САРҚАНҒА ҚАШАН ГАЗ КЕЛЕДІ? ЖИЫН-ТЕРІННІҢ ЖАЙЫ ҚАЛАЙ? ӘКІММЕН СҰХБАТ

Уақыты: 19.11.2021
Оқылды: 948
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Сарқан өңірі тамаша табиғатымен, терең тарихымен тартымды. Әсіресе, туризм саласын дамытуға таптырмас өлке. Жасыл желекке малынған таулары қысы-жазы көркімен таңдандырса, Балқаш көлінің жағалауы туристерге ерекше демалыс сыйлайды. Аудан орталығы Сарқан қаласында да оң өзгерістер байқалып, халықтың әл-ауқаты артып келеді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы және өңірді дамыту жоспары жайлы аудан әкімі Талғат Қайнарбеков айтып берді.

– Талғат Қанатұлы, қазір күз аяқталып, қыстың келуіне де аз уақыт қалды. Демек, жылдың аяғына да аяқ бастық. Ауданның экономикалық көрсеткіші, жиын-терін, ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру жайы қалай?

– Пандемияның әсеріне қарамастан ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы оң нәтиже көрсетті. Ауылшаруашылық бойынша 9 айдың ішінде 44 млрд.216 млн.теңгенің өнімі өндірілді. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 7 млрд. теңгені құрады. Биыл себілген егістік көлемі 98 176 гектар. Себілген дәнді, майлы дақылдар толық жиналды. 3315 гектарға қант қызылшасы себіліп, «Ақсу қант зауыты» АҚ қант қызылшасын қабылдау жұмыстарын 1 қазаннан бастады.

Бүгінде 14 000 тонна қант қызылшасы жиналса, оның 13 450 тоннасы қант зауытына өткізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Ауа райының қолайсыздығына байланысты қалған 406 гектар алқаптағы тәтті түбір мал азығына жіберілмек. Өңірдегі мал саны жыл сайын артып, жоспар артығымен орындалуда. Айталық, қой-ешкі 139 508, жылқы 20 299 және құс 116 727 басты құрады.

Тоғыз айда 1 356,9 млн.теңгеге 65 бірлік ауылшаруашылығы техникасы сатып алынды. Ауылшаруашылығы өнімдерінің экспорты бүгінгі күнге 462,5 тоннаны құрайды. «AZIA GOLD» ЖШС 144,3 тонна дәрілік шөптерді Ресей, Түркия елдеріне, 185,8 тонна тарыны Германияға, ал «Димаш» ҚК 130,8 тонна сояны Өзбекстанға экспорттады. «Абдрахимова» шаруа қожалығы Қырғызстанға 1500 тонна бидай жіберді.

– Сізді халық Текелі, Қапшағай қалаларының әкімі ретінде жақсы танып, атқарған жұмыстарыңызға дән риза. Қапшағайдағы көл жағалауы керемет күйге еніп, демалушылар саны күрт артты. Сарқан ауданын қай жағынан алып қарасақ та туризм саласына лайықты өңір. Осы бағытта қандай жұмыстар іске асуда?

– Дұрыс айтасыз. Экономиканың дамуында туризмнің алар орны ерекше. Сарқан ауданы Көлсайдан кем түспейтін Жасылкөл, Алакөл секілді шипалы Балқаш көлінің жағалауында орналасқан. Көне шаһар Қойлық та осында. Қысқы спорт түрін дамытуға қолайлы тауы бар. Осы орайда Тополевка ауылынан Жалаңаш кордонына дейінгі 25 шақырым тас жолға қиыршық тас төсеу жұмыстарын 281 млн. теңгеге  жөндеу жоспарлануда. Аталған жол жөнделген жағдайда 4 жаңа, ұзақ мерзімді жобалар 620 млн.теңгеге жүзеге асып, 20 жаңа жұмыс орыны ашылады.

Бұл өз кезегінде тау туризмін дамытуға үлкен септігін тигізері сөзсіз. Турбазаға арналған үш жоспар бар. Бірінші жоба – Үлкен Басқан шатқалында, инвестор «Sadu Development» ЖШС, инвестиция көлемі 120 млн. теңге. Екіншісі, Жалаңаш шатқалында, инвестор «AQPANASSETS» ЖШС, инвестиция көлемі 350 млн. теңге. Үшінші жоба – Шолақ-жота шатқалында, инвестор «Sadu Development» ЖШС, инвестиция көлемі 100 млн.теңге. Төртінші жоба бойынша 50 млн.теңге инвестицияға этноауыл ашылады.

Балқаш көлі жағалауында ұзындығы 16,3 шақырым, жалпы ауданы 860 гектар жер учаскесіне 7 демалыс аймағын салу қарастырылған. Қазіргі уақытта инженерлік коммуникациялар желісіне арналған жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Жағалауға электр, ауызсу, кәріз желісі тартылмаған. Баратын жолы нашар.  Статистикаға сүйенсек, жыл сайын 100 мың адам ғана келеді. Ал Алакөл көліне келушілер саны миллионнан асты. Балқаш көлінде туризмді дамыту үшін алдымен су, электр тартып, жол салу қажет. Жобаның құны 5 млрд.теңге. Көріп отырғандарыңыздай, аз ақша емес. Сондықтан республикалық бюджеттен қаржы қарастыруға ұсыныс беріп қойдық. 2022 жылға құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге қаражат қарастыруға өтінім әзірленуде.

Бұл жобаны іске асырсақ, 2-3 жылдың ішінде инвесторлар демалыс орындарын, қонақүй салуға дайын тұр. Бірінші этап бойынша 400–500 мың адам қабылдауға қауқарымыз бар. Жаңа өзіңіз айтқандай, бұрынғы қызметім барысында қамыс басып жатқан Қапшағайдың жағалауын жасап едік, бүкіл Алматы сонда ағылды. Біз тек 1 шақырым жерді ғана жасадық, ал мұнда 16 шақырым. Енді көл жағалауының қалай өзгеретінін елестете беріңіз. Нәтижесінде балық ұстауға арналған жер, жастарға, балаларға, отбасылық және ересек адамдарға арналған демалыс орны, емделу-сауықтыру кешені, сондай-ақ, қысқа уақытқа арналған демалыс орындары ашылады. Ерекше және VIP демалыс аймақтары туристер қабылдайтын болады. Құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғаннан кейін 13 млрд. теңгеге инвестиция тарту және 7000 адамға жаңа маусымдық жұмыс орындарын ашу жоспарлануда.

Балқаш көлі жолдарының жөндеу жұмыстарына 2021–2024 жылдар аралығында 3 млрд.200 млн.теңге жоспарланған, биылға 200 млн.теңге бөлініп, жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

– Талғат Қанатұлы, Сарқан қаласында 1992 жылдан кейін көппәтерлі тұрғын үй былтыр ғана салынып бастады. Келешекте де осындай үйлер салу жоспарда бар ма? Сонымен қатар, көгілдір отын (газ) тарту жұмыстары бойынша да айтып өтсеңіз?

– Елу пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. 15 үш бөлмелі, 25 екі бөлмелі және 10 бір бөлмелі пәтерлер болады. Мердігер талдықорғандық «Golden City DS» ЖШС жұмысты жүйелі жүргізуде. Нысанның жалпы сомасы  505,630 млн. теңге.  Құрылыс жұмыстарының 90 пайызы орындалды. Оны желтоқсан айында қолданысқа беріп, қала тұрғындарын қуантамыз. 2020–2021 жылдар аралығында Сарқан қаласында 5 қабатты 60 пәтерлі 2 тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Қазіргі таңда жоба сараптамадан өткізілуде. Жоба құны 1,6 млрд. теңге. Тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары 2022 жылға жоспарлануда.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Сарқан қаласында 2 қабатты 20 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Мердігер «Golden City DS» ЖШС. Құрылыс жұмыстарының жалпы құны 296,53 млн. теңге. Ағымдағы жылға қарастырылған 45,021 млн. теңге қаражат толық игеріліп, құрылыс жұмыстарының 5 пайызы орындалды. Құрылыс жұмыстарын аяқтау мерзімі 2022 жылдың маусым айы. Алдағы уақытта осыдай тұрғын үйлерді салу арқылы жаңадан ықшамаудан ашу жоспарда тұр. Олардың аулаларын толық абаттандырып, балалар ойнайтын заманауи алаңдар саламыз.

Ауданға көгілдір отын (газ) тарту бойынша «Талдықорған-Сарқан» магистральдық газ құбырының жобалау-сметалық құжаттамасын «СПнефть» ЖШС әзірлеуде (302 км). Аудан аумағында 62,4 км.магистральдық құбыр және 2 тарату станциясын орнату жоспарлануда. Бүгінде жобалау-сметалық құжаттама әзірленді, алдын ала келісім жасалды, мемлекеттік сараптама жүргізу осы жылдың аяғына дейін аяқталады. Ал, құрылыс жұмыстарын 2022 жылы бастау жоспарлануда. Инженерлік, археологиялық және жер талдауы бойынша сараптама жүргізілді.

– Қазір мемлекеттік бағдарламалар арқылы көптеген жобалар іске асуда. Айталық, «Ауыл – ел бесігі», «Нұрлы жер», «Жұмыспен қамту жол картасы 2020-2021» секілді бағдарламар бойынша ауданда қандай жұмыстар атқарылды?

– Иә, мемлекеттік бағдарламалар арқылы көптеген мәселелер шешілді. Әсіресе, күрделі жөндеуді қажет ететін нысандар ретке келтіріліп, жаңа жобалар іске асты. Мысалы, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 54 жоба бойынша 2 млрд. 9 млн. теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 250 жұмыс орны ашылды. Бұл, әрине, жұмыссыздар санын азайтып, халыққа табыс табуға мүмкіндік ашты. Білім, мәдениет саласында жобалар жемісті іске асып, сумен жабдықтау, жылу жүйесі, абаттандыру бойынша ауыз толтырып айтар жұмыстар атқарылды. Талай жылдан бері жөндеу көрмеген Қарабөгет ауылдық Мәдениет үйі 265 млн.теңгеге қайта жаңғыртылып, онда 33 адам жұмыспен қамтылды. Қазір көптеген үйірмелер ашылып, концерттер қойылып, халық қуанып қалды. Ең бастысы, жастар бос уақытын тиімді пайдаланып жүр.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Екіаша орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарына 720 млн. теңге бөлінді.  «Ақмешіт-Мелиоратор» ЖШС қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 95 пайызын аяқтады. Сонымен қатар, барлық жаңа үлгідегі кабинеттердің, робототехника, ІТ кабинетінің, дефектолог кабинетінің, технология кабинеттерінің, асхана мен музыка кабинетінің жабдықтары толық жаңаланды.

«Еңбек» бағдарламасы бойынша республикалық және жергілікті бюджеттен  469 млн. 930 мың теңге  бөлініп, 398 млн. 427 мың теңгесі игерілді, қалған қаржы жыл соңына дейін игеріледі. Жыл басынан жұмыс іздеуші ретінде  тіркелген 1710 адамның 1657-і жұмыспен қамтылды. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша кәсіптік оқуға Сарқан политехникалық колледжәне 50 адамға жолдама берілді.

Қысқамерзімді кәсіптік оқуға 50 адам Талдықорған жоғары политехникалық колледжіне барды. Екінші бағыт бойынша «Бастау бизнес» жобасымен 154 адамға жолдама беріліп, оқуын аяқтады. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар бойынша 50 адамға 29 млн. 170 мың теңге бөлініп, олар бүгінгі күнге алған қаржыға машина және тұрмыстық жабдықтарды жөндеу орталығын, киім тігу ательесін, сән салонын, құс шаруашылығын, наубайхана, дәнекерлеу орнын ашты және мал басын, дүкенге қажетті тұрмыстық техникалар, дөңгелек жөндеу құрылғыларын сатып алды. Өз ісін ашуға және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлердің қызметін кеңейту үшін 29  адам  117 млн. 200 мың теңге шағын несие алды.

– Талғат Қанатұлы, қазір Алматы-Өскемен бағытында үлкен жол салынуда. Оның біраз бөлігі осы ауданнан өтеді. Аудан аумағында жол салу жұмысы қанша пайызға аяқталды?

– Бұл жол аудан, облыс қана емес, республикалық маңызы бар автожол. Себебі, ел экономикасын өрістетуге үлкен әсер етеді. Сарқан ауданына қарасты 57 шақырым жол, оның 16 шақырымына 2015–2018 жылдары қайта жаңғырту жұмысы жүргізілген. 41 шақырым жолына 2019 жылдан бастап қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын «Ситик Констракшен» ҚХР мердігері атқаруда. Аталған жол бөлігінің 80 пайыз жұмыстары аякталды, 2022 жылға үшінші асфальтбетон төсенішін салу және абаттандыру жұмыстары қалды. Жұмыс 2022 жылы толық аяқталады деп жоспарланған.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға үлкен сенім артуда. Жастар мен Еріктілер жылының ерекше аталып өткені соның айғағы. Осы орайда аудан жастарына жасалып жатқан жағдай қандай? Олардың бос уақытын тиімді пайдалану, спорттық нысандар салу секілді жұмыстар қолға алынған ба?

– Қазіргі таңда Сарқан ауданы бойынша 14-29 жас аралығындағы жастардың саны 10 353 адамды құрайды, оның ішінде 6 935-і ауылдық округте, 3 418-і қалада тіркелген. Ауданымызда жастар саясатын іске асыру мақсатында  аудандық жастар ресурстық орталығы жұмыс атқарады. Алдағы уақытта жастарға заманауи қызмет көрсету орталығын салу жоспарда бар. 2 волонтерлік ұйым: Сарқан гуманитарлық колледжінде «Жалынды жүрек», Сарқан политехникалық колледжінде «Мейірімді жастар» жастар қоғамдық бірлестігі жұмыс атқаруда. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында фитнес, коворкинг орталығы және шағын кинозалы бар. Сонымен қатар, жастардың құқықбұзушылығының алдын алу мақсатында әртүрлі бағыттағы іс-шаралар және рейдтік жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда жыл басынан бері жастармен бірлесе отырып 379 шара өткізілді.

Салауатты өмір салтын ұстану мақсатында жыл сайын бірқатар спорттық нысандардың құрылысы қарастырылады. Мысалға келтірсек, былтыр «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы аясында Алмалы, Бақалы, Көкөзек ауылдарында спорт алаңдарының құрылысы басталып, биыл толығымен аяқталды. Сондай-ақ, биыл Қойлық және Көктерек ауылдарында 9,2 млн.теңге қаражатқа стрит-воркаут ойын алаңдарының құрылысы жүргізілсе, Сарқан қаласында құны 62 млн.теңге қаражатқа Ы.Алтынсарин атындағы мектептің футбол алаңының құрылыс жұмысы жүргізілді. Одан бөлек, Қойтас табиғи паркінде алаңы 1500 шаршы метр болатын шағын футбол алаңының құрылысы аяқталуға жақын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан - Мәулен ӘНЕРБАЙ

Сарқан ауданы

Алматы облысы