ҚАРАСАЙ АУДАНЫНДА ЖҰМЫСШЫЛАР ЖЕТПЕЙ ЖАТЫР. ӘКІММЕН СҰХБАТ

Уақыты: 07.11.2021
Оқылды: 1058
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Соңғы екі жыл адамзат өмірін пандемияға дейін және кейін деп екіге бөліп тастаған сыңайлы. Иә, жер-жаһанды жайлаған тәжтажал үйреншікті тіршілігімізге  өзгеріс енгізіп, өзгеше өмір сүруге мәжбүрлеп қойғаны анық. Дегенмен, өмір жалғасуда. Адамдар қалыптасқан жағдайда еңбек етіп, өндірісті дамытып, тұрғын үй салып, азық-түлік молшылығын жасаудан жаңылмай келеді. Осы үрдісті біз Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаевтың өңірдің бүгінгі тыныс-тірлігі жайлы айтқан әңгімесінен анық аңғарған едік.

– Жандарбек  Ермекұлы, «Болмысты тұрмыс билейді» деген қағидаға жүгінер болсақ, былтырдан бері әлемде экономикалық дағдарыс орын алып, қоғамда түрлі толқулар байқалуда. Сіз жетекшілік етіп отырған іргелі ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай?

– Егер ауданның экономикалық көрсеткіштеріне келер болсақ, пандемия кері әсерін тигізді деп айтуға негіз жоқ. Өткен тоғыз ай ішінде қол жеткізген табыстарымыз осылай деуге мүмкіндік береді. Керісінше, пандемия кезінде Үкімет тарапынан жасалып жатқан көмек қарапайым адамдардың тұрмыс тауқыметіне ұшырамай, кәсіпкерліктің дамуына ықпал еткенін байқаймыз.

Сөзіміз жалаң болмауы үшін нақтылы көрсеткіштерді келтіре кеткеннің айыбы болмас. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 289,5 млрд. теңгені құрап, былтырмен салыстырғанда 44,6 млрд. теңгеге артқан. Облыстың өнеркәсіп өндірісіндегі біздің ауданның үлесі 26,8 пайызды құрап отыр. Қарасай ауданы бүгіндері индустриалды-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыруда алғы шептен көрінуде. Бұған іргеміздегі Алматы қаласының оң ықпалы болғаны анық. Осылайша, өнеркәсіптің дамуы бойынша ауданда 18 ірі өндірістік кәсіпорын, ал сапа менеджменті және халықаралық ИСО жүйесі бойынша 16 өнеркәсіп мекемесі жұмыс істеп келеді. Солардың қатарында 6 жүйе құраушы кәсіп­орынның бар екенін де айта кеткен орынды. Дамыған мемлекеттерде шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 45-50 пайыздан жоғары десек, біздің аудан сол деңгейге алғашқылардың бірі болып жетіп отыр.

Биыл ғана 5,1 гектар жерге жылына 2 мың тонна өнім беретін «Евразиян гринпродукт» жылыжай кешені және қуатталығы  40 000 дана газ, электр және аралас асүй плиталарын жасайтын «Алматы тұрмыстық  техника» зауыты іске қосылды.  Бұларға тиісінше инвестиция тартылып, жаңадан 200-ге жуық жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, қыркүйек айында өндіріс қуаттылығы жылына 2 мың тоннадан астам «Якар» кондитерлік зауыты да іске қосылды. Мұның сыртында бұрыннан істеп келе жатқан өндіріс орындарын жетілдіру, кеңейту жұмыстары да толастаған емес. Осының бәрі өңір экономикасының қалыпты дамуына әсер еткені белгілі.

Қарасай ауданы бүгіндері негізінен өндірістік бағытта дамып келе жатқанын айттық. Дегенмен, агроөнеркәсіп өнімдерін өндіруде де табыстарымыз жоқ емес. Осылайша биыл бұл салада өндірілген өнімнің көлемі 54,7 млрд.теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,7 пайызға жетті. Бізде тоғыз ай ішінде 21 663 тонна ет, 65,142 тонна сүт, 90 млн.414 мың дана жұмыртқа өндіріліп, жоспар артығымен орындалып отыр. «Агрофирма Керуен» ЖШС 155 гектар жерге тамшылатып суару технологиясымен жабдықталған алма бағын отырғызса, «РичВайли»ЖШС 2 гектарға өнеркәсіптік жылыжай салып, бүгіндері 1500 тонна өнім алуда.

Ауданда шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын 16 мың 108 нысан тіркелген. Үш мыңнан аса шағын кәсіпорын, 10902 жеке кәсіпкер, 2038 ауылшаруашылығы құрылымы аудан экономикасын өркендетуге үлестерін қосып қана қоймай, халықты тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп келеді.

Пандемия кезінде мемлекеттік қолдау ретінде ауданға 27 млрд.теңге бөлінген болса, біз оны толық игердік. Осылайша құрылыс нысандары, білім беру мен мәдениет саласы, ауызсу мен жол, көшелерді жарықтандыру жұмыстары қарқынды жүргізілді. Осы кезде бізге ең қиын тигені аталған жобаларды жүзеге асыруға қажетті  жұмыс қолын тарту болды.

– Жұмыс күші дегеннен шығады ғой, былтырдан бері көрші мемлекеттермен алыс-берістің азаюына байланысты құрылыс саласы тоқырауға ұшырағаны байқалады. Бұл ауданға кері әсерін тигізген жоқ па?

– Жоғарыда айтқандай, екі жылдан бері бізде жұмыс орны емес, жұмыс күшінің жетіспеушілігі айқын сезіледі. Бұл өз кезегінде түрлі жобаға бөлінген қаржыны игеруде қиындықтар туғызғаны рас. Дегенмен, ауданда құрылыс саласы алғашқы қарқынын жоғалтқан емес. Жуық арада Әйтей ауылдық округіне қарасты «Өмірзақ» шағынауданында төрт пәтерлік 130 үй пайдалануға берілмекші. «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» бағдарламалары бойынша жүзеге асырылып жатқан шаралар тұрғындардың хал-ахуалын жақсарта түседі деп сенеміз. Ал «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынған 80 үй тұрмысы төмен отбасыларына сатып алу құқығынсыз тегін берілетін болады.

Шамалған ауылында жалгерлік негізде берілетін 20 үйдің құрылысы басталып кеткен. Мұның сыртында өз күштерімен салынып жатқан тұрғын үй құрылыстары қаншама?! Егер нақтылы цифрлармен айтатын болсақ, 9 айда атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 41 111,4 млн.теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 12,8 млрд.теңгеге артық орындалды. Демек, пандемия бұл салаға айтарлықтай кедергі жасады деуге негіз жоқ.

– Аудан халқының саны күн сайын артып келе жатқанына байланысты үшауысымды мектептердің мәселесі шешілмей отырғанын білеміз. Бұл бағытта қандай жұмыстар жасалып жатыр?

– Рас, табиғи өсіммен қатар бізде ішкі-сыртқы миграцияның салдарынан тұрғындар саны да көп. Бұл өз кезегінде мектептердегі бала санының артуына әкелетіні түсінікті. Осыған байланысты жыл сайын бірнеше мектеп салынады. Қазірдің өзінде ауданда бес мектеп пен үш жапсаржайдың құрылысы жүргізілуде. Қаскелең қаласында ғана 5 мектеп салу қажет болса, екеуінің құрылысы басталған. Біз үшін мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік маңызы бар нысандар салуға қажетті жер табу басты қиындыққа айналып отыр. Бос жатқан телімнің жоқтығына байланысты көпшілігін қомақты қаржыға жекеменшіктен сатып алуға мәжбүрміз.

Биыл Батан ауылында жаңа оқу ғимараты қолданысқа берілсе, «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінде, Үштерек ауылында мектеп құрылыстары басталып кеткен. Мұның сыртында Алмалыбақ, Іргелі ауылдары мен Жібек жолы бекетінде жапсаржай құрылысы жүргізіліп жатыр. Ал, алдағы уақытта Өмірзақ тұрғын үй кешенінде, Жармұханбет, Елтай, Долан және Бұлақты  ауылында орта мектептердің жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Білім шаңырақтарына күрделі жөндеу жүргізу, ғимарат ішінен оқушыларға оңтайлы  дәретхана салу да кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда.

– Сөзіміздің басында коронавирус пандемиясының халыққа әкелген зардабы жайлы айтқан едік.  Аудан осы індетпен қалай күресуде?

– Егер 100 мың  адамға шаққандағы көрсеткішке көз жүгіртер болсақ, облыс бойынша ең төменгі деңгейде екенбіз. Қызыл аймақта көбірек болған. Алматы қаласымен ауылымыз аралас, қойымыз қоралас жатса да бұл  індетпен күресте жетістігіміз аз емес. Аудан, облыс, республикалық бюджеттен қыруар қаржы бөлініп, тұрғындардың  денсаулығы мен өмірі үшін күрес жалғасуда. Шамалған ауылындағы провизорлық ауруханаға оттегі стансысы салынып, қосымша орындар жеткілікті мөлшерде ашылды. Ауруханалар қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіліп, дәрігерлер қатерлі дертпен күресте ерліктің үлгісін көрсетуде. Пандемияға байланысты карантин шаралары енгізілген кезде мемлекет тарапынан тұрғындарға берілетін қаржы уақытылы жеткізіліп, кәсіпкерлер мен еріктілер уақытпен санаспай халыққа қызмет жасады.

Біз ауруханаларға қолымыздан келген көмекті жасап келеміз. Мен өз атымнан 170 төсекті бүкіл керек-жарағымен сыйға тартқанымды айта кеткеннің айыбы болмас. Бүгіндері коронавирусқа қарсы екпе жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ауданда 115 713 (70,2 пайыз) адам екпенің бірінші кезеңін, 96728 адам екінші кезеңін алып үлгерді. Екпе жұмыстары 14 медициналық мекемеде, 9 жылжымалы егу пунктінде, 4 жеке медициналық орталықта жүргізілуде. Олар керекті жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген.

– Қазір барлық жерде тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі өзектілігін жоғалтпай келеді. Ал сіз жұмыс қолының тапшылығы жайлы айтып қалдыңыз.

– Жасыратыны жоқ, бізде бүгіндері жұмыс күшінің жетіспеушілігі сезілуде. Жаңағы аталған жобалардың бәрінде осы жай аңғарылады. Мысалы, ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында түрік ағайындар ашқан «Хамле» зауытына барғанымызда олар еңбек ететін маман тапшылығын айтты. Орта жалақысы 150 мың теңгені құрайтын, бару-қайту көлігімен қамтамасыз етілген, түскі ас пен жұмыс киімін тегін беретін кәсіпорында осындай мәселе туындап отырғанда, өзгелер жайлы не деуге болады? Зауыттағы 800 жұмысшының 300-ге жуығы ғана жергілікті тұрғындар көрінеді. Елтай ауылдық округінің аумағында ашылған ірі өндірістік мекемелер де осындай мәселеге жолығып отыр.

Ауданымыздағы жылыжайлар, жақында ашылған тұрмыстық техника зауыты да жұмыс қолының жоқтығын алға тартып отыр. Біліктілігін арттырып, шетелдерде тәжірибеден өткізу бағдарламасына қарамастан жерлестеріміз еңбек етуге салғырттық танытып келеді. Жалпы, аудандағы үлкенді-кішілі кәсіпорындардың бәрінде сырттан келіп істейтін жұмысшылардың үлес салмағы жоғары. Мына ресми деректерге қараңыз: жұмыспен қамту орталығына  4247 адам өтініш білдірсе, оның 2324-і ғана еңбекпен қамтылған. Қалғаны ұсынылған орындарды қабылдамаған.  Бұл жерде жергілікті тұрғындардың бар кәсіппен айналыспай, мемлекетке иек артып алғаны өкіндіреді.

– Елді мекендерді абаттандыру, қашықтан оқытуға байланысты ғаламтор жүйесін қалыптастыру қалай жүзеге асырылуда?

– Иә, оқушыларды қашықтан оқыту интернет жүйесіндегі кемшіліктердің бетін ашып бергені рас. Ауылдарымыз бір-біріне жақын орналасқанына қарамастан кейбір жерде интернетті пайдалану қиындық тудыруда. Бұл тікелей  «Қазақтелекомның» міндеті болғанымен, халықтың талабын ескеріп келеміз. Бұл тұрғыда біз мұнараларды орнатуға қажетті жер телімдерін қамтамасыз етуге күш салудамыз.  Жуық мерзімде бұл мәселе де шешімін табады деп сенеміз.

Елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі «Қаскелең су топтамасы» бағдарламасы жүзеге асырылғанда толықтай шешімін табатын болады. Көшелерді асфальттау, жаяу жүргіншілер жолын жасау, елді мекендерді жарықтандыру жұмыстары жоспар бойынша жүзеге асырылып келеді. Ауданда екі-үш жыл бедерінде Үшқоңыр, Қаскелең және Райымбек ауылдарында денешынықтыру-сауықтыру кешендері салынып, пайдалануға берілді. Оның сыртында ауылдарда  демалыс аймақтары, тұрғындардың спортпен айналысуына мүмкіндік беретін алаңқайлар, балалар алаңы  көптеп ашылуда. Жандосов, Жібек жолы, Әйтей елді мекендерінде мәдениет ошақтарын салу жұмысы қолға алынған. Күнделікті тұрмыс қажеттіліктерімен қатар халықтың рухани және мәдени дамуына да лайықты көңіл бөлініп келеді. Атқарылып жатқан жұмыстарды шағын ғана әңгімемізде толықтай қамтамасыз ету мүмкін емес.

Бір сөзбен айтқанда, пандемия қиындықтарына қарамастан аудан экономикасы қалыпты дамуда. Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы да алаң туғызбайды. Демек, бағыт-бағдарымыз дұрыс, алғы күнге деген сеніміміз зор.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан - Қуат ӘБІЛ

Қарасай ауданы

Алматы облысы