ОБЛЫСТАҒЫ ЕҢ ҮЛКЕН АУДАННЫҢ ӘКІМІ МАҢЫЗДЫ ЖАҢАЛЫҚТАРЫМЕН БӨЛІСТІ

Уақыты: 11.12.2021
Оқылды: 1305
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Еңбекшіқазақ ауданы – Жетісудың құнарлы аймағы, байтақ өлке. Табиғи ресурстарға бай. Аудан аумағы Көкпектен Көктөбеге дейін, Түргеннен Ілеге дейін созылып жатыр. Бұл өңір шежіреге де кенен. Басқасын былай қойғанда, Алтын Адамның даңқы күллі әлемге жайылды. Аймақтың тыныс-тіршілігінде тілге тиек ететін мысалдар аз емес. Еңбекшіқазақ ауданының бүгінгі жайын «Жетісу» оқырмандарына паш ету мақсатында аудан әкімі Әлібек ЖАҚАНБАЕВ мырзамен әңгімелескен едік. Ол кісінің бұл қызметке келгеніне де жарты жылдың жүзі болды.

– Әлібек Әскербекұлы, сіз Алакөлден Алатауға әкім болып келген алғашқы кезеңдерде екі өңірден қандай ұқсастықтар мен қандай айырмашылықтарды байқадыңыз?

– Жетісудың бір шеті Алакөлмен көмкерілген. Атақты айдын Алматы облысы мен Шығыс Қазақстанды жалғастырып жатыр. Бұл өңір әлі-ақ дүркіреген демалыс аймағына, ақ кемелердің айлағына, яғни, қазақтың Антальясына айналатын шығар деп топшылаймын.

Еңбекшіқазақ ауданының да туристік базасы оңай емес, әлеуеті зор. Өңірдің ғажайып табиғаты келушілерді таңғалдыра баурап, тәнті етеді. Бір көрген жан оған қайта оралмаса көңілі көншімейді. Алып таулардың ортасындағы Есік көлінің қазіргі тұрпатының өзі керемет! Аршалар мен шыршалардың иісі жаныңды сергітеді. Салқын самал бойыңды жадыратып, сарайыңды ашады. Табиғаттың өзі кестелеген көркемдікті сөзбен суреттеу қиын. Оны тек көзбен көріп, әсеріне бөлену керек.

Түрген шатқалы жазда сән мен салтанаттан арылмайды. Жартастардан құлай аққан сарқырамалар қай елден кем?! Демалушыларға қызмет көрсететін мұндағы жеке кәсіпкерлер өз істеріне мығым. Сонымен қатар туған жердің қойнауы тұнған тарих. Тілін тапсаңыз таңбалы тастар сөйлейді. «Бұл жерде Алтын Адам өмір сүрген» дегеннің өзі біз үшін бренд! Демек, туризмді дамытуға негіздер көп.

Екі ауданның тағы бір ұқсастығы, тынымсыз соғып тұратын сар желі. Оны пайдалану арқылы жасыл экономиканы игеріп, электр энергиясын өндіретін стансыларды молайтуға болады. Алакөлдегі Жоңғар қақпасы, Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек аймағы пайдасын өзі ұсынып тұрған кеніштермен бірдей.

Үшінші ұқсастығы – ақындарының арыны мен дарыны дер едім. Тұманбай Молдағалиев пен Сәкен Иманасовтар соның басты дәлелі. Кітаптарын оқыңызшы, бірін-бірі толықтырып төгіліп тұр. Екі ақын біз сөз етіп отырған екі өңірдің түлегі. Тіршіліктерінде қос тарланның құшағы ажырамапты. Асыл ағалардың қаламгерлік сыйластықтары бәрімізді сүйіндіреді. Оны жас ұрпаққа өнеге мен үлгі ретінде ұсынамыз.

Ал ерекшелігі қандай дегенде мынаны айтқым келеді – Есік пен Түрген апортымен әйгілі. Шелектің жүзімінің даңқы алыс-жақын ағайынға жақсы таныс. Міне, осыларды жаңаша игеру жолында тың ізденістерге жүгінеміз.

– Аудан экономикасының өзегі – аграрлық сала. Осыған қатысты не айтасыз?

– Бізде аграрлық саланы қарқынды дамытуға мүмкіндіктер көп. Бәрін тиімді пайдалануға тырысамыз. Сөзім дәлелді болуы үшін мысалдарға тоқталайын. Биылдың 9 айында 117 миллиард 34 миллион теңгенің ауылшаруашылық өнімдері өндірілді.

Коронавирус індеті өршіген кезеңдерде құлашты еркін жазу оңай болған жоқ. Десек те, жоғарыдағы көрсеткіштің бұрнағы жылдың осы деңгейімен салыстырғанда 136,5 пайызға жеткені көңіл қуантады. Бұл сандардың арғы жағынан шаруа қожалықтарының жанкешті еңбектерін көруге болады.

Дала жұмыстары ауа райына, науқан кезінде жұмыла кірісетін жұмыс күшінің қуатына тәуелді. Биылғы жауын-шашынның азайғаны алаңдатпай қойған жоқ. Бірақ шаруалар істің ығын тауып сабырмен қимылдады. Нәтижесінде қарекеттерін берекетке ұластырды. Тамшылатып суарудың жаңа технологиясын меңгере алды.

Еңбек қарқыны ешқашан бәсеңдемейді. Жыл басынан бері 7 округте құны 5 миллиард 500 миллион теңге болатын 8 жоба іске асырылды. Атап айтар болсақ, 2260 басқа арналған 3 мал бордақылау алаңы, сыйымдылығы 3600 тонна жеміс сақтайтын қойма және 245 гектар жер теліміне интенсивті бақ отырғызылды.Нәтижесінде 105 тұрақты, 600 маусымды жұмыс орны құрылды.

Отызға жуық шаруа қожалықтары қолжетімді бағамен 2000 тонна жанар-жағар май сатып алды. Алты шаруашылық аграрлық несие корпорациясы тарапынан 181,1 миллион теңге көлеміндегі көмек қаржыға ие болды. Сонымен қатар, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Мониторинг жүргізудің арқасында 5 округте 95,1 гектар суармалы алқаптың және 21048,5 гектар жайылымның бос жатқаны анықталды. Ол туралы жер пайдаланушы тұлғаларға тиісті ескертулер жасалды. Аудан әкімдігі тарапынан қабылданған шаралар нәтижесінде 16 жер пайдаланушы меншіктегі 1594,3 гектар жайылым жерді қайта айналымға кіргізді. Жерге байланысты сараптамалар жасау одан әрі де жалғасатын болады.

– Қоғамның дамуы кәсіпкерліктің өркендеуімен ұштас. Бұл мәселе сізді қалай толғандырады? Олардың санын көбейтіп, сапасын арттыруға қандай ықпалдастықтар қажет?

– Нарықтық экономика мен еркін бәсекенің күш алуы кәсіпкерлікті жандандыруға тікелей байланысты. Сондықтан оны нығайтуға мүдделіміз. Байқап қарасаңыз жеке тұлға болуға аға буыннан гөрі жаңа буынның ынтасы жоғары. Жастар кәсіпкерліктің маңызын тереңдеп ұға бастады. Алтын уақытты ысырап жасамауға үйренді. Бұл – қуанатын үрдіс.

Қазіргі таңда ауданда кәсіпкерлердің саны 19195-ке жетті. Жыл басынан бері 9 округте 21 орта және шағын бизнес нысандары жаңадан жұмысын бастады. Берекетке бастайтын қарекетті мемлекет қолдауға дайын. Бизнес идеяларын іске асыру үшін 7 шағын кәсіпкерлік субьектілері 15,5 миллион теңге көлемінде мемлекеттік грантқа ие болды. Әрине, бұған қарап қаражатқа қол жеткізу оңай деп топшылауға болмайды. Кәсіпкер ең алдымен не істеп, не қоятынын бизнес жоспарында көрсетіп, ақиқатына көз жеткізіп жобасын қорғап шығуы керек.

«Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 73 жобаға 2 миллиард 733 миллион теңге бөлінді. Кәсіпкерге қойылатын талап та, ол орындауға тиісті шарттар да аз емес. Соны негізге алып «Бизнес бастау» жобасы іске қосылды. Бұл бойынша ағымдағы жылы 280 адамды кәсіпкерлік курсқа тарттық. Іскерліктің қыры мен сырын, заңдылықтарын, шеберлікке жету жолдарын үйретуді мақсат еттік. Кәсіпкерлік дұрыс басталса, оның арнасын кеңейтіп, жұмыс орнын бәсекеге қабілетті ұжымға айналдыруға болады. Азаматтардың қарым-қабілеті де ашыла түседі. Курс тыңдаушылары өздерінің нақты істерін теория мен практикаға тығыз ұштастырады деп сенеміз.

Аудан тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету маңызды мәселе. Ол – біз жоғарыда атаған бизнес жоспардың құрамдас бөлігі. Қазіргі таңда 2089 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Осы орайда бір нәрсені ерекше ескерген жөн, жақсы білім алған жан ешқашан жерде қалмайды. Жыл аяғына дейін жұмысқа тұрушылардың саны артуға тиіс деп болжаймыз.

– Сондықтан шығар, аудан аумағында құрылыстың қанат жаюы да қанағаттанарлық деңгейде екен. Осы саланың жай-жапсарына тоқтала кетсеңіз.

– Құрылыс деген сөздің ауқымы кең, үлкен ұғым. Оның мәнісі үй салумен ғана шектелмейді. Жол жөндеу, су құбырларын тарту, осы тектес саламен сан тарауға жалғасады. Бір-бірін толықтырып өңірдің ортақ келбетін қалыптастырады. Мемлекеттік жоспармен тиянақталған құрылыс жұмыстары тоқтаусыз жылжып, ойдағыдай нәтиже беруде.

Солардың ішінде адамдарға баспана беруді ерекшелеп айтар едім. Өйткені «үйі жоқтың күйі жоқ». Бүгінгі таңда 3516 адам үй кезегінде тұр. Олардың 912-і жетім балалар, 883-і бюджеттік сала қызметкерлері, 1130-ы халықтың әлеуметтік жақтан осал топтары, 589-ы көп балалы отбасылар. Осы мөлшерді жылдарға бөліп қарастырып, көпшілік талабын барынша қанағаттандыруға күш салып жатырмыз. Нәтижесінде әр жылдың межесіне лайық жоспарларды игеріп келеміз. Биыл да солай болмақ.

Мәселен 9 айдың ішінде 40,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның екеуі Есік қаласында, біреуі Шелек ауылында бой көтерді. Сонымен қатар келесі құрылысқа арналған сметалық құжаттарды тиянақты жасап, тиісті орындарға өткіздік. Ортақ табыстан Шелек өңірі де құры қалмайды. 120 отбасына жаңа үйге кіру қуанышы бұйыратыны анық.

Ауызсу мәселесі дұрыс жолға қойылып, өз шешімін табуда. Бұл ретте «Еңбекшіқазақ топтық су құбырының» құрылысы туралы ерекшелеп айтуға болады. Оның құрамында Есік қаласы және оған таяу 8 елді мекен бар. Жобаның құны 4 миллиард 476 миллион теңгемен бағаланып отыр. Қазірдің өзінде мұндағы құрылыс-монтаж жұмыстарының 60 пайызы игерілді. Су құбырының 39 шақырымы толықтай дайын болды. Олардың жасалуы, жаңа технологияға сай жабдықталуы қатаң қадағаланады.

Аудандағы демографиялық ахуал көңіл көншітерлік дәрежеде. Соның нәтижесінде балалар саны көбейді. Жаңа мектептер салу, бұрынғы нысандарды қосымша құрылыспен кеңейту мәселесі күн тәртібіне шықты. Жұмыстар жандана бастады. Соның бірнеше мысалына тоқталайын. Ташкенсаз, Қазақстан, Түрген, Достық ауылындағы мектептер жапсарлас құрылыстармен кеңейтілді. Қазақстан, Қызылшарық, Байтерек елді мекендеріндегі Мәдениет үйлері қайта жөндеуден өтті. Жаңарған нысандар ауылды ажарландырды, көпшіліктің игілігіне жұмыс істейтін ағарту ошақтарына айналды. Мен олардың бастыларына ғана тоқталдым. Бір сөзбен айтқанда, біз құрылыс алаңдарынан екпінді еңбектің құлаққа жағымды дүрсілдерін естиміз.

– Өңірге инвестиция тарту да оңай шаруа емес. Келістіру мен үйлестірудің қисынын іздейсіздер. Бұл жайындағы пікіріңіз қандай?

– Бүгінгі таңда ауданға тартылған инвестициялар көлемі 34 миллиард 217 миллион теңгені құрады. 2018 – 2021 жылдар аралығында 59 инвестициялық жоба аймақтық үйлестіру кеңесінен өтті. Жұмсалуға тиісті қаражат көлемі де көрсетілген. Оның мемлекет үшін де, өңір халқы үшін де пайдасы аз болмайды. Барлығы ақыл таразысына салынып, сараптамадан мұқият өткізілді. Біздің ендігі міндет – белгіленген межелерді біртіндеп бағындыру.

Биыл 16 жоба игерілді. Сол арқылы аудандағы ауылшаруашылығы, жасыл экономика, тау-кен салалары кәсіпкерлігін дамытамыз және жандандырамыз деген ойдамыз. Өйткені инвестиция өндірісті өркендететін негізгі факторлардың бірі.

Көркем табиғат, көгілдір өлке туризмге сұранып тұр. Алатау аясы саяхаттаушылар мен демалушылардан арылмайды. Көзін тапса бұл саланың пайда әкелетін әлеуеті мығым. Жоспарларыңыз қандай?

– Қазақстандағы ірі мегаполис Алматы іргемізде. Қала тұрғындары ішкі туризмді өрістетуге айтарлықтай ықпал жасайды.Тағы да қайталап айтайын, айнадай жарқыраған атақты Есік көлі, тұмса табиғат, тұнған қазынасымен көз тартатын Түрген шатқалы, өрімен және төрімен дараланған Асы жайлауы, жан-жағы жасыл бояуға малынған Бартоғай су қоймасы, әлем ағаштарын алдыңызға әкелетін дендробақтар жанның нағыз саясы. Таңбалы тастар, тарихи археологиялық ескерткіштер өз алдына бір тақырып, әсерлі әңгімелердің арқауы. Ауданда 4 музей бар. Есікте – Алтын Адам, Ақшиде – Дәркембай Шоқпарұлы атындағы қолөнер орталығы, Шелек пен Есікте – өлкетану музейлері тұр. Бәрі терең мазмұнмен, мол жәдігерлерімен келушілерге сыр шертеді.

Туристерге сервистік қызмет көрсету мәдениетін жетілдіруге барынша ден қойдық. Оның еуропалық талапқа сай өріс алуын дәстүрге айналдырсақ деген мақсаттамыз. Су туризмі бойынша «Рафат Сервис» ЖШС, балық өсіруге бейімделген «Stetson Pancho» ЖШС заманауи жаңа жобаларды батыл қолға алды. Аудан әкімдігі облыс әкімдігімен бірлесе отырып Есік көлінің аумағын кешенді дамытуға назар аударды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы идеологиялық ұстаным. Танымды тереңдетіп, ұлттық иммунитетті күшейтуге арналған стратегиялық жоспар. Бұл іске қосқан үлестеріңіз қандай?

– Қазақтың тамыры тереңде жатыр. Көне жұрт, көне халық. Бұл аксиоманы шетел тарихшылары да мойындайды. Байтақ жері, бақуатты елі бар. Өзіндік дәстүрі берік қалыптасқан. Тәрбиесі өзгермейтін ережеге айналған. Ендеше бүгінгі ұрпақ соған лайық болуға тиісті. Ұлы дала құндылықтарын ардақтауға тиістіміз.

Сондықтан атадан қалған халықтық мектепті пайдамызға жаратып, оны жасампаздықпен жалғастыруға міндеттіміз. Тәуелсіздік бәрімізден осыны талап етіп отыр. Рухани жаңғыру – рухтың күшеюі. Өшкенді жағып, жоғалтқанды табудың шарты. Ол – қазына, намыстың қайрағы. Асыл мұра қалдырған бабаларға айтар алғысымыз зор.

Ауданда өтетін барлық ағарту шараларын рухани жаңғырудың мақсат-мұраттарына бағыттадық. Оны санап шығудың соншалықты қажеті бола қоймас. Дегенмен, бір-екі жайды тілге тиек етейін. Есік қаласындағы Жамбыл атындағы саябақты жаңаша жасақтадық. Мұндағы өтетін мәдени шаралардың отансүйгіштікке үндегенін қалаймыз. Орталықтағы Керей-Жәнібек ескерткіші де ерекше күтімге алынды. Айналасын абаттандырдық. Жастардың кімді не үшін қадірлеу керектігін білгені өте қажет.

Рухани жаңғыру – кемелдікке бастайтын ұлттық үрдіс. Өткен мен бүгінді жалғастырудың өркениеттік әдістері. Жақсы мен жаманды ажырата алудың кепілдігі. Қабілетті және қайсар ұрпақты өсіріп шығарудың жаңашыл жолы. Біз бұл бағдарламаны көпшілікке осылай ұқтырамыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен - Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы