ӘКІМ ҚАБЫЛДАУЫНДА БОЛҒАН ДЕПУТАТ МАҢЫЗДЫ ЕКІ МӘСЕЛЕ КӨТЕРДІ

Уақыты: 20.02.2021
Оқылды: 1233
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алакөл ауданынан сайланған Алматы облыстық мәслихатының депутаты Баршагүл Саятова аймақ басшысы Амандық Баталовтың қабылдауында болып, айдынды өлкенің қарқынды дамуына қажетті деген мәселелерді көтерді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Ең алдымен, аудандағы егістік жерлерінің көлемін арттыру мақсатында қолға алынған каналдарды күрделі жөндеуден өткізу тақырыбына тоқталды. Қазіргі таңда екінші мәрте лот өткізіліп, күн жылысымен жұмыстар басталмақ. Осы ретте Б.Саятова бұл істің аудандағы ауыл шаруашылығын өркендетуге, соның ішінде, диқандар жұмысының ілгері басуына қаншалықты көмек екендігін сөз етіп, суару жүйесінің ЖСҚ-сын түзетуге 56 млн.теңге қажеттігін тілге тиек етті. Егіндік жердің ұлғайюына және судың жеткілікті мөлшерде келуіне толықтай жағдай жасайтын бұл бастаманың бөгеліп қалмауы үшін облыс әкімі А.Баталов тиісті қаражаттың бөлінетіндігін айтты.

Шыны керек, ауданның тірек салаларының бірі саналар ауылшаруашылығын дамыту, осы бағытта қам қылым жүрген шаруаларға қолдау көрсету арқылы тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізе аламыз. Қазіргі таңда егінге кеткен судың жартысы канал құмдарына сіңіп кетіп, тапшылық байқалуда. Осы ретте каналдарды толықтай ретке келтіріп, әр тамшы судың діттеген жеріне жетуіне қолайлы жағдай туғызу, сол арқылы диқандар еңбегінің өнімділігін арттыру сауапты іс.

Бұдан бөлек, Қабанбай ауылындағы аурухананы күрделі жөндеуден өткізіп, мамандар тапшылығына жол бермеу үшін баспана мәселесін шешу ісі қозғалды. Ауылды жерге жас мамандарды тартып, тұрғын үймен қамтамасыз ету арқылы пандемиямен күреске де қосқан үлес деп білеміз. Осы ретте Қабанбай ауылына коттедждік үлгідегі бес тұрғын үй салу үшін 100 млн.теңге бөлінетін болды. Облыс әкімі бұл іске оң көзқарас танытып, қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ,

Алакөл ауданы мәслихатының депутаты

Алматы облысы