алуан сауалдардың шешім табуын тапсырды.

***

Қапшағайда қала әкімі Нұрлан Құматаев ел алдында есеп берді. Онлайн режимде өткен кездесуде шаһарда жасалған жұмыстарға кеңінен тоқталып, өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында әлеуметтік нысандар қайта жаңғыртылып, көшелер мен жолдар, үйлердің жылу жүйесі жөндеуден өткізілгенін баяндады.

Былтыр мемлекеттік бюджетке 25176,9 млн. теңге қаржы түсіп, жоспар 105,1 пайызға орындалыпты. Негізгі капиталға 39,0 млрд. теңге инвестиция тартылып, индекс көлемі 111,4 пайызды құраған. Қаланың өнеркәсіп өнімінің көлемі 84,0 млрд. теңгеге жетіп, жалпы құны 8,0 млрд. теңгені құрайтын 4 инвестициялық жобаның жүзеге асырылуы нәтижесінде 500 жаңа жұмыс орны ашылған. Қуаттылығы 3 МВт болатын «Техно Базальт» ЖШС-нің және қуаттылығы 50 МВт. деңгейіндегі «Қапшағай Солар Сарыбұлақ» ЖШС-нің күн электр стансылары іске қосылып, «Бағашар мекен» ЖШС-і антифриз шығару өндірісін кеңейтті. Макарон өнімдерін шығаратын «Маревен Фуд Тянь-Шань» серіктестігінің қосымша 5 желісі жұмыс істей бастаған. Биыл жалпы құны 21,2 млрд. теңге болатын 3 жоба жүзеге асырылып, жаңадан 400 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

 

Қапшағайда ауылшаруашылығы да қалыпты дамып келеді. Атап айтқанда, былтыр 20,1 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, жалпы құны 700,0 млрд. теңге болатын 4 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Атап айтсақ, «СД и КО» серіктестігі жеміс-жидек өңдейтін технологиялық жүйені іске қосса, «Байқоныс» ШҚ «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 300 бас етті бағыттағы ірі қараны сатып алған. «Ағайындылар» қожалығы 200 бас ірі қараны бордақылауға қабілетті кешенді салып, «БайтерекАгроСервис» серіктестігі өз қаржысы есебінен 500 басқа арналған бордақылау алаңын пайдалануға берген. Биыл мұнда жалпы құны 15,0 млрд. теңгені құрайтын 6 жоба қолға алынып, нәтижесінде қосымша 400 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. 

«Арна» өндірістік аймағында орналасқан «Маревен Фуд Тянь-Шань» және «Юнион продукт» ЖШС 20,0 млрд. теңге инвестиция құйып, 520 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік жасаған. Қазір  2021–2023 жылдарға арналған жалпы құны 48,0 млрд. теңгені құрайтын 7 жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру жобаланған. Нәтижесінде қосымша 1300-ден астам жұмыс орыны ашылмақ. Өткен жылы шағын және орта бизнес саласында 25 кәсіпорынның өндірісі кеңейтіліп, 1040 жұмыс орны ашылса, биыл 1800 адамды еңбекпен қамтитын 58 нысан ашылмақ.

Қапшағай су қоймасы қаладағы туризм саласын дамытуға септігін тигізуде. Өткен жылы 85 нысан 263,5 мың адамға қызмет көрсеткен. Алдағы жылы жаңа демалыс аймақтарының іске қосылуына байланысты бұл көрсеткіш еселеп артады деп күтілуде. 

Нұрлан Орынбасарұлы есепті баяндамасында қаладағы тұрғын үй салу жұмысы жайлы, тұрғын үй-коммуналдық саласы мен ауызсумен қамтамасыз ету, қаланы абаттандыру,  автокөлік жолдары, әлеуметтік сала, халықты жұмыспен қамту, білім беру мен денсаулық сақтау, спорт және құқық қорғау салаларында қалыптасқан жағдай мен атқарылған істерді айтып берді. 

Баяндама аяқталғаннан кейін Нұрлан Құматаев тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Қала тұрғыны Мария Пашкова көшелерді жарықтандыру мәселесін көтерсе, Бексая Жексенбай көпбалалы аналардың үй кезегіне тұруы жайында білгісі келді. Өзін Нұрсәуле деп таныстырған тұрғын «Арна» шағынауданына қатынайтын қоғамдық көлік пен ауылды газдандыру, жекенің меншігіндегі электр  желілерін ресми мекемелерге өткізу мәселесін көтерді. 

«ZOOM» жүйесі бойынша байланысқа қосылған азаматтар қаладағы аула алаңдарын жасау, аялдама кешендерін салу жұмысының барысын білгісі келді. 
Нұрлан Орынбасарұлы қойылған сұрақтарға толық жауап қайтарып, тұрғындар тарапынан қолдауға ие болды.

Соңында онлайн режимде есепті жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов Жетісу өлкесінің экономикалық-әлеуметтік саласында өткен жылы атқарылған ауқымды жұмыстар мен болашақ бағдар турасында баяндап, Қапшағай қаласының аяқ алысына оң бағасын берді. Сонымен қатар қала әкіміне жекелеген тапсырмалар жүктеліп, тұрғындар сұрағына жауаптар қайтарылды.

***

Сарқан ауданының әкімі Талғат Қайнарбеков жұртшылық алдындағы қорытынды есебінде өткен жылдың жемісті жетістіктерімен қатар алдағы міндеттерге жан-жақты тоқталды.

Есепті кездесуге мекеме, ұйымдардың басшылары, мәслихат депутаттары, ауылшаруашылығы, білім және денсаулық салаларының қызметкерлері, кәсіпкерлер, әлеуметтік топ өкілдері қатысып, аудан әкімінің баяндамасына қызыға ден қойды. Кездесуге арнайы «ZOOM» бағдарламасы арқылы облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов қатысты. 

 

Ауданда өткен жылы «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 54 жоба бойынша 2 млрд. 9 млн. теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 250 жұмыс орны ашылған. Білім саласында Ерікті орта мектебі күрделі жөндеуден өтті. 19 жоба бойынша ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 49 адам жұмыспен қамтылды. Мәдениет саласы бойынша Қарабөгет ауылдық Мәдениет үйі қайта жаңғырып, жұртшылыққа есігін айқара ашты. Алмалы, Лепсі елді мекендерінде сумен жабдықтау жүйелері, жылу жүйелері күрделі жөндеу көріп, көпшіліктің игілігі үшін Сарқан қаласында 10 аялдама салынып, орталықтан жаяу жүргіншілер үшін Арбат құрылысы жүргізілді. Сонымен қатар тротуарлар қайтадан жаңғыртылып, санитарлық тораптар орналастырылып,   көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары абаттандырылды. Бақалы, Көкөзек, Алмалы ауылдарында шағын спорт алаңдары салынды. 

Жолдар бөлімі бойынша  23 жоба іс жүзіне асырылып, көшелер ағымдағы және орташа жөндеу көрді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Екіаша орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарына қомақты қаржы бөлініп, бұл нысанның құрылысы мамыр айында аяқталады. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Сарқан қаласында 50 пәтерден тұратын 5 қабатты тұрғын үй құрылысының жүргізілуі көпшілікті ризашылыққа бөлеп отыр.

– 2020 жылы 98 274 гектар жерге егін себілді. Оның ішінде: 54 451 гектар дәнді дақылдардан 140 477 тонна өнім жиналды, майлы дақылдардың 29 568 гектарынан 57 565 тонна өнім алынды, қант қызылшасының 3 167 гектарынан 88 900 тонна тәтті түбір алынып, орташа өнімділігі гектарына 350 центнерді құрады. Есепті кезеңде 13 514 тонна тірі салмақтағы мал мен құс еті, 37 137 тонна сүт, 14 млн. дана тауық жұмыртқасы алынды, – деген Талғат Қанатұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оңды көрсеткішке тоқталды. 

Медицина саласына өткен жылы 3 автокөлік, 4 медициналық қызметкерге тұрғын үй беріліп, аудандық аурухана аумағына арнайы оттегі стансысы орнатылды. Сонымен қатар, меценаттардың көмегімен Көкөзек ауылындағы  фельдшерлік амбулаториялық пунктіне 15 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. Тасқұдық және Еркін ауылдарында бастауыш мектептердің құрылыстары салынуда. 

2021 жылы Қарғалы ауылында «AZIA GOLD» ЖШС дәрілік шөп өндіру үшін жобалық құны 442 млн. теңге құрайтын кәсіпорнын ашып, 35 адамға тұрақты жұмыспен қамтымақ. 2022 жылы Қойлық ауылы аумағында «Арлан» ШҚ 3000 басқа арналған мал бордақылау алаңын өз қаражаты есебінен 1 млрд. 057 млн. теңгеге салады. Сарқан қаласында «SAIRANBEK AGRO» ЖШС 275 млн. теңгелік астық сақтайтын қойма және дәнді дақылдарды өңдейтін, қуаттылығы жылына 55000 тонна өндіріс орнын салуды жоспарлап отыр. 2021 жылы Сарқан қаласында 2 қабатты 20 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталады және 60 пәтерден тұратын 5 қабатты 2 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде. 

Барлық саланы қамтыған мазмұнды  баяндамадан  соң  Талғат  Қанатұлы бірқатар сауалдарға жауап беріп, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қадыл Жанасбеков, «Парыз» еріктілер ұйымының белсенді мүшесі Айзада Смағұл аудан әкімінің жұмысы қанағаттанарлық деген ұсыныстарын ортаға салды. Бұл ұсынысты жиынға қатысушылар толық қолдады.

Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов сөз алып, аудан аумағындағы атқарылған жұмыстарға оң баға берді.

***

Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов жылдық қорытынды есебін берді. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов қатысты.

Ауданда өткен жылы ауылшаруашылығы өнімдерін өндірудің көлемі 30 миллиард теңгеден 36 миллиард теңгеге өскен. Таулы өңірдегі шаруа құрылымдары картоп өсіруге мән беруде. Өткен жылы 6044 гектар жерге отырғызылған картоптың әр гектарынан 215 центнерден өнім алынды. Бұл жақсы нәтиже, айтуға тұрарлық жемісті еңбек. Үш мың гектар жерге отырғызылған бірінші және екінші репродукциялы «Сантэ» және «Агри» тұқымдарынан 66600 тонна картоп алынған.

Ауданда 4 сервистік-дайындау орталығы жұмыс істейді. Олар былтыр 622 миллион теңгеге 21 трактор, 118 қажетті агрегаттар сатып алып, жұмыстарын жақсарта түсті. Ет өндіруді ұлғайту мақсатында «AGRO-ALATAU» ЖШС Сарыжаз ауылдық округінен 500 басқа арналған мал бордақылау алаңын іске қосты. Осы ауылдың аумағынан «Лабасы – А» кооперативі 200 басқа арналған мал бордақылау алаңының құрылысын аяқтап, биылғы жылы іске қосуды жоспарлап отыр. Таулы өңірде 2094 шаруа қожалығы, оның ішінде ірі қара мен қой шаруашылығын асылдандыру жұмыстарымен 90 шаруа қожалығы айналысып келеді. Етті және сүтті мал тұқымын асылдандыру мақсатында өткен жылы таулы өңірге 160 бас бұқа сатып алыныпты.

Аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов өңірге инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықты жұмыспен қамтуға баса назар аударып отыр. Былтыр ауданға 8,7 миллиард теңгенің инвестициясы тартылыпты. Жалпы, инвестиция тарту көлемі 176,9 пайызға өскен. Биыл инвестиция көлемін 8 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланған.

Ауданда 3 мыңға тарта шағын және орта бизнес субьектілері тіркелген. Былтыр аталған сала бойынша 4 нысан ашылды. 23 адамға тұрақты жаңа жұмыс орны, 20 адамға маусымдық жұмыс орындары іске қосылды. Шағын және орта бизнеспен айналысушылар өткен жылы 16,8 миллард теңгенің қызметін көрсетті. 142,2 миллион теңгенің салығын құйды. Өткен жылдың мамыр айынан бері қарай алтын кенін игерумен айналысатын «Нарын Голд» және «BTO GoId Production» ЖШС жұмыстарын бастап, 65 адамға арналған тұрақты жұмыс орнын ашты. Ауданда азық-түліктің бағасын тұрақтандыру мақсатында биыл Нарынқол ауылынан ұн тартатын диірмен іске қосылатын болады.

Нарынқол өңірі – туризмді дамытуға қолайлы аймақ. Бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өткен жылы шетелден екі жүзге тарта, республика аумағынан 1560 турист, қонақтар келіп демалып қайтты. Аудан орталығы соңғы үш жылдан бері құрылыс алаңына айналды. Былтыр өңір бойынша 6,6 миллиард теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылды. Нарынқол ауылында Халыққа қызмет көрсету орталығы, аудандық прокуратураның ғимараты жаңадан салынып, пайдалануға берілді. ҚР ҰҚК аудандық филиалының ескі ғимараты қайта жаңғыртылды. Бірнеше қызметтік үй салынды.

Қазіргі таңда аудан орталығында спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы, мұрағат ғимаратының құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен жылы облыс әкімі А. Баталовтың қатысуымен 33 жаңа тұрғын үйдің кілті салтанатты түрде тапсырылды. Биыл жаңадан салынған 50 тұрғын үй игілікке айналатын болады. Аудан орталығынан алдағы уақытта салынатын 20 жалгерлік үйдің жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Жалпы, аудан бойынша өткен жылы 6460 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Биылғы жылдың орны бөлек. Райымбек ауданында кіндік қаны тамған талант, шоқтығы биік ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл! Жыл басынан бастау алатын ақынға арналған ізгі шаралар жылдың аяғына дейін созылатыны анық. Нарынқол ауылынан Мұқағалидың еңселі ескерткіші тұрғызылады. Оның салтанатты ашылуы алдағы шілде айына жоспарланып отыр. Ақын ескерткішінің айналасын абаттандырудың өзіне қомақты қаражат қарастырылды. 90 жылдықтың аясында ақын туған Қарасаз ауылындағы Мұқағали музейі, ауылдық Мәдениет үйі ағымдағы жөндеуден өткізілмек. Оның сыртында ақын ауылына келер күрежол бойындағы Сарыжаз ауылының орталық көшесін, Райымбек бабаның ескерткішінің айналасын абаттандыруға 25 миллион теңге бөлініп отыр.

Биыл аудан орталығы одан әрі көріктене түседі. Атап айтқанда, аудандық әкімшілік ғимаратының жанынан 2 шағын саябақ, оның сыртында жастар саябағы жасалады. Аудан әкімі Н.Құдайбергеновтың қорытынды есепті баяндамасынан соң түскен сұрақтарға жауап берілді.

Онлайн түрінде өткізілген есепті жиында облыс әкімінің орынбасары Л.Тұрлашов сөз сөйледі. Ол Жетісу өлкесінің өткен жылғы толымды табыстарына тоқталып, алда тұрған келелі міндеттерге көпшіліктің назарын аударды. Алдағы уақытта аудан аумағында қолға алып, жүргізуге тиісті міндеттерді алға тартты. Егіншілік жұмыстарын жаңа технология бойынша жүргізуді, мал тұқымын асылдандыруға айырықша көңіл бөлуді, өндірістік кооперативтердің, сервистік-дайындау орталықтарының жұмыстарын одан әрі жақсартуды, адамдардың әлеуметтік жағдайларын көтеруге, жұмыспен қамтуға көңіл аударуды тапсырды.

Облыс әкімінің орынбасарына Нарынқол ауылының тұрғыны Қанат Ахметов: «Нарынқол ауылынан өрт сөндіру ғимараты салынса дұрыс болар еді», – деген сауалын тастады. Облыс әкімінің орынбасары Нарынқол ауылынан 2 есікті өрт сөндіру нысанының құрылысын жасауға былтыр жоба-жоспар дайындалғанын, мемлекеттік сараптамадан оң нәтиже бергенін айтты. Жалпы құны 450 миллион теңге тұратын құрылыс жұмыстарын бастауға қаражат қарастырылып жатқанын сөз етті.

Жиында аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бекболат Бірбаев сөйлеп, Райымбек ауданының қайта құрылғанына биыл үшінші жыл болғанын, осы уақыт ішінде облыс әкімі А.Баталовтың тікелей қолдауымен айтулы, көзге көрінетіндей құрылыс жұмыстарының жүргізілгенін айтып, облыс, аудан басшылығына өңір тұрғындары атынан алғысын жеткізді. 

***

Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нұрахунов өңір тұрғындарына Zoom платформасы арқылы есеп беріп, өткен жылы жүзеге асырылған жұмыстар мен үстіміздегі жылы атқарылатын істерін жұртқа жеткізді. Есеп беру жиыны онлайн фарматында өткізіліп, оған өңірдегі кәсіпорындар мен мекемелердің, қоғамдық ұйымдардың, құқық қорғау орындарының өкілдері қашықтан қатысуға шақырылды.

Өңір басшысы баяндамасында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне жеке-жеке тоқталып, қысқа да нұсқа цифрлармен саралап, өз тұжырымдамаларымен түйіндеді. Шешімін күткен кейбір мәселелердің қандай жолмен жүзеге асатынын нақтылап түсіндірді.

Баяндама басында өткен жылғы есебінде өңір тұрғындарынан түскен ұсыныстардың орындалуы туралы ақпарат беріп, одан әрі елді мекендердегі кезегін күткен мәселелердің жүзеге асу барысын саралады. Әкім есебінде Қалжат ауылын ауызсумен қамтамасыз ету, шарындықтарға табиғи газ тарту, Қырғызсай округінде жайылымдық жерлерді ретке келтіру, Сүмбе ауылына кіреберіс жол бойына ағаш көшеттерін отырғызу сияқты жұмыстармен қатар елді мекендердегі көшелерді асфальттау мен жарықтандыру, мектеп, медицина мекемелерінің ғимараттарын жөндеу сынды маңызды мәселелер айтылды.

Аудан тұрғындарының негізгі тіршілігі ауылшаруашылық өндірісімен байланысты. Аталған сала бойынша өндірілген өнімдердің жалпы құны 39,8 миллиард теңгені құрады. Өткен жылы 22504 гектар жерге ауылшаруашылық дақылдары егіліп, 14436 гектар дәнді дақылдардан 87489 тонна өнім алынды. Алдыңғы жылмен салыстырғанда дәнді дақылдардан 4139 тонна, көкөністен 1928 тонна, картоптан 75 тонна өнім артық жиналды.

Шарын өңіріндегі бақ көлемі 4098 гектарға жетті. Өткен жылы 464 гектар жерге жаңадан бақ отырғызылып, алма, шабдалы, сарыөрік пен қараөрік сияқты жеміс бақтарының көлемі көбейді. Тамшылатып суару әдісі 560 гектар бақ алқабында қолданылады. Оның ішінде «Шабдалы» серіктестігі 200 гектарда осы әдісті қолданды. Есепті мерзімде өңір шаруалары 20 трактор мен 10 әртүрлі ауылшаруашылық техникасын жалпы 175 миллион 236 мың теңгеге сатып алыпты.

Қарадала аймағында соңғы жылдары мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Бүгінгі таңда өңірде 207281 бас қой-ешкі, 68834 бас ірі қара, 15 мыңнан астам жылқы, 863801 құс жайлы қыстатылуда. Есепті мерзімде 61 тонна ірі қара еті экспортталған.

Өткен жылы өңірдегі өнеркәсіп өнімінің көлемі 3 миллиард 874 миллион теңгені қамтыды. Үстіміздегі жылы өндіріс көлемін 8,5 миллиард теңгеге жеткізу немесе өткен жылмен салыстырғанда 223,5 пайыз өсіру жоспарланған. Бұл мақсатқа қол жеткізуге «ОТАН Грин Фуд» құс фабрикасының өңдеген өнімдері негіз болмақ.

Өңірде әлеуметтік құрылыс салу қарқыны артып келеді. Өткен жылы 6,6 миллиард теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, қолданысқа 6700 шаршыметр тұрғын үй берілді. Үстіміздегі жылға бір 60 пәтерлі тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, тағы осындай 60 пәтерлі тұрғын үйдің құжаттары дайындалуда.

Шырайлы Шарын өңірі туризмге өріс ашар табиғаты таңғажайып аймақ. Аудан бюджетіне құйылатын қаржының басым бөлігі табиғи ескерткіштер мен ыстық су көздеріндегі нысандарға келетін ішкі саяхатшылардан түседі. Бүгінгі күнде «Арасан» ыстық су көздеріндегі 53 демалыс орны мен Шарын шатқалы, «Горный» тау лагері жұмыс жасап, 62500 келушіге 310,5 миллион теңгенің туристік қызметін көрсеткен.

Өңір тұрғындары аудан әкімінің есепті баяндамасын талдауға белсене атсалысты. Сөйлеушілер арасында өздері тұратын елді мекендерде шешімін күткен мәселелерді көлденең тартып, олардың жуық арада жүзеге асуын сұрағандар да болды. Аудан әкімінің есебіне сөз сөйлеушілердің бәрі дерлік «қанағаттанарлық» деген баға берді.

Жиынға қатысқан облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Жұмағұл Әлімбеков есеп барысында туындаған сауалдарды талдап, облыста өткен жылы атқарылған бірқатар жұмыстарды саралай келе кездесуге қашықтан қатысқандарға Жетісу аймағында жүзеге асырылуы жоспарланған істерді  таныстырды. 

***

Іле аудандық әкімдігінің мәжіліс залында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтай отырып аудан әкімі Бағдат Қарасаевтың ел алдындағы қорытынды есебі өтті. Оған «ZOOM» бағдарламасы арқылы облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли, аудандық құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық және аудандық мәслихаттың депутаттары, аудан тұрғындары қатысты.

Бағдат Әбілмәжінұлы баяндамасында Іле ауданының облыстағы ең ірі индустриалды өңір екенін айтып, өнеркәсіп саласының облыстағы үлесінің 36,6 пайызға жеткеніне ерекше тоқталды. Мұнда 26 ірі және орта кәсіпорын ауданның өнеркәсіп негізін қалыптастырады. Есепті кезеңде ғана 428,0 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. Бір жыл ішінде жаңадан 720 жұмыс орны ашылып, 14 кәсіп- орын өз өндірістерін кеңейткен. Өнеркәсіп өндірісінің 42,5 пайызы, яғни 182,1 млрд. теңге шағын және орта бизнес өкілдеріне тиесілі.

Ауылшаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 86,1 млрд. теңге болса, биыл бұл көрсеткішті 93,3 млрд. теңгеге жеткізу көзделуде. Бұл салаға 2020 жылы 3,5 млрд. теңге субсидия берілген. Өткен жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция 99,8 млрд. теңгені құрап, 2019 жылмен салыстырғанда 11,4 пайызға көбейген. Алдағы уақытта 13 ірі жобаны іске қосу арқылы 8 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

– Ауданда 11284 шағын және орта бизнес нысандары жұмыс жасап, мұнда 32 мың адам еңбекпен қамтылған. Олар 290,3 млрд. теңгенің өнімін шығарып, бюджет түсімдерінің 18,5 пайызын құрады. Есепті кезеңде 50 жаңа нысан, 250 жаңа жұмыс орны ашылды. 2021 жылы тағы 46 нысан ашылады деп күтілуде.

Ауданда бүгінгі күнге 3916 адам пәтер кезегінде тұр. Өткен жылы 157,3 шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілсе, биыл бұл көрсеткішті 154,8 шаршы метрге жеткізу көзделуде, – деген Бағдат Қарасаев халықты ауызсумен қамтамасыз етуде шешімін күткен мәселелер бар екенін айтты. – Осы орайда «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында бес елді мекенде су жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сол сияқты, Өтеген батыр, Жаңадәуір, Жауғашты ауылдарында су жинағыштары іске қосылып, Өтеген батыр және Боралдай ауылдарында кәріз жүйесін салу көзделіп отыр. Электр желілерін жөндеу мен жаңадан жүргізу жұмыстары да жоспарлы түрде жүзеге асырылуда.

Әкім есебінде аудандағы 9 ауылдық округтің барлығына да көгілдір отын жеткізілгені белгілі болды. Дегенмен 31 елді мекеннің үшеуіне әлі газ бара қоймаған. Жоба бойынша Жетіген аумағындағы Құйған, Еңбек және Жаңа Арна ауылдарына биыл газ құбыры жүргізіледі деп күтілуде.

Аудандағы білім беру саласының жай-күйі де сөз болды. Тұрғындар санының еселеп артуына байланысты үшауысымды мектептердің мәселесі толық шешілмей келеді. Жаңадан басталған 8 мектептің құрылысын аяқтап,  қосымша жапсаржайлар салу арқылы бұл мәселе де өз шешімін таппақ.

Ауданның тыныс-тірлігіне қатысты мәселелерді жан-жақты баяндаған Бағдат Әбілмәжінұлы сөзінің соңында ел Президенті Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес атқарылып жатқан істерді де баяндап өтті. Баяндама аяқталғаннан кейін онлайн байланысқа шыққан Өтеген батыр ауылының тұрғыны Гүлбақыт Жанбағиева демалыс орындарын, саябақтар мен кинотеатрлар  салу қажеттігін жеткізген. Боралдай ауылының тұрғыны Мархаба Қаламбаева  кітапхана ғимаратының ескіргенін айтса, Междуреченск ауылынан хабарласқан Айжан Атаева 1964 жылы салынып,  бір рет те жөндеу жұмыстары жүргізілмеген ауылдық амбулаторияның күйін күйттеді.

Аудандағы елді мекендердің біразының әлі күнге ескі атауларымен аталып келе жатқаны жасырын емес. Солардың қатарында Чапай, Комсомол, Междуреченск, КазЦИК, Покровка дегендер де бар. Бағдат Әбілмәжінұлы бұл атаулардың тұрғындар талабы бойынша облыстық ономастика комитетінде қаралғанын, ұсыныстардың аз уақытта оң шешімін табатынын жеткізді. Хабарласқандардың көпшілігі аудан әкімінің жұмысына «қанағаттанарлық» деген баға берді.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли сөз алып, Іле ауданы мен Алматы облысында жыл ішінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Іле ауданының әлеуметтік-экономикалық ахуалына оң бағасын берген ол аудан жұртшылығын Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен құттықтап, ақ тілегін жеткізді.

***

Қаратал ауданының 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық жағдайы және даму көрсеткіші туралы аудан әкімі Қайрат БҰЛДЫБАЕВТЫҢ аудан тұрғындары алдында қорытынды есебі өтті. Жиын онлайн режимде өтіп, аудан тұрғындары инстаграм желісі арқылы қатысып отырды. Қорытынды есепке облыс әкімінің орынбасары Батыржан БАЙЖҰМАНОВ қатысып, Қайрат Найманбайұлының есебін тыңдады.

Жиынды аудандық мәслихат хатшысы Жандос Теңелбаев ашып, қатысушыларға жиналыстың регламентін таныстырып, Қаратал ауданының әкімі Қайрат Бұлдыбаевқа сөз кезегін берді.

Жалпы ауданда әлеуметтік-экономикалық өсім жоғарылап келеді. Тоғыз жолдың торабына орналасқан Қаратал өңірі ауылшаруашылығымен айналысады. Өткен жылдың есебі бойынша аудандық бюджетке 1 млрд. 678 млн. теңге кіріс түскен. Бұл 109,9% құрап отыр.

Ауданға инвестиция молынан тартылуда. 2020 жылы 8 млрд. 887 млн. теңге мөлшерінде инвестиция тартылды. Мұнда ірі екі жоба іске асты. Етті және сүтті бағыттағы ірі қара басын көбейту бойынша «ТастөбеАгроФуд» ЖШС жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар «АлматыЭнергоПроджект» ЖШС-ніде күн электр батареяларын қондыру бойынша ауқымды жұмыс қолға алынды. Былтыр індеттің кедергі болуының салдарынан жұмыс биылғы жылдың жарты жылдығында толықтай аяқталады деген жоспар құрып отыр.

Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуында да ілгерілеу бар. ҚР тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Бес әлеуметтік бастамасы аясында Бастөбе сервистік-техникалық колледжі студенттеріне арналған 50 орынды жатақхананың құрылыс жұмыстары толық аяқталып, қолданысқа берілген.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында аудан бойынша көпқабатты 30 пәтерлі және 20 жеке жалгерлік тұрғын үйлер құрылысы аяқталып, көпбалалы отбасылар мен кезекте тұрған тұрғындардың басты мәселесін шешті. Жалпы аудан бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған адамдар саны жетерлік. Осы мәселені шешу, тұрғын үй кезегіндегі халық санын азайту үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында көпқабатты 30 пәтерлі жалгерлік үйдің құрылыс жұмысы жүргізіледі, сонымен қатар 40 және екі 60 пәтерлі, 20 жеке жалгерлік тұрғын үйлердің құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде.

Ауылшаруашылығына өткен жылы тартылған инвестиция көлемі 1326 млн. теңге. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 104 пайызға артық. Өндірілген жалпы өнім көлемі 31 млрд. 762,7 млн. теңгеге жеткен. Нақтырақ айтқанда, мал шаруашылығы бойынша 13 млрд. 203 млн.теңге, егін шаруашылығы бойынша 18 млрд. 559 млн. теңгені құрап отыр. «Бауыржан» шаруа қожалығы өз қаражатына салынған екі бордақылау алаңында 100 бас ірі қара бордақылап отыр. Биыл бордақыдағы мал басын 1000 басқа жеткізуді қолға алған. Оған тартылатын инвестиция көлемі 50 млн. теңге. «Асқар» шаруа қожалығыныңда да 400 бас ірі қараны 1000 басқа жеткіземіз деген үлкен жоспары бар екен. Егіншілік бағыты бойынша да көрсеткіш көңіл көншітерлік. Дәнді дақылдарды айтпағанда қант қызылшасын өсіру бойынша толайым табысқа қол жеткен. Мәселен, 2015 жылы 560 гектардан басталып, 2020 жылы 1367 гектарға дейін жеткізілген. Өткен жылы гектарына 369 центнерден айналдырып, 40 мың 320 тонна өнім алынған. Мұны өте жоғары көрсеткіш деуге болады.

Осындай игі істерді баяндаған Қайрат Найманбайұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін одан ары жақсарта беретіндерін жеткізді. Жиын соңында онлайн режимде сұрақ қойған аудан тұрғындарының сауалына тұшымды жауап қайтарылды. Аудан әкіміне қойылған сұрақтардың басым көпшілігі ауылды жерлерге интернет желісінің орнатылуы, жол мәселесі және тұрғын үймен қамту бойынша болды. Мұның барлығына нақты жауап қайтарылып, тұрғындар алғысын айтып жатты.

Жиынның қорытынды сөзін облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов айтып, облыс бойынша атқарылған іске кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, Қаратал ауданының көрсеткішіне оң бағасын беріп, жұмысты одан ары ширатуды тапсырды. Сондай-ақ, жарыссөзге шыққан аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Сейілхан Бековтың сауалына да тұшымды жауап қайтарды. Мұнда ауданды табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша алдағы уақытта сметалық құжаттары дайындалып жатқанын жеткізді.

Жиын соңында аудан әкімі Қайрат Бұлдыбаевтың есептік жиыны қанағаттанарлық деп танылып, оң баға берілді. Бұдан кейін Қайрат Найманбайұлы аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша онлайн түрде қабылдады.

***

Алакөл ауданы бойынша өткен жылы алдыға қойған межелер ойдағыдай орындалып, әр салада жоспарлаған нәтижелерге қол жеткізілген. Бұл туралы аудан әкімі Әлібек Жақанбаев есепті кездесу барысында баяндады. Қорытынды жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов онлайн форматта қатысты.

Алғашқы болып мінбер төріне көтерілген Алакөл ауданының әкімі Ә.Жақанбаев былтыр атқарылған ауқымды дүниелерге тоқталып, алдағы мақсат-міндеттер жайында сөз қозғады.

Пандемияға қарамастан пайда көлемі кеміген жоқ. Әр салада ілгерілеу мен қарқынды даму айқын байқалады. Есепті жылда бюджетке міндетті төлемдерді жинау жоспары 106,8 процентке орындалып, 6 млрд. 256 млн. теңгеге жеткені бұған айқын дәлел бола алады. Оның 4 млрд. 487 млн. теңгесі жергілікті бюджеттің үлесінде болуы сапалы қызметтің көрінісі деп білеміз. Бұдан бөлек, салық қоржыны 3 млрд. 244 млн. теңгеге толығып, жоспар 106,5 пайыз орындалған.

Былтыр ауылшаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 48,8 млрд. теңгеге жетіп, 84,8 мың гектар егіс алқабы игерілді. Толайым табысқа кенелуіміз ең алдымен талапты еңбек пен табанды қызметтің жемісі десек те болады. Балық шаруашылығының да бабы келісіп отырғаны мәлім. Ал мал шаруашылығын дамыту мақсатында «Алакөл Агро» серіктестігінде құны 700 млн. теңгеге 7 мың басқа арналған ұсақ мал бордақылау алаңы қолданысқа беріліп, 450 млн. теңгеге 9 мың бас ұсақ мал сатып алынды. «Алакөл Аляньс» серіктестігі 450 млн. теңгеге Ресей елінен 1000 бас қалмақ тұқымды ірі қара сатып алса, «Айманбетов» ШҚ 284 млн. теңгеге ірі қара малын бордақылау алаңының қуаттылығын 1000 басқа кеңейтті. Бұл салаға жалпы 2 млрд. 25 млн. теңге инвестиция тартылып, 51 адам жұмыспен қамтылды.

Өткен жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 11 млрд. 845 млн. теңгеге жетіп, едәуір өсім байқалды. Жергілікті экономиканы көтерудің бірден-бір кепілі – инвестиция. Есепті кезеңде бұл бағытта 41,8 млрд. теңге тартылса, оның 24 млрд. 759 млн. теңгесі бюджеттен тыс қаражат есебінен. Атай кетсек, былтыр 6 функционалдық блоктан тұратын «Достық» индустриялық паркінің» құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны 16,5 млрд. теңгені құрайды.

Бұдан бөлек, 2021-2023 жылдары «TengizTransGroup» серіктестігінің Экспорттық және транзиттік жүктерді ауыстырып тиеу бойынша қызметтер ұсыну үшін қуаттылығы жылына 6 млн. тонна жүк тиеуге арналған «Құрғақ порт» жобасы іске асырылуда. Карантиндік жағдай өңірдегі туризм саласына ауыр тисе де, шомылу маусымының екі айында демалушылардың саны 798,5 мың адамға жетіп, 4 млрд. 790 млн. теңгенің қызметі көрсетілді. Өз қаражаттары есебінен 750 орынды 15 нысан қолданысқа беріліп, аудан экономикасына 2,6 млрд. теңгенің инвестициясы тартылды. Туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында бірқатар нысан қолданысқа беріліп, Ақши ауылына абаттандыру жұмысы жүргізілді.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында қыруар қаражат қарастырылып, Қабанбай ауылына 10 жобаға 1 млрд. 117 млн. теңге қарастырылып, ауылдық ауруханамен, 500 орынды Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілді, жалпы ұзындығы 9 шақырымды құрайтын 8 көшеге орташа жөндеу жұмысы жасалды. Білім саласы бойынша 514,5 млн. теңгеге Қайнар, 601,9 млн. теңгеге Безродных атындағы орта мектептер күрделі жөндеуден өтті. Балалардың қауіпсіздігі мен тасымалдауына заман талабына сай 3 автобус сатып алынды.

Баяндамадан кейін Үшарал қаласындағы орталықтандырылған жылу мәселесіндегі олқылықтар жайында Ұлболсын Мәдиева сөз қозғап, кемшіліктерді реттеу бойынша қандай шаралар қолға алынатындығын сұрады. Аудан әкімі орталықтандырылған жылу қазандығының қуаттылығын арттыру үшін биыл сұйық отынмен жұмыс істейтін тағы бір жылу қазандығының құрылысы басталатынын айтып өтті. Сондай-ақ, Жайпақ ауылының тұрғыны Еламан Абиевтің егіндік пен бақшаға судың жетіспеушілігі жайындағы сұрағына аталған округте канал тазалау жұмысы жүргізілгендігі айтылып, округ әкіміне тиісті тапсырма берілді.

Артынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Л.Тұрлашов облыс аумағында атқарылған жұмыстарға тоқталып, Алакөл ауданында атқарылатын жоспарлы шаралар жайында сөз қозғады. 

***

Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаевтың қорытынды есебі өз мәресіне жетті. Онлайн режимде өткен жиынға облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли, ауылдық округтердің әкімдері мен аудандық басқармалардың басшылары және БАҚ өкілдері қатысты. Жиынды ашып, жүргізіп отырған аудандық мәслихаттың хатшысы Бауыржан Айнабеков баяндама жасау үшін сөз кезегін Жандарбек Ермекұлына берді.

Аудан әкімі өз сөзін өткен жылғы халықпен кездесулерде әлеуметтік сипаттағы 56 ұсыныс пен сұраулар берілгенін тілге тиек етті. Ал, 2021 жылдың 18-і мен 28-і аралығында өткен 49 есепті кездесулерге онлайн режимде 3000-ға жуық адам қатысып, телеграм-бот арқылы 69 ұсыныс пен сауал келіп түскен.

Осыдан кейін Жандарбек Ермекұлы ауданның экономикалық-әлеуметтік ахуалы мен алдағы жоспарларға тоқталып өтті. Бұл тұрғыдан келгенде ауыз толтырып айтар жетістіктер баршылық. Әлемді әбігерге салған пандемияға қарамастан экономиканың түрлі салалары қалыпты жұмыс істеуде. Мысалы, өткен жыл ішінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 328,3 млрд. теңгеге жетіп, облыс өндірісіндегі 28,1 пайызын құраған. Өңірде 18 ірі кәсіпорын, ал сапа менеджменті және халықаралық стандарт ИСО жүйесі бойынша 16 өнеркәсіп орындары, сонымен қатар, 6 жүйе құраушы кәсіпорындар жұмыс істеуде. Өткен жылы аудан аумағында жылына 2 мың тонна өнім беретін «Евразиян гринпродукт» жылыжай кешені, 800 текшеметр көгілдір отынды сақтайтын «Номад-Газ ЛПГ» жинақтау стансысы пайдалануға берілген. «Астана КазРесурс» ЖШС-і битум зауытын пайдалануға берсе, «Ру Ма Фарм» ЖШС-і хирургиялық тігіс материалдарын өндіретін зауытты іске қосты.

Ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемі 64,3 млрд. теңге болып, облыстың жалпы өнімінің 7 пайызын құрап отыр. Ет, сүт өндіру жоспарлары артығымен орындалып, «Агрофирма Керуен» ЖШС-і 300 млн. теңге инвестиция құю арқылы 50 жұмыс орнын қамтитын, жалпы көлемі 155 гектар жер теліміне тамшылап суғару технологиясымен жабдықталған алма бағын отырғызды. Сол сияқты «Рич Вайли» ЖШС-і 2,0 гектар жерге 35 жұмыс орнын ашатын өнеркәсіптік жылыжай салып, бүгінгі күні 1500 тонна өнім алуда.

Қарасай ауданында барлығы 15 515 шағын және орта бизнес кәсіпорыны тіркелген. Ауылшаруашылығы саласында 2038 нысан жұмыс атқаруда. Аталған сала бойынша өткен жылы 159 млрд.  302 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Негізгі капиталға тартылған инвестициялар 135,3 млрд. теңгені құрап отыр. Осы көрсеткіштерге қарап-ақ аудан экономикасының қалыпты жұмыс істеп отырғанын байқауға болатындай.

Осыдан кейін Жандарбек Ермек-ұлы тұрғын үй құрылысы бағытында, «Бақытты отбасы», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Нұрлы жер» бағдарламалары бойынша қол жеткізген қомақты табыстарын да жұртшылықтың назарына ұсынды. Бюджетке түсетін салықтар мен басқа да міндетті төлемдер 73,1 млрд. теңгеге жетіп, жоспар 122 пайызға орындалған. Баяндамадан "Еріктілер жылы" аясында "Жасыл ел", "Біз біргеміз", "Сақтықта қорлық жоқ", "Дәрігерлерге мың алғыс" акциялары ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілгені, коронавируспен күресте атқарылған ауқымды жұмыстар да жан-жақты айтылды.

Ауданда үшауысымды мектептердің мәселесін шешу, бұқаралық спорт пен денешынықтыру жұмысын жақсарту бағытында да қолға алынған шаралар аз емес. Ал, денсаулық сақтау саласына былтырдан бері айтарлықтай қаржы бөлініп, тәжді тажалды ауыздықтаудың барлық шаралары атқарылып келеді. Әкімнің есебінде ауданның мәдениет саласы, автомобиль жолдары, коммуналдық шаруашылық, құқықтық тәртіпті сақтау шаралары да жан-жақты сөз болды.

Баяндама аяқталғаннан кейін Қаскелең қаласының тұрғыны Алмагүл Ұлтарақова хабарласып, қалада спорт алаңдарын көптеп ашса деген тілегін жеткізді. Ал, Әйтей ауылында тұратын зейнеткер Мырзахмет Танхиев тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін көтерген. Береке ауылынан хабарласқан Салиха Тойымбетова 28 жылдан бері қаңырап тұрған Мәдениет үйін қалпына келтіруге ықпал еткені үшін аудан және облыс басшыларына алғысын жеткізді. Қаскелең қаласының тұрғыны Әмина Әбдраманова өнер мектебін ашу жайлы ұсыныс айтса, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Сағат Әшімақынов атқарушы билікке ризалығын білдірді. Хабарласқандардың барлығы аудан әкімінің есепті мерзім ішіндегі жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.

Осыдан кейін сөз алған облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли облыс экономикасының драйвері саналатын Қарасай ауданында атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, облыс көлемінде қол жеткен табыстар мен алдағы атқарылар істер жайында баяндап берді. Сөзінің соңында ол Қарасай ауданы атқамінерлерінің алдында тұрған міндеттерге тоқталды. Ең бастысы, коронавирус инфекциясының таралуына тосқауыл қою қажеттігі баса айтылды.
Жиын соңында Жандарбек Далабаев әлеуметтік желілер арқылы тұрғындардан келіп түскен сауалдар мен өтініштерге жауап берді

***

Соңғы жылдардың аумағында Кеген ауданының орталығы Кеген ауылы, өңірдегі елді мекендер ажарын ашып, өскелең уақытқа қарай көштерін көрікті ете түсті. Бұрнағы жылы аудан орталығынан спортсүйер жастар үшін спорттық-сауықтыру кешені салынып, пайдалануға берілді. Былтыр 15 тұрғын үй ел игілігіне айналды. Басқаны айтпағанның өзінде өткен жылдың ауқымында өңірдегі 4 мектеп, 2 Мәдениет үйі, 1 балалар бақшасы күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңғырып, жайнады. Тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы 6 ауылдағы ауызсу жүйелері жаңғыртылды.

Былтыр аудандағы өнеркәсіп саласы бойынша 12 978 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Ауылшаруашылығы саласы бойынша жалпы өнім көлемі 30 701 миллион теңгені құрады. Аудан тұрғындары таулы өңірдің дарқан дақылы саналатын картоптан жақсы өнім алды. 2465 гектар жерге отырғызылған картоптан 45667 тонна өнім алынып, әр гектарға шаққанда 188 центнерден айналды. Бұл жаман көрсеткіш емес.

Өңірдегі өндірістік кооперативтердің, ЖШС-нің, шаруа қожалықтарының жағдайлары жыл өткен сайын жақсарып келеді. Шаруа құрылымдары өткен жылы «Каз Агро» қаржы акционерлік қоғамы арқылы 127,4 миллион теңгеге 40 трактор, техника сатып алды. Жекелеген фермерлер өз қаражаттарымен 58 миллион теңгеге ауылшаруашылығына қажетті 22 техника сатып алды.

Өңір тұрғындарының негізгі тіршілік көздерінің бірі – мал шаруашылығы болса, ауданда ірі қара 51648 басқа, жылқы 28645 басқа, қой-ешкі 202640 басқа жетті. Өткен жылы тірі салмақта 18050 тонна ет, 25848 тонна сүт өндірілген.

Кеген ауданы шын мәнінде туризмнің орталығына айналуда. Нарынқол – Кеген – Алматы күрежолынан Жалаңаш ауылына, одан соң көрікті Көлсайға дейінгі жол жөнделіп, заманға лайық асфальтталды. Міне, осылайша өңірге алыс-жақын шетелден, республика аумағынан келетін туристер мен қонақтардың саны екі есеге дейін артты.

Ауданда шағын және орта бизнестің жайы да жаман емес. Аталған сала 2020 жылы 14 527 миллион теңгенің өнімін өндіріп, бюджет қоржынына 2 716 миллион теңгенің салығын құйды. Өткен жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 7 шаруа қожалығы 86,2 миллион теңге несие алып, жұмыс жүргізіп жатыр. 2020 жылы таулы өңірде негізгі капиталға тартылған инвестициялардың мөлшері 6 110 миллион теңгені құрады. Биылғы жылы СПК «Талас» құрылымы жыл сайын 300 тонна сүт өндіретін, жобалық құны 420 миллион теңге тұратын тауарлы-сүт фермасын іске қосуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда Чехиядан «Симменталь» тұқымды 80 бас сиыр әкелініп, ферманың құрылысы жүргізілуде. «Слава Мунай Сервис» ЖШС биылғы жылдан бастап Тұйық ауылының аумағынан мыс, қорғасын, барит өндіруді қолдарына алмақ. Серіктестік алдағы 10 жыл ішінде Тұйық кен орнын қайта игеруге шамамен 13,1 миллиард теңге инвестиция салуды көздеп отыр. Сөз орайында айта кетейік, Кеңестер одағының тұсында Текелі қорғасын-мырыш комбинатының негізінде Тұйық руднигі жұмыс істеген болатын.

Тағы бір жағымды жайт, «Кеген Мясо Пром» ЖШС тәулігіне 10 тонна ет өндіретін, жобалық құны 2,5 миллиард теңге болатын ет өңдеу комбинатын салуды жоспарлап отыр.

Өткен жылы ауданда 4 миллиард 60 миллион теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылды. Жеке тұрғындардың есебінен 2500 шаршы метр тұрғын үй игілікке айналды. Кеген ауылынан 15 тұрғын үй салынып, әртүрлі топтағы мұқтаж жандарға берілді. Кеген ауылы тағы да жаңадан салынатын тұрғын үйлермен іргесін кеңіте түспек. Биылғы жылы жаңадан салынатын 36 тұрғын үйдің инженерлік-коммуникациялық желілерін жүргізуге 843,5 миллион теңге қаралып отыр. Өңірдегі Тұйық, Кеген ауылдарындағы ауызсу мәселесі толығымен шешімін тапты. Алғабас, Бөлексаз ауылдарында ауызсу жүйелерін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалаулы, Жайдақбұлақ, Кіші Қарқара ауылдарындағы ауызсуға қатысты жұмыстар толығымен бітті.

2020 жылы аудан бойынша 985 миллион теңге қаражат бөлініп, елді мекендердің 62,7 шақырымды құрайтын ішкі жолдары орташа және ағымдағы жөндеуден өткізілді. Өткен жылы аудан аумағынан мыңға тарта жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмыссыз ретінде тіркелген 1299 адам әртүрлі жұмыспен қамтылды. Білім саласы бойынша өткен оқу жылында ҰБТ-ның қорытындысы бойынша орташа көрсеткіш 97,8 балды құрады. Өңірдегі Түменбай, Алғабас, Мойнақ, Көкпияз, Кіші Қарқара, Тасашы ауылдарынан тасымалданып оқытылатын оқушылар үшін жаңадан 4 шағын автобус, 2 үлкен автобус сатып алынды. 32 мектеп кеңжолақты интернет желісіне қосылған. Аудан әкімдігінің назарына алуымен аудандық орталық ауруханада коронавирустың екінші толқынына қажетті іс-шаралар қолға алынды. Демеушілердің көмегімен 4 көп функциялы төсек, 2 монитор, 18 оттегі концентраторы, 26 пульсоксиметр алынған. Оның сыртында аудандық ауруханаға бір мезгілде 50 нүктеге оттегі беретін стансы орнатылды. Қазіргі таңда аудан бойынша коронавирустың екінші кезеңіне 90 төсектік орын дайын.

Атқарылған жұмыстар туралы баяндамадан соң аудан әкімі Т.Байеділовке Алғабас ауылының тұрғыны Балым Жұбаниязовадан «Алғабас ауылдық округінде жүргізіліп жатқан ауызсу жүйелерін жаңғырту жұмысы биыл біте ме?», – деген сұрақ түсті. Аудан әкімі Алғабас ауылының ауызсу жүйесінің құрылысын салу және оны қайта жаңғыртуға бюджеттен 450 миллион теңге бөлініп, қажетті жұмыстар былтырғы жылдан бастап жүргізіліп жатқанын айтты. Бөлексаз ауылының тұрғыны Әлия Халелқызы ауылдан Мәдениет үйінің қашан салынатынын сұрады. Аудан әкімі Т. Байеділов облыс әкімінің қолдауымен өңірдегі бірнеше ауылда жаңадан Мәдениет үйлерін салу жоспарланып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын сөз етті. Бөлексаз ауылына Мәдениет үйін салудың жоба-жоспары жасалғанын, республикалық сараптамадан өткенін, алдағы уақытта ауылға ыңғайлы, заманауи Мәдениет үйі салынатынын алға тартты.

Бұдан соң облысымыздың әкімі Амандық Баталов облысымыздың өткен жылғы әлеуметтік және экономикалық дамуы туралы әңгімеледі. Ауданда былтырғы жылы қолға алынып, жүзеге асырылған шаруаларға ризашылығын білдірді. Ауданда ауылшаруашылығын, туризмді, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жоспарлы, жүйелі жұмыстар жүргізуді жалғастыра беру қажеттігін айтты.

Облыс әкіміне бір ғана сұрақ түсті. Кеген ауылының тұрғыны Дилбар Тұрымбаеваның «Кеген ауданына қашан көгілдір отын келеді? Жалпы, оған мүмкіндік бар ма?», – деген сұрағына облыс әкімі А. Баталов толымды жауабын айтты. «Кеген және Райымбек аудандарының тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз етудің жоба-жоспары жасалған. Осы мақсаттың өзіне бюджеттен 24 миллиард теңге қаражат қарастырылып отыр. Алдағы 2024-2025 жылдарға қарай таулы өңірдің тұрғындары көгілдір отынға қолдарын жеткізетін болады», – деді облыс әкімі. Бұл жауап көпшілікті қуантып тастады.

Онлайн түрінде өткен жиынның соңында аудандық ардагерлер мен ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сабыр Досымбеков сөз алып, былтырғы жылы Кеген ауданына бұрын-соңды болмаған қомақты қаражат бөлініп, соның негізінде өңірдегі 4 мектеп, 2 Мәдениет үйі, 1 балалар бақшасының күрделі жөндеуден өткізілгенін, 6 ауылда ауызсу жүйелерінің жаңғыртылғанын тілге тиек ете келіп, аудан тұрғындары атынан облыс әкімінің атына жүрекжарды алғысын білдірді.

***

Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев өңір жұртшылығы алдындағы есебін Басқұншаң ауылдық округінен бастаған-ды. Онлайн форматта өткен есептік кездесуде барлық ауылдық округ тұрғындары былтыр жүзеге асқан жұмыстар мен биылға жоспарланған ілкімді істермен танысты. Жергілікті тұрғындар арасынан сөз сөйлегендер өтініш-тілектерін "ZOOM" платформасы арқылы жеткізіп, өзекті мәселелерді аудан басшысының назарына ұсынды.

Аудандық әкімдіктің жиынжайында онлайн форматта өткен өңір басшысының қорытынды есебіне аудан аумағындағы кәсіпорындар мен мекемелердің, қоғамдық ұйымдардың, құқық қорғау орындарының өкілдері қатысып, алдағы уақытқа межеленген міндеттермен танысты.

– Былтыр пандемия салдарынан туындаған қиындықтарға қарамастан аудан экономикасының барлық салаларында оң өсім сақталды, – деген Талғат Әбенұлы алдымен санитарлық-эпидемиялық талаптарға байланысты дәстүрлі есеп берудің әдеттегіден өзгеше өтіп отырғанына тоқталды. – Атап айтсақ, өңірдегі өндірістің негізгі көзі ауылшаруашылық саласында жалпы 51 миллиард 200 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, 2019 жылмен салыстырғанда 2 миллиард 500 миллион теңгеге артты. 2020 жылы 1 миллиард 130 миллион теңгеге ауылшаруашылық саласына қажетті 58 жаңа техника сатып алынды.

Өңірдегі мал санының өскені, ауылшаруашылық өнімінің мөлшері артқаны таныстырылған баяндамада жеңілдетілген несиемен шетелден асыл тұқымды мал әкелініп жатқаны, ауданда жалпы саны 1720 ірі қараға арналған 8 мал бордақылау алаңы жұмыс істейтіні, Үлкенағаш ауылдық округінде 1 шаруашылық 200 ірі қара малына бордақылау алаңын іске қосқаны айтылды. Баяндамашының айтуынша, жақында іске қосылған Көктал ауылындағы «Көктал-Агро» ЖШС сүт фермасында 31 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, сауыншылар күніне 110 сиырдан 2600 литр сүт алады. Сондай-ақ, былтыр «ЭСЭСЭЙ Фид Миллс» ЖШС жылына 60 мың тонна астық сақтауға мүмкіндік беретін қойма мен құрама жем шығаратын зауытты қолданысқа берді. Бүгінгі күні тұрақты 15 жұмыс орнын ашқан серіктестік келешекте тағы 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етпекші.

Ауданның құрылыс саласында 13,6 миллиард теңгенің жұмысы атқарылып, есепті мерзімде жалпы 22,1 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілген. Ауданда тұрғын үй алу кезегіне тұрған 3760 адамның 683-і көпбалалы отбасы болса, 1598-і әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандар. Өткен жылы берілген 60 пәтерлі 4 үйден 240 отбасы баспана алып, қуанышқа кенелді. Биыл бір инвестор Жаркент қаласынан 40 пәтерлі 5 қабатты тұрғын үй салуды жоспарлап отыр. Одан бөлек, Кішішыған ауылын таза ауызсумен қамту мәселесі оңды шешілсе, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде қарастырылған 1 миллиард 600 миллион теңгенің 1,4 миллиард теңгесі игерілген. Бұл қаржыға Жаркент қаласындағы Біләл Назым көшесі мен Жібек жолы даңғылындағы жаяу жүргіншілер жолдары жарықтандырылып, тағы 5 ауылдағы 7 көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілген. Сонымен бірге, 1362 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілсе, 1580 отбасыға кепілдендірілген әлеуметтік топтама берілген. Биыл мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен балалар әлеуметтік қызмет көрсету порталы арқылы өнім берушіден оңалту бағдарламасында көрсетілген мемлекеттік қызмет түрін алады.

Аудандағы білім беру мен денсаулық сақтау салаларында жаңалық басым. Атап айтсақ, Жаркент қаласындағы Еңбекші орта мектебі, Жерұйық ауылындағы Нағарашы орта мектебі күрделі жөндеуден өткізіліп, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен аудандағы 24 мектептің ішкі дәретханалары жөнделіп, кәріз жүйелері іске қосылған. Былтыр Пенжім ауылында 50 адамға арналған жаңа дәрігерлік амбулатория ашылып, аудандық ауруханада 20 өкпені жасанды желдету аппараты, 39 оттегі концентраторы, 120 Бобров аппараты, 120 оттегі нүктесі пайдалануға берілген.

Есепті жиында облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов сөз сөйледі. Жарыссөзге онлайн шыққан Сарыбел ауылының тұрғыны Н. Иманғалиев, Басқұншан ауылының тұрғыны Е.Дәркембеков, Пенжім ауылдық округіндегі жергілікті қоғамдастық төрағасы Б. Молдахметов, Панфилов аудандық жастар ресурстық орталығының маманы, аудандық мәслихат депутаты А. Батырхан сөз сөйлеп, аудан әкімінің есебіне «қанағаттанарлық» деген баға берді.

***

Жамбыл ауданының әкімі Бағдат ӘЛИЕВ өткен жылда атқарылған жұмыстар және биылға арналған міндеттер туралы қорытынды есеп берді. Қазіргі санитарлық-індеттік жағдайға байланысты онлайн түрде өткен кездесуге облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат ТҰРЛАШОВ, облыстық басқарма басшылары, селолық округ әкімдері, аудан тұрғындары қашықтан байланыспен қатысты.

Сақтық шараларын сақтай отырып, құқық қорғау органдары, мәслихат депутаттары, мекеме басшылары, еңбек ардагерлері, қоғамдық ұйымдар және БАҚ өкілдері оффлайн түрінде де аудандық Мәдениет үйіне келді. Аудан әкімі Бағдат Байшалұлы 2020 жылы атқарылған істерді жан-жақты баяндап, алдағы межелерді айқындады. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын нақты мәліметтермен саралаған ол әр саладағы істің жай-жапсарына жеке-жеке тоқталды. Жүзеге асырылған толымды істерді деректермен айғақтады.

Әкімнің есебі бойынша, өткен жылы ауылшаруашылығында 59 миллиардтан астам теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 102,6 пайызды құрады. Егін шаруашылығы 103 мың 244 гектар егістік жерді қамтыды. Барлығы 48216 гектар астық орылып, дәнді дақылдар егістігінен 114711 тонна өнім алынып, түсімділігі әр гектарынан 23,8 центнерден айналды. Сондай-ақ, 700 тонна сұлы, 3511 тонна жүгері, 5890 тонна майлы дақылдар, 1355 тонна жеміс-жидек, 32380 тонна картоп, 31325 тонна көкөніс, 12310 тонна бақша өнімдері жиналды. Биылғы жылдың есебіне 14 мың гектар алқапқа күздік бидай себілді. Маусымаралық уақытта Алматы қаласы мен аудан халқын көкөніспен тұрақты түрде қамтамасыз ету мақсатында жалпы көлемі 10,58 гектарды құрайтын 8 жылыжай жұмыс істеп, жыл бойы 1273 тонна өнім өндірілді.

Ауданда 699 гектар алма бағы бар. Кейінгі үш жылда 5 шаруашылықтың күшімен 264 гектар жерге бақ егілді. Оның ішінде 200 гектар жаңғақ, 31 гектар таңқурай алқаптары бар. 2018 жылы «Атек Агро» шаруа қожалығы 54 гектар жерге алма бағын егіп, 50 адамға жұмыс орнын ашқан. Олар биыл алғашқы өнімін алады. Мал саны артып, 106290 бас ірі қара, 721086 бас қой-ешкі, 39198 бас жылқы, 1497 бас түйе, 523597 бас құс есепке кірді. Барлығы 24385 тонна ет, 50799 тонна сүт, 122 млн. 346 мың дана жұмыртқа өндірілді. Ветеринарлық жұмыстарға 371 млн. 562 мың теңге қаржы жұмсалды. Суармалы алқапты қалпына келтіру үшін 745 млн. теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі 19 млрд. 449 млн. теңгені құрады. 2020 жылы «Гранит-Индастриш» кәсіпорны жобалық құны 350 млн. теңге, жылдық қуаттылығы 6500 текшеметр гранит зауытын іске қосып, 10 жаңа жұмыс орнын ашты. Қарғалы ауылынан «Биаш-Транс» ЖШС жобалық құны 1 млрд. 200 млн. теңге, жылдық қуаттылығы 2 мегаватт күн электр стансысының құрылысын бастап, 10 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлауда.

«Жұмыспен қамту», «Еңбек» бағдарламалары аясында 4288 жаңа жұмыс орны ашылып, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін 139 адамға 642 млн. теңге несие, 121 адамға 57 млн. теңге мемлекеттік грант берілді. Шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы 7923 нысанда 13345 адам жұмыс істейді. Олар 38 млрд. 92 млн. теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке 4 миллиардтан аса теңгенің кірісі енгізілді. Жалпы құны 222 млн. теңге болатын 12 жаңа нысан іске қосылып, 82 адам жұмыспен қамтылды. Салық және басқа да міндетті төлемдер түсімі 2021 жылдың 1 қаңтарына 11 млрд. 471 млн. 226 мың теңгені құрап, жоспар 107,5 пайыз орындалды. Оның ішінде республикалық бюджеттің орындалуы 100, облыстық бюджет 112,4, аудандық бюджет 109,8 пайызды құрады.

Баяндамадан кейін тұрғындардың ұсыныс-тілектеріне кезек берілді. Zооm арқылы байланысқа шыққан Самсы ауылының тұрғыны Мұхтархан Шынтеміров үлкен жолдың бойында орналасқан, үш елді мекеннен құралған Самсы селолық округінің әкімшілік үйінің ескі екенін, 1965 жылы салынғанын айтып, жаңа ғимарат салынса деген тілегін айтты. Аудан әкімі көптен бері шешімін күткен бұл істің сәті енді келіп тұрғанын, биыл 149 миллион теңге бөлініп, нақты іске асырылатынын жеткізді. Залдан сөз алған аудандық мәслихат депутаты Райхан Жәнібекова ауданда жол жөндеу құрылысын қарқындата түсуді ұсынды. Оған жауап берген аудан жетекшісі өткен жылы 52 шақырым ішкі жолдар жөнделгенін, оның 22 шақырымы аудан орталығының еншісіне тигенін айтты. Бұл жұмыс биыл да ретімен жалғасатынын, өткен апталарда бұған дейінгі өткізген өзінің есептерінде Ұзын- ағаш ауылының тұрғындары осы мәселе бойынша көптеп тілектерін білдіргенін, биыл Ұзынағаштың ішкі көшелерін жөндеуге 518 миллион теңге қаражат бөлінгенін мәлім етті.

Тікелей эфирде облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Махатұлы сөз алып, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің негізгі даму бағыттарын айқындап бергенін, бұл, ең алдымен, халықтың әл-ауқатын арттырып, экономиканың тұрақты өсімін сақтау мақсатын көздейтінін айтты. Осы бағытта Жетісу өңірінде атқарылып жатқан нақты жұмыстармен таныстырып, әр сала бойынша қол жеткен жетістіктерді тілге тиек етті. Ауданда орын алған кемшіліктерді атап өтіп, жұмысты күшейтуге қажет бірқатар мәселеге аудан әкімі мен жергілікті атқарушы органдар басшыларының назарын аударып, нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, ауылшаруашылығы дақылдарының өнімін арттыру, мал және құс басын өсіру, азық-түлік өнімдеріне бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету, шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында жаңа инвестициялық жобалар ұсыну, «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «7-20-25», «5-10-20» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру жұмысын жандандырып, тиімділігін арттыру, несиелік тұрғын үй құрылысын салу ісіне жеке кәсіпкерлерді тарту, ана мен бала денсаулығына ерекше көңіл бөлу, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жұмыстарын жалғастыру, «Ковид-19»-ға қарсы вакцина салу туралы халықты кеңінен хабардар ету, жергілікті полициямен бірлесе отырып, заңбұзушылық пен қылмыстың алдын алу жұмыстарын тапсырды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасарына Ұзынағаш ауылының тұрғыны Шынар Нүсіпбаева сауал жолдап, өзіне 7 баланың анасы ретінде аудан орталығынан үй берілгенін айтып, алғысын білдірді. Енді сол үйіне келетін ауызсудың қысымы өте төмен екенін, оны жоғарылатуды сұрады. Ләззат Махатұлы көпбалалы анаға халықты ауызсумен қамту жұмыстарының барысы, қосымша сорғылар қою төңірегінде тиянақты жауап берді. Облыстың және ауданның Құрметті азаматы, аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Әскербек Абаев өткен жылғы қиындықтарға қарамастан ауданда үлкен жұмыстар атқарылғанына көңілі толатынын білдірді. Әсіресе, мал шаруашылығында көрсеткіштердің жоғары екенін атап өтіп, аудан әкімінің жұмысын қанағаттанарлық деп бағалауды ұсынды.

Есеп беру аяқталған соң аудан әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша онлайн және офлайн қабылдады.

***

Балқаш ауданының әкімі Ғалым Тоқпейісовтың тұрғындар алдында есеп беру кездесуі өтті. Келелі жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов онлайн форматта қатысты.

Береке, Ақдала ауылдық округтерінде өткен есептік жиында  аудан әкімі жыл бойы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ал Бақанас ауылында өткен кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан  Ж. Иманбаева және Н. Құтпанбетов көшелерінің түңгі жарығына жөндеу жұмыстары жасалса деген ұсыныстар айтылды.

 

Жиынның күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша аудан әкімі Ғалым Тоқпейісов 2020 жылы атқарылған жұмыстар және 2021 жылға арналған міндеттер туралы баяндама жасады. Сондай-ақ, аудан тұрғындары тарапынан бірнеше ұсыныс-пікірлер айтылды. Мысалы, Бақанас ауылының тұрғыны Қанат Бекмұхамбет тыл ардагерлері мен мұғалімдерге ауданның "Құрметті азаматы" атағын беру жөнінде және ауданда дәрігер маманының жетіспейтіндігі, сондай-ақ, Бақанас ауылында тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт салу туралы мәселелерді көтерді. 

Жиделі ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шыңғыс Байсынов ауыл халқы атынан Жиделі орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жасалса деген ұсынысын білдірсе, Ә. Ахметов атындағы орта мектептің мұғалімі Әсел Айсайева  Көктал ауылындағы ауызсу жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстарының қашан қолға алынатынын сұрады. Бірлік ауылдық округінің тұрғыны Андрей Синельников Бірлік ауылына кіретін тасжолға жөндеу жұмыстары жасалса деген ұсынысын айтты. Аудан басшысының есептік жиынында онлайн режимде Бақбақты ауылының тұрғынынан «Ауылымызда жалгерлік тұрғын үй салына ма?» деген сауал жолданды.

Тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді мұқият тыңдаған Ғалым Қасымұлы туындаған сұрақтарға лайықты жауап қайтарды. 

Есепті жиынға онлайн форматында қатысып отырған облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Махатұлы өз сөзінде облыс көлемінде атқарылып жатқан толағай жұмыстарды тілге тиек ете келе ауданға қатысты жайттарға кеңінен тоқталды. Аудан басшысының жыл ішінде атқарған жұмыстарына оң баға беріп, алдағы атқарылар міндеттерді тағы бір мәрте саралады.

Аудан әкімінің жыл ішінде атқарған жұмысына қанағаттанарлық деген баға берілді.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев та аудан көлеміндегі игі істерді тізе келе аудан басшысының жұмысына көңілі толатынын жеткізді. Сондай-ақ, аудан тұрғындары атынан алғыс айтып, алдағы жұмыстарына жеміс тіледі. 

Соңғы жылдары тұрғын үйлердің көптеп салынуы, ауыл-ауылдарға газ тарту жұмыстарының қарқын алғандығы, ауылдың сән-салтанатын арттыратын ғимараттардың салынуы мен оларға күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуі сынды жұмыстар қорытынды есептің өзегіне айналды.                          

"Жетісу" газетінің арнаулы тілшілері

Алматы облысы