ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫ ТАЛҒАРДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫН КӨРДІ

Уақыты: 06.11.2021
Оқылды: 1006
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Аудандарға арнайы ат басын бұрған облыстық мәслихаттың хатшысы Жанболат Жөргенбаев пен «Nur Otan» партиясынан сайланған депутаттық фракция мүшелері өңірдегі құрылысы жүріп жатқан және күрделі жөндеуден өтіп жатқан денсаулық, білім, мәдениет, спорт нысандарына мониторинг жүргізді. Облыста осы уақытта денсаулық саласында 7, білім саласында 14, спорт саласында 3, мәдениет саласында 6 нысан депутаттық бақылауға алынған. Аталған нысандар құрылысы «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасы, сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында жүргізілуде.

Іссапарын Талғар қаласындағы №3 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын бақылаудан бастаған облыстық мәслихаттың хатшысы Жанболат Жөргенбаев аталған нысанда атқарылып жатқан жұмыстарды ширату қажеттігін тапсырды. Өйткені, мердігер компанияның уәдесі бойынша осы жылдың соңында бітуі тиіс құрылыс жұмыстарының бүгінде 60 пайызы ғана жүзеге асырылған. Ал қыстың алғашқы қары басып, аяз жүрген уақытта жылу жүйесінің де жүргізілмеуі көңілдегі күмәнді күшейтті.

– Құрылыстың нормативті мерзімі 8 ай, жұмыс тамызда басталды. Келісімшарт бойынша 31 желтоқсан деп уәде еткенмен уақыт тарлық етеді. Сондықтан наурызда толық аяқтап, пайдалануға беруге күш салудамыз. Қазір жүзден астам адам еңбек етуде. Жылыту батареяларын да алып қойдық, – деді «Гунн строй сервис» ЖШС бас директорының орынбасары Мәулен Дүйсенов.

Аталған ауданда 7 мектептің оқушылары үш ауысыммен оқытылады. Осы тығырықтан шығу үшін өткен жылдың сәуір айынан бастап Талғар қаласынан 1200 орынды жаңа мектептің құрылысы басталған болатын. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 90 пайызы аяқталғандығын көрсеткен учаске басшысы Сембай Жүнісов желтоқсан айында жаңа мектепті пайдалануға беретіндіктерін айтты.

Талғардың төрінен қоныс тепкен жаңа мектеп сонадайдан «менмұндалайды». Сыртқы келбеті де көз тартарлық. Ауласында абаттандыру жұмысы аяқталып, балаларға арналған ойын алаңдары жасақталып жатқандығын көрдік. Кіреберіс есіктерін қойып, сыныптарды оқуға қажетті жиһаздармен жабдықтау жұмыстарын аудандық білім бөлімімен бірлесе жүргізетіндіктерін тілге тиек еткен «Bi global» ЖШС-нің өкілдері жаңа нысанды желтоқсанда өткізуді жоспарлауда.

– Облыс бойынша әлеуметтік салада салынып және қайта жасалынып жатқан нысандардың барлығына партиялық бақылау жасап, өңір басшысының тапсырмасымен әр аудан, қалаларда біздің әріптестеріміз, депутаттарымыз осындай мониторинг жұмыстарын жүргізуде. «Жол картасының» сайлауалды бағдарламасының жүзеге асуы мен орындалу барысы қадағалануда. Ол өзінің нәтижесін беруде. Кестеден кешеуілдеп жатқан мердігерлердің жұмысын ширатуға ықпалын тигізуде. Біздің тарапымыздан сол жұмыстардың уақытылы жасалуы, жұмыскерлер санын көбейту, жұмыстың сапасын жақсарту сияқты талаптар қойылуда. Өздеріңізге мәлім, пандемия салдары мен құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты кейбір нысандарда кестеден қалу фактілері бар. Кейбірі сараптаманың нәтижелерін күтіп, кешеуілдеуде. Десе де, әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарын жауапкершілікке алған мердігер компаниялар белгіленген мерзімде өткізуге уәделерін беріп отыр. Мысалы, Талғардағы 1200 орынды мектептің өткізу мерзімі 22 қаңтар болғанымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай тапсыруды жоспарлауда, – деген Жанболат Жөргенбаев құрылысшыларға жұмыстың сапалы әрі стандартқа сай болуын назардан шығармауды тапсырды.

Білім ошақтарынан соң Бесағаш ауылындағы Мәдениет үйінің құрылысын көрген облыстық мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаев пен аудан әкімі Қайдар Әбдіханов екі-үш блоктан тұратын үлкен нысанның құрылысы талапқа сай болу қажеттігін қадап айтты. Құрылыс жұмысын атқарушы мердігер «Қолғанат құрылыс» ЖШС. Ауылдың руханият ошағына айналатын Мәдениет үйінің құрылысы алдағы жылдың наурыз айында аяқталуы тиіс.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды