БАЛҚАШ АУДАНЫНДА ЕГІН ОРУ НАУҚАНЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН: ТҮСІМ ҚАЛАЙ?

Уақыты: 25.08.2021
Оқылды: 1329
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ерте көктемнен кетпен-күрегін қолға алып, егін егуге кіріскен аудан диқандарының ала жаздай төккен терлерінің өтелетін уақыты да келді. Егін егумен айналысатын шаруашылықтар тамыз айының алғашқы күнінен бастап арпа-бидайға шалғы салып, дала төсін дүбірге бөлеп, еңбектің қара қазанын қайнатуда.

Жалпы айтқанда, аудан көлемінде биыл 7 530 гектар суармалы жерге арпа-бидай егілді. Бүгінгі таңда оның 3450 гектары шабылып, 3200 гектары бастырылды. Егін орағы аудан басшысының тікелей назарында болғандықтан, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің мамандары науқанды жұмыстың әрбір сәтін жіті қадағалап, мерзімі жетіп, бітік піскен дәннің бір түйірін де ысырап етпеуді диқандардан талап етіп отыр.

Аудандық ауылшаруашылығы бөлімі мамандарының айтуынша, егіс алқабының әр гектарынан әзірге 17 центнер өнім алынуда. Ауа райы қолайлы болған жағдайда тамыз айының соңына дейін арпа-бидай ору жұмысы толық аяқталады деп күтілуде.

Осы орайда қарбалас жұмыстың қарқынын жеделдетіп, арпа-бидай жинауда белсенділік танытқан шаруашылықтарға қысқаша тоқталар болсақ, олар «Бірлік Агрофирмасы» ЖШС мен «Динара» өндірістік кооперативі, сонымен қатар, «Марант», «Ақмарал» шаруа қожалықтары қамшы салдырмастан көш бастап тұр.

Диқандардың тыныс-тіршілігін көзбен көру мақсатында аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Айбар Ардақұлымен бірге Береке ауылдық округіне қарасты «Тамшыбұлақ» ЖШС-нің егіс алқабын аралап қайттық. Біз ат басын бұрған аталмыш шаруашылық биыл өздеріне тиесілі 4925 гектар суармалы жердің 619 гектарына арпа, 927 гектар жерге бидай екті. Жұмыс қарқыны мен өнім көрсеткіші әзірге жаман емес.

Сапар барысында егіс алқабында бидай орып жүрген комбайншы Абзал Асқат пен механизатор Дамир Еркінбекті жолықтырып, олармен егін орағы жайында сұрадық. 

«Тамшыбұлақ» ЖШС-нің білікті комбайншысы Абзалдың айтуынша, құмды жерлерге егілген дәнді дақылдар жаз айының аптап ыстық болуына байланысты ылғал жетіспегендіктен аласа болып өседі. Ал топырақ ылғалдылығы жеткілікті, құнарлы жерлерде өскен астықтың бойы биік, өнімі де жоғары болады десе, осы шаруашылықтың тәжірибелі механизаторы Дамир жоғары өнім алу диқандар үшін басты мақсат екенін әңгіме арқауына айналдырды.

Сөз орайы келгенде аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Айбар Ардақұлы жаз айларында жаңбыр мол болса, арпа-бидай жайқалып өсетінін айта келе, өнімі жоғары әрі сапалы астық алу үшін егін егу жөнінде қазіргі заманға сай технологиялардан бірнеше мысал келтіріп, өз ойын ортаға салды. 

Ел игілігі үшін атқарылып жатқан егін орағы – ең жауапты науқан. Сол себепті оны ұтымды жүргізіп, сапалы өнім алып, жедел аяқтау маңызды міндет. Қазір егінжайларда жүрген әрбір диқан мұны жақсы түсінеді. Ендеше олардың түпкі нәтижесі табысты болсын деп тілейік. 

Бақтығали ДӘУІТБАЕВ

Балқаш ауданы

Алматы облысы