ҚАҢТАР АЙЫНДАҒЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КӨРСЕТКІШ ЕДӘУІР ЖАҚСАРҒАН

Уақыты: 17.02.2021
Оқылды: 850
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Премьер-Министр Асқар МАМИННІҢ төрағалығымен селекторлық кеңес өтті. Оған Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысты. Жиында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының және қаңтардағы республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды.

Экономиканың, банк саласының жай-күйі, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, өнеркәсіп пен энергетика секторындағы жағдай туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов және Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, агроөнеркәсіптік кешендегі жағдай туралы Ауылшаруашылық министрі Сапархан Омаров, инвестициялар тарту туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасының іс-шараларын орындау тетіктері туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов баяндады.

Спикерлердің айтуынша, қаңтар айында экономиканың негізгі салалары бойынша көрсеткіштер едәуір жақсарған. Өңдеу өнеркәсібінде тұрақты динамика байқалып, жыл басынан бері 3 пайызға өскен.

Атап айтсақ, құрылыс көлемі 7 пайызға, тұрғын үйді пайдалануға беру 9,4 пайызға немесе шамамен 801 мың шаршы метрге ұлғайған. Ауылшаруашылығында өндіріс көлемі 2,5 пайызға артыпты. Мұнай өндірудің нақты көлем индексі 12,3 пайызды құраған. Сонымен қатар, көмір өндірісі жоғары қарқынмен өскен. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі тау-кен өндірісін есепке алмағанда 25,5 пайызды құрапты. Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қостанай облыстары, сондай-ақ, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары негізгі 7 көрсеткіштің 5-і бойынша әлеуметтік-экономикалық даму өсімін қамтамасыз еткен.

«Министрліктер мен әкімдіктер жұмысты жандандырып, тиісті шаралар қабылдап, белгіленген мақсаттар мен міндеттерді нақты орындауы қажет», – деген А.Мамин ел экономикасына инвестициялар тарту көлемін арттырудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Үкімет басшысы екі күн мерзімде «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі штаб құруды тапсырды. Оның отырыстарын апта сайын Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, ай сайын Премьер-Министр өткізетін болады.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ