ҚАРАТАЛ АУДАНЫНЫҢ ЖОЛДАРЫНА 25 ТОННА ТҰЗ БЕН ҚҰМ ЖҰМСАЛДЫ

Уақыты: 14.02.2021
Оқылды: 1062
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қыс басталса, қаладағы коммуналдық қызметтердің жұмысы арта түседі. Ақ мамық жапқан жолдарды уақытылы күреу, жаяу жүргіншілер жолын тазалау жұмысы жанданады. Үштөбе қаласындағы көлік жолдарының қарын күреп, ауданымыздың тазалығын қамтамасыз ететін «Қаратал ауданының тұрғын үй пайдалану қызметі» ЖШС үшін қазір нағыз қарбалас кезең.

Бұл мекеменің қызметкерлері демалыс күндері бейқам отырмайды. Аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Самат Жарманов ауа райының өзгеруіне байланысты қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатқанын айтады.

– Ауданымыздың қыс айларында қар тазалау жұмыстарына «Қаратал ауданының тұрғын үй пайдалану қызметі» ЖШС жауапты. Аталған мекеме қыс айларында жолдарды қардан тазалау жұмыстарын жүргізеді. Жалпы, өңірде аудандық маңызы бар автокөлік жолдарының көлемі 399 шақырымды құрайды. Оның қыста қар тазалауға жататыны – 27 шақырым. Аталған мекемемен қыста қардан тазалау жұмыстарына 5 техника, 6 адам жұмылдырылды. Бүгінгі күнге тазаланған қардың көлемі – 15 тонна. Ал инертті материалдар (тұз бен құм) 25 тонна жұмсалды. Егер аяқасты ауа райы күрт өзгеріп, қар жауған жағдайда мердігер мекеме қар тазалау жұмыстарын жалғастырады, – дейді аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Самат Жарманов.

Бүгінде ауа райы мың құбылып тұр. Апта басында қар жауса, соңы жаңбырға ұласа салады. Артынан күн жылып, жолдар мен сай-сала суға толады. Еріген қар суынан жолда қатқақ пайда болады. Қатқақ қардан жолдарды әп-сәтте тазартып шығару оңай емес. Сондықтан, қар жауғанда жолдарды күреу жұмыстарын дер кезінде жүргізу – аталған мекеменің басты міндеті.

Асхат ӨМІРБАЕВ

Қаратал ауданы

Алматы облысы